БЕЙНЕКАМЕРА БӘРІН КӨРЕДІ

Алдарындағы қаз-қатар тізілген бейнемониторлардан барлық қозғалысты тайға таңба басқандай көріп отырған Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығының қызметкерлері бүгінгі күннің тым жауапты екенін жақсы біледі. Сондықтан да, ерекше ыждағатты, мұқият көрінеді.

 

Барша әлем асыға күткен ғажайып мезет – Жаңа жылды қарсы алу сәті, әрине, оларды да айналып өтпейді. Сағат тілі он екіні соққанда олар да жүздері бал-бұл жанып, бір-бірін құттықтап жатады. Қала көшелеріндегі қозғалысты кірпік қақпай жіті қадағалап отырған қырағы көздерге қуаныш ұялайды. Бірақ, ешқайсысы да алдарындағы самсаған компьютерлерден ұзап кете алмайды. Болмайды! Жұмыс!

 

– 2007 жылы енгізілген жедел басқару орталығы жүйесі бүгінде өзін ақтады деп айтуға толық негіз бар. Соның арқасында, қалада жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай азайды. Сонымен бірге, көшеге орнатылған бейнекамералар тұрғындардың сана-сезімін арттырып, мәдениетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізді деп айта аламын. Бұрын аялдамаларда түкіріп, темекі тұқылын, қолындағы қоқысты кез келген жерге тастап, лақтырып жүре беретін азаматтар енді ондай өрескел қылықтарынан тыйыла бастады,-дейді орталықтың басшысы, подполковник Рауан Мусин.

Айтса айтқандай, монитордың бірінен шылым шегіп тұрған бір топ ер адамның әр қимылы анық көрінді. Қажет болған жағдайда, олардың бет-әлпетін үлкейтіп қарауға да болады. Әдептілікті біртіндеп дағдыға айналдырған жігіттер темекі тұқылын қоқыс жәшігіне мұқият салып, жөндеріне кетті.

Кенеттен көлік жолын белгіленбеген жерден кесіп өткен жаяу жүргіншілер көзге түсті. Артық қадам жасауға ерініп, көшенің кез келген тұсынан жүгіріп өте шығуға бәріміздің де құмар екеніміз жасырын емес. Солай жасаймын деп бірінші жолы ескерту алып, екіншісінде айыппұл төлегендер де бар.

Қазіргі таңда қала көшелерінде 26 бейнекамера орнатылған. Алдағы уақытта 195, келесі жыл ішінде тағы 135 камера орнату көзделген. 2014 жылы «Қауіпсіз аула» бағдарламасына сәйкес мектеп, балабақша, тұрғын үйлер мен жазасын өтеу мекемелерінің маңайы түгелдей «қырағы көздермен» қамтылмақ. Бұдан басқа орталық басшысы кейбір тұрғындардың үйлеріне өз бетінше бейнекамера орнатуын оң шешім ретінде бағалады. Себебі, қауіпсіздік қашанда басты орында тұруы тиіс. Сондай-ақ, жеке үйлердің камерамен қамтылуы криминогендік ахуалды жақсартуға сеп болатыны анық.

ҚІІБ жедел басқару орталығында барлығы 63 адам қызмет атқарады. Олардың ішіне үш ауысым бойынша бейнекамераларды қадағалайтын мамандардан басқа, кезекші бөлім мен қосалқы мамандар кіреді. Бейнежазбалар үш жылға дейін серверлік қатты дискіде сақталады.

– Күніне орта есеппен 65-75 құқықбұзушылық тіркеледі,-деген Аида Исламова 12 бейнекамераны бір мезгілде бақылап отыр. Бейнекамералар саны көбейгенмен, штат кестесіне өзгеріс енбейтіні оны еш қобалжытпайды. Өзінің де, әріптестерінің де техника санына қарамастан бәріне үлгеріп, абыройлы еңбек ете беретініне сенімді.

Біз барардың алдында ғана осы орталықтың жіті жұмысының арқасында адасып қалған сәби табылып, бір отбасы қуанышқа бөленіпті. Жедел басқару орталығы басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Хасан оқиғаның «Дина» базарында орын алғанын айтады. Анасынан аяқасты көз жазып қалған бала жүріп-жүріп, көшеге шығып кетіпті.

Көтерер жүгі мол, жауапты қызметті атқарудың өзі – біле-білгенге үлкен сенім артылып отырғанын аңғартса керек. Сол себепті, бейнемониторлар алдына кемінде үш жылдық тәжірибесі бар, жақсы жұмысымен көзге түскен, ысылған мамандар жіберіліп, олар Алматы мен Қарағанды қалаларындағы ішкі істер академиясында біліктіліктерін арттыру курстарынан тұрақты өтіп тұрады.

Құралай Қуатова,

Суреттер Ерлан АлтыбаевТІКІ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз