АЛҒАШҚЫ ТАУАРЛЫ СҮТ ФЕРМАСЫ

Басты жаңалық

Жобаның бастамашысы аталған ЖШС мен «Атырау» ӘӘК ҰК» акционерлік қоғамы болып табылады. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме-«Атырау Инждорстрой» ЖШС екенін білдік. Құны 2 млрд. 360 мың теңгені құрайтын осынау кешенді жоба ойдағыдай іске асып, игілікке берілген кезде мұнда тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт сауылады деп есептелінуде. Бұл жоба толық қуатында жұмыс жасаған уақытта қала халқының сүт пен сүт өнімдеріне сұранысын 30 пайызға дейін қанағаттандыруға мүмкіндік туады.
Негізінен үш кезеңнен тұратын нысан құрылысы бұл күндері бекітілген жоспар-кестеге сай жүргізіліп, белгіленген іс-шаралар жүйелі түрде атқарылуда. Болашақта аналық және еттік бағыттағы сиырлардың өнімділігі мен өнім сапасын арттыру үшін қажетті құнарлы азық пен жемшөп қорын да осы жерден жасақтаудың жағдайы да ойластырылған. Сол мақсатта селолық округ аумағынан әдейі жер бөлініп, оларда жүгері мен жоңышқа тұқымдас көпжылдық шөптерді өсіру, сонымен қатар көлтабанды алқаптарды, оларға су айдап, шығаратын каналдарды қалпына келтіру жоспарланған. Осы орайда ойға алынған шаруалардың біразы қазірдің өзінде оңғарылған.
Бейбарыс селосында ұйымдастырылған шараға келген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мен оған жиналған жұртшылық өкілдерін «Первомайский» ЖШС директоры Аманжол Есқараев тұңғыш бой көтергелі отырған тауарлы сүт фермасының жобасымен таныстырды.
Алғашқы сөз кезегі аймақ басшысына жолданды. Өз кезегінде облыс әкімі тұтастай алғанда, жоғарыда аталған үдемелі индус-триялдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бір ғана ауыл шаруашылығы саласында үстіміздегі жылы жалпы құны 1 триллион 34 млн. теңгеге бағаланатын бірнеше ондаған жобаның қамтылғандығын жеткізді. Солардың арасында бірі де бірегейі деуге тұрарлығы осы ферма болып табылатынын айтты. Сондықтан да бүгін өзі де куәсі болып отырған оқиғаның ертеңгі күні елге қуаныш сыйлайтынына, халыққа ырыздық-несібесін, шаруагерлерге қайтарымын беретін жобаның ойдағыдай орындалып, күткендегідей нәтиже беретіндігіне тілеулестігі мен сенімділігін білдірді. Мұның сыртында ешкі сүтін өндірістік жолға қою, көкөніс пен бау-бақша егістігінің көлемін көбейту, әсіресе, картоп дақылы мен жеміс ағаштарының алқабын ұлғайтуға бағыт ұсталынғанына да назар аударды. Басталған іске сәтті қадам тілеп, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
Келесі сөз кезегін еншілеген шаруашылық жетекшісі Аманжол Есқараев Бақтықожа Салахатдинұлының атына ризашылығын арнап, мердігер мекеменің өкілдеріне рахметін жолдады. Келешекте ауылдарының біразы осы жерден жұмыс тауып, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға сүбелі үлестерін қосатындықтарына сенімі барлығын да жасырмады.
Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Первомайский» ЖШС директоры Аманжол Есқараев жаңа кешеннің алғашқы кірпішін қалады.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған