ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА – ҚЫРАҒЫ НАЗАР

kazunaМедицина мамандарын тұрақтандыру үшін аудандарда үш үй салынады. Атырау қаласында дәрігерлерге арнап жатақхана тұрғызылады. Бұл туралы аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста онколог, маммолог мамандар дайындық курстарынан тұрақты өтіп отыр. Алға қарай хоспис ашу жоспарда бар. «Ана мен бала саулығы үшін санитарлық авиация жұмыс істеуде. Мұның барлығы өмірді ұзартуға ықпал етеді, өлім көрсеткішін азайтуға сеп болады деп отырмыз» деген ол депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалдар негізінен балаларды оңалту орталықтарының жұмысы, емделушілер жағдайы, жедел жәрдем, дәрігерлердің әлеуметтік ахуалы турасында өрбіді. Бұл орайда пікірін білдірген депутат Әлия Бекқожиева «денсаулық сақтау саласында қаржы мәселесі шешілген деп есептейміз. Бірақ, медицина қызметкерлері тарапынан әлі күнге халыққа жоғары деңгейлі қызмет көрсетілмей келеді. Білікті мамандар жеке клиникаларға кетіп жатыр. Оларды қайтаруға жұмыстану керек» дей келіп, бұл салаға бөлінген қаражатты мақсатты жұмсау туралы ұсынысын жеткізді.
Күн тәртібінде қаралған кезекті мәселе бойынша фракция жетекшісі Саламат Дүйсенғалиев хабарлама жасады. «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысына тоқталған ол «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Балапан», «Ақбұлақ» бағдарламаларына бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін 63 партиялық бекет құрылғанын айтты.
Сессия барысында сондай-ақ, Тексеру комиссиясының төрағасы ауысты. Бұл жөнінде хабарлама жасаған облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов аталған комиссия төрағасы Нұржан Мұхамбетқалиевтың өз өтініші бойынша қызметтен босатылғандығын айтып, бос орынға бұған дейін бірқатар жауапты лауазымдарда болған Марат Мұрзиевтің кандидатурасын ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Облыс өмірі үшін маңызды өзге де мәселелер қаралған сессия соңында аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке сөз берілді.
Өңірге жұмыс сапары барысында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтағы жұмыстарға оң баға бергендігін айтқан облыс әкімі «Мемлекет басшысы облыста жүзеге асып жатқан инновациялық жобалармен танысты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамамды тыңдады. Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон ел Президентімен бірге Қашағанда болып, өндіріс орындарының ашылу салтанатына қатысты. Екі елдің іскер азаматтары жүздесті» деп атап өтті. Бұдан әрі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыс әкімі «139 мың шаршы метр 46 үйдің құрылысы қарастырылып отыр. 19 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Соның ішінде 234 пәтерлік 5 үй жас отбасыларға, баспана кезегінде тұрғандарға беріледі» деді.
Жұмыссыздықпен күрес қашанда өзекті. Бұл орайда облыс әкімі өңір бойынша жұмыссыздық көрсеткішінің 5,1 пайыз екендігін айтты. «Қашағаннан босағандар үшін кезекті жұмыс ұсынылады. Басқа мамандыққа оқимын деушілерге де мүмкіндік жасалады» деген облыс әкімі бұл мәселенің назардан түспейтіндігін жеткізді.
Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі де әлі күнге «жыр» болып келеді. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов балабақшамен қамту көрсеткіші 55 пайыз екендігін айтты. «Бұл мәселеде республика бойынша 9-шы орындамыз. Бүгінде 1085 орындық бес балабақша құрылысы жүруде. Биыл 4230 орындық 17 балабақшаның құрылысы басталады» деп атап өткен ол азық-түлік қауіпсіздігінің де басты бағыттардың бірі екендігін жеткізді.
Егін алқаптарының биыл едәуір ұлғайғандығын айтқан облыс әкімі «былтыр көкөніс 300 гектарға егілген болса, биыл көкөніс егілген алқап 1600 гектарға жетті. Картоп 7 га-ға егілсе, енді 900 га көлемге егіліп отыр» деп, олардан алынған өнімнің 26 қоймаға сақтауға жөнелтілетіндігін мәлім етті. Одан әрі облыс әкімі бүгінде 34 инновациялық жобаның жүзеге асырылып жатқандығын, алдағы міндет – нәтижелі іс атқару екендігін жеткізді.
Айта кетерлігі, облыс әкімі бұл жолы мәслихат сессиясына өтінішпен келіпті. Білім беру саласының еңбек сіңірген ардагері, Жылыой ауданының тұрғыны Рая Жақыпованың ұлы Саламат Далбаев апатқа ұшырап, бүгінде ауыр халде төсек тартып жатыр. Жағдайы ауырлай түскен азамат орталық дәрігерлерінің көмегіне жиі жүгінуге мұқтаж. Осыған орай Жылыой ауданының әкімі облыс басшысынан науқастың анасы Рая Жақыпованың білім саласына сіңірген еңбегін ескеріп, Атыраудан үй беруді сұрапты. Жағдайды жеткізген облыс әкімі депутаттардан Саламатқа пәтер беру жөнінде мәслихат шешімін шығаруды сұрады. Нәтижесінде депутаттар жағдайы мүшкіл жігітке қала ішінен екі бөлмелі пәтер беретін болып шешті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз