Бүгінгі күннің батырлары

851c2f0c ffe1 49a6 8c1d 4c7767374ed6 Қоғам

Құтқарушы – өмірі қатерге толы мамандықтың бірі. Ол су тасқыны, өрт, түрлі апат пен қарапайым тұрмыстық жағдайларда орын алған тосын оқиғада бірінші болып жәрдем береді. Осы орайда адам жанын аман алып қалу үшін басын бәйгеге тігетін батырлар қаншама! Бүгін осындай сәтте жұмысында сыналған сала кейіпкерлері туралы айтамыз.

Рафаэль ЗАКИРОВ – өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің құтқарушысы. Қызмет барысында өзін орындаушы, адал маман ретінде танытты. Атап айтқанда, бірнеше рет қала аумағындағы орын алған ірі және күрделі өрттерді сөндіруге қатысып, адам өмірін сақтауда және тұрғындардың дүние-мүліктерін аман алып қалуда бар күш-жігерін салып іс-әрекет жасады.

Биыл 20 қаңтарда болған оқиға туралы еске түсірейік… Қаладағы Абдрахманов көшесінде орналасқан үйдің кіреберісінің бірінде қатты түтін шығып жатырғандығы туралы хабарлама түсті. 

Оқиға орнына Атырау қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы бірінші келіп жетеді. Олар бірінші және екінші қабаттағы электр қалқанының өртеніп жатқанын анықтайды. Қою түтіннен көзді ашу мүмкін емес еді.

-Тұрғындар шығып үлгерді. Алайда пәтердің бірінде егде жастағы әйел мен балалардың қалып қойғандығыбелгілі болды. Сондай-ақ үшінші қабаттағы балконда көмекке шақырған адамдарды көрдік. Қара түтін бүкіл баспалдақ бойына жайылып кеткен, сол себепті де пәтерден шығу мүмкін болмады. Зардап шегушілердің бойын үрей басып, қатты қобалжи бастады, – дейді бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Рафаэль Закиров сол күнді еске түсіріп.

Дереу үшінші қабатқа үш иінді саты  орнатылып, Р.Закиров жеке құраммен бірге зардап шеккендерді эвакуациялауға кіріседі. Үш иінді сатының  көмегімен балаларды қолына алып, қауіпсіз жерге көшірген. Содан кейін әріптестерінің көмегімен ересек әйелді қауіпсіз орынға шығарды. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады.

Осылайша, Рафаэль Закировтың үйлесімді әрі жедел іс-әрекетінің арқасында өрт ауыздықталып, қайғылы жағдайдың алдын алады.

Келесі кейіпкер – Мухаммад ШУЛЕНОВ. Ол жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің құтқарушысы. Қызметке орналасқанына бір жыл болса да өзін тәртіпті және білікті маман ретінде көрсетті. Негізгі міндеті – адамдарды судан құтқаруға белсене қатысады. Қызмет бабында болған жағдай соған дәлел.

Жаймашуақ жазды күні болатын. «Атырау» дене шынықтыру сауықтыру кешені аумағындағы жағажайда құтқарушылар М. Шуленов пен Т. Избулов кезекті рейдтік шараларды жүргізіп, аумақты шолып жүрген еді. Кенет судағы арнайы белгіленген аймақтан асып, суға батып бара жатқан екі жасөспірім қыз көрінді. Құтқарушылар дереу қайықпен оларға қарай бет бұрады.

-Жағдайға байланысты батыл және тез әрекет ету керек. Осы  оймен бірден суға секірдім. Суға батып бара жатқан жасөспірімдер бір-бірінің қолын мықтап ұстап алған. Біреуі су бетінде қалқып тұрса, екіншісі әлсізденіп су астына кетіп бара жатқан болатын. Ойланып тұратын уақыт жоқ, бар ойым қыздарды құтқару болды. Шалт қимылмен біреуіне қолым жетті, ал бос қолыммен су астына батып бара жатқан екінші қызды да ұстап үлгердім, – дейді батырымыз.

580df6a3 0b68 45ee 9163 aea46fcfed23

Құтқарушылардың жұмыла жүргізген жұмыстарының арқасында зардап шеккендер қайық бортына көтерілді. Осылайша, құтқарушылардың, соның ішінде М.Шуленовтың жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында екі жасөспірім дін аман.

Ал, екінші жағдай да осы жағажайда болды. Өзен жағасында демалыс ұйымдастырмақ болған жасөспірімдер жалға катамаран алып, серуендеуге шығады.  Онымен су көлігінен ақау шығып, отырған катамарандары «Атырау» шипажай маңына қарай ығып кетеді.

Жедел құтқару жасағына келіп түскен дабыл бойынша құтқарушылар оқиға орнына жетіп, Жайықтың ортасында суға батып бара жатқан катамаранды сүйреп жағажайға шығарды.

Міне, бүгінгі күннің батырлары іспетті құтқарушылардың еңбегі ерен екені анық. Олардың адам өмірінің арашасы болған ерліктеріне тәнті болып, мерейі үстем, мәртебесі биік болсын деп тілейміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз