«АТЫРАУДЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ»

бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкіндігін көрсетті
Халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, тұтынушылардың талабын қанағаттандыру, бағаны тұрақтандыру мақсатында елімізде отандық өнімдер жәрмеңкесін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осы мақсатта қаламызда «Атыраудың үздік тауары» жәрмеңкесі өткізілді. Өнеркәсіп, азық-түлік тауарлары және қызмет көрсету саласы бойынша ұйымдастырылған көрмеде отыздан астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Тауарлар көрмесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып, онда қойылған өнімдермен танысты.

– Бұл көрме-конкурс өнімнің сапасын арттыру және бәсекеге қабілетті тауар өндіру үшін маңызды болып табылады. Қазақстан нарығының жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнімдерін толықтыру және ішкі нарықтық отандық өнімдердің үлесін көбейту болып саналады. Сонымен қатар, бірыңғай кедендік кеңестікте басымдылық береді. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесіне Атырау облысынан елуден астам үздік кәсіпорын қатысты. Олардың кейбірі «Алтын сапа» республикалық көрме-конкурсына қатысты. 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесінде «Брандо» ЖШС бірінші орынды иеленді, ал 2012 жылы «КазНИГРИ» ЖШС «Алтын сапа» көрмесінің лауреаты атанып, Елбасының арнайы марапатын алды.
Бүгін «Атыраудың үздік тауары» көрме-конкурсына облысымыздың үздік отыз бес кәсіпорны қатынасып отыр. Шағын және орта бизнес өкілдерінің осындай көрме конкурстарға қатысуы – еліміздің экономикасының әрі қарай өрлеуіне, бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады, – деген Ғұмар Ислямұлы көрме қатысушыларына табыс пен сәттілік тілеп, көрмені ашық деп жариялады.
«Атыраудың үздік тауары» көрме-конкурсының дәстүрлі лентасын Ғұмар Дүйсембаев пен өткен жылғы «Атыраудың үздік тауарының» жүлдегері Жексенбай Кенжеғалиұлы қиды.
«Атырау» спорт кешенінде ұйымдастырылған отандық өнім жәрмеңкесінде тұтынушылардың қолжетімділігі байқалып, қызу сауда-саттық жасалды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, аталған жәрмеңкенің бағаны тұрақтандыруға жақсы септігі тиеді. Қала тұрғындары бұл жерден қажет еткен өнімін төмен бағамен сатып алады. Жыл сайын сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс сөрелерге қойылатын болса, биыл құрылыс, канцеляриялық тауар мен химиялық өнімдер де халыққа ұсынылып отыр.
Елімізде алғаш рет құрамында фосфаты жоқ, экологиялық таза кір жуғыш ұнтағын шығарған Құрманғазы ауданындағы «Кибаев» ЖШС-нің өнімдері де бұл жәрмеңкеде қойылды. «Айнадай» атты ұнтақты сатушы Виктория Ыдырысова ұнтақтың тұтынушыларға ұсынылғанына бір ай болса да, халық сапасына таңданыс тудырып, бірден екі-үш қораптан сатып алып отырғанын айтады.
– Бір айдың ішінде 1000 дана қорап ұнтақ сатылды. Әрине, қазір дүкендерде ұнтақ жеткіліксіз емес. Сондықтан, біз өнімімізді экологиялық таза тауар етіп шығардық. Бұл ұнтақпен жаңа туған баланың да киімдерін жууға болады. Ешқандай аллергия тудырмайды. Қазірге ұнтақ цехында үш қызметкеріміз бар. Олар денсаулығына байланысты екінші топтағы мүгедектер болса да, жұмысына тиянақты. Әзірге «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жалақы төленіп отыр. Біз осы кезге дейін мүгедектігіне байланысты жұмыс таба алмай отырған жандарды да қызметке тартқымыз келеді. Алдағы уақытта ұнтақтың ішіндегі кейбір қоспасын арнайы химиялық зерттеулерден өткізіп, кәдімгі өз жеріміздегі шикізаттардан сұйық сабын жасауды ойластырдық, – дейді сауда өкілі.
Көрмедегі сан салаға қажетті техника мен азық-түлік тауарлары, киім-кешек және басқа да көптеген бұйымдардың арасында «Зекет» ШҚ-ның өндірген қоян еті, құрманғазылық «Каспиан фиш» ЖШС өндірген балық өнімдері де болды.
«Полифасад-Атырау» ЖШС-нің бас директоры Ғаділбек Оразов бізбен әңгімесінде, тауар өндірушілерге мұндай мүмкіндік жасап отырған Елбасына, облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Бұл кәсіпорын құрылыста қолданылатын плиталар шығарумен айналысады.
– Бүкіл құрал-жабдықтар Украинадан әкелінген. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап, Украина елінен өнімімізге патент ала бастадық. Бүгінге дейін жеті мың текше метр плита сатып үлгердік. Цехта он қызметкеріміз бар. Өнімдеріміз қала базарларында сатылады, – дейді ол.
Жиналған жұрт көрмеге қойылған заттарды тамашалап қана қоймай, өздері қалаған тауарларын сатып алды. Әсіресе, «Атырау – Сауда» ЖШС-нің тағам өнімдерін бағалаушылар көп болды. Аталған жеке шаруашылықтың сүт цехы операторы Ақмарал Елеусінованың айтуынша, алдағы уақытта цехта құс етін де шығару жоспарланып отыр. Бүкіл Жылыой ауданы мен қаланың кейбір халқының көңілінен шығып келетін өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда, әлдеқайда арзан.
Отандық өндірушілердің бәсекелестігін арттыру, тұтынушылардың қазақстандық өнімдерге деген сұранысын ұлғайтуды мақсат тұтқан көрме-конкурсқа облысымыздың жеті ауданынан және қаладан келген өкілдердің өнімдері сапасы жағынан бір-бірінен асып түседі. Айта кету керек, бұл көрмеде үздік шыққан жергілікті тауар өндірушілері биылғы жылдың қыркүйек айында белгілі болады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз