
Жылыойлық шаруа қожалығы атыраулықтарды сапалы шұбатпен қамтамасыз етуде
Қарағай ауылының маңында орналасқан «Санат» шаруа қожалығы 200 түйе мен 40 тайлақ ұстайды. Мұнда шұбат өндірумен бүкіл отбасы айналысады.

Бүгінде жылыойлық шұбаттың дәмі мұнайлы астананың тұрғындарына жақсы таныс. «Санат» шаруа қожалығының сүт өнімдері ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінде, сондай-ақ үй маңындағы дүкендер мен супермаркеттерде сатылуда.
Шұбат Жылыой ауданының Қарағай ауылында өндіріледі. Түйе сауу жұмысымен келіндер айналысса, ал шұбат дайындауды қожалық басшысының жұбайы Жаз Шүңгілова жүргізеді. Әйелдердің жұмысы таңғы сағат 5-те басталады. Таңғы сауында 40 литрге дейін сүт алынады, содан кейін одан ең дәмді шұбат дайындалады. Дайын өнім Атырау қаласы мен Жылыой ауданының ауылдарына жеткізіледі.

«Санат» шаруа қожалығының өкілі Бейбіт Мұхтаровтың айтуынша, жаз мезгілінде шұбатты сақтау қиынға соғады. Сол себепті кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Таңдау» жобасына қатысу туралы шешім қабылданған.
-Барлық қажетті құжаттарды жинап, «Таңдау» жобасына өтінім бердік. Грантты жеңіп алдық. Алынған қаражатқа күн электр станциясы мен тоңазытқыш жабдықтарын сатып алдық. Сондай-ақ дайын өнімді сақтауға арналған арнайы орын дайындадық. Енді біздің шұбат ұзақ уақыт балғын қалпын сақтайды, – деді Бейбіт Мұхтаров.

Айта кетейік, биыл Жылыой ауданының 44 кәсіпкері «Таңдау» жобасы арқылы қаржылай қолдау алды. Бағдарлама «Еуразия Орталық Азия» қоры және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.