
Жолындағыны жайпап жүретін жәндік
Өсімдіктің ең қауіпті жауы саналатын шегіртке тұқымдастармен күрес – қай кезде де маңызы жоғары, сылбырлық пен босбелбеулікті көтермейтін, жайбасарлықты кешірмейтін жұмыс. Сол себепті де оған мемлекеттік деңгейде зор мән беріп, жоспарлы іс-шараны кешіктірмей іске асыру үшін қазынадан қомақты қаражат бөлінеді. Басты мәселе – сол қаржының өз мақсатына жұмсалып, тиімділігіне қол жеткізу.
Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде де осыған айрықша назар аударылды. Премьер-Министр Олжас Бектенов мүдделі құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.
Жартылай шөлді-шөлейтті аймаққа жататын Атырау облысында да мұның мән-маңызы өте жоғары. Қанатты зиянкестермен күрес бағытындағы жұмысты ұйымдастырып, орындалуын бақылау мақсатында құрылған өңірлік штабтың кезекті отырысында да осы тақырып әңгіме арқауына айналды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың төрағалығымен өткен мәжілісте жүзеге асып жатқан жұмыстың жайына көңіл бөлінді. Бұл жөнінде республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Тілек Әміров баяндады.
Өңделетін 65 мың га алқап бар
Биыл облыста үйірлі шегірткеге қарсы 65,1 мың гектар алқапты химиялық өңдеуден өткізу жоспарланыпты. Оның 16,1 мың гектары – азиялық, 49 мың гектары – итальяндық прусқа қарсы жұмыс. Өңдеу жұмыстары облыс орталығы мен төрт ауданда жүргізіледі екен. Облыс аудандарында химиялық өңдеу жұмыстарының барысын бақылайтын шұғыл әрекет ету штабтары құрылып, іске кіріскен.
– Үйірлі шегірткенің азиялық түрі анықталған Атырау қаласы мен Исатай, Құрманғазы аудандарында итальяндық прус тіркелген төрт өңірде (Индер, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары) және саяқ шегірткеге қарсы барлық ауданда 37 зиянкестердің таралу ошағы болып табылған жерді химиялық өңдеу болжанып отыр, — деді аумақтық инспекция басшысы.
Итальяндық прус ерте оянды
Өзгелермен салыстырғанда таралу аймағы көбірек зиянкес түріне кіретін итальяндық прус дернәсілінің бастапқы оянуы Қызылқоға ауданының Ойыл ауылдық округіне қарасты Шынар, Нұралы учаскелерінде 6 мамыр күні есепке алынған. Ал азиялық шегірткенің дернәсілі мамырдың 15-інде Құрманғазы ауданының Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қызөлген, Сухой елді мекендерінде байқалыпты. Сол себепті аталған өңірлерде химиялық өңдеу шаралары межеленген мерзімінен бұрын басталып кеткен.
Осылайша, Қызылқоғада – 900 гектарға жуық, Құрманғазыда – 200 гектар жерге химиялық өңдеу шаралары жүргізіліпті. Бүгінде үйірлі шегірткенің дернәсілінің оянуы мен таралуына байланысты зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мердігерлердің мүмкіндігі
Облыста биыл химиялық өңдеуге жатқызылған аумақтарда жұмыс жүргізу үшін өткен конкурс нәтижесінде мердігер мекемелер айқындалып, келісім-шарт жасақталған. Өңделетін алқаптың 42 мың гектарға жуығын «AVIASILA» ЖШС-нің жеңіл салмақты 3 делтолетімен, 2,8 мың гектарын «Магтоксин» ЖШС-нің 2 жерүсті желдеткіш бүріккішімен, 17 мың гектарын осы кәсіпорынның газогенератор бүріккішімен, тағы 3,45 мың гектар алқапты «Фитосанитария» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының теңгеріміндегі 3 дрон аппаратының көмегімен өңдеу көзделіпті.
Үйірлі шегірткеге қарсы күреске республикалық бюджеттен бөлінген 171,2 миллион теңгенің жұмысы негізінен Атырау қаласы мен Индер, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарындағы барлығы 24 ауылдық округтің аумағында жүргізілмекші. Саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу облыс бойынша 43 ауылдық округтің аумағын қамтуы тиіс.
– Таралу аймағы ауқымды, қаупі де басым үйірлі шегірткеге қарсы зерттеу және өңдеу жұмыстарына барлығы 124 адам мен 27 автокөлік жұмылдырылған. Жалпы облыста шегіртке тектес зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары басталып кетті. Зиянкестер күбіршіктерінің қыстап шығуын, олардың көктемгі жай-күйін бақылау мақсатында зерттеу жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілді. Ол көршілес Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі мамандармен бірлесе жасалып, тиісті құжаттар ресімделді, — деп толықтырды сөзін инспекция басшысы.
Сарапшылардың мәліметінше, химиялық өңдеу жұмыстарының тиімділігі – қолданылатын препараттардың сапасы мен әсерінің күштілігіне байланысты. Осы тұрғыда қолданысқа енгізілгеніне көп мезгіл бола қоймаған «Койра», «Ацет 200» инсектицидтері өте жақсы нәтиже көрсеткен.
Индер, Исатай аудандары мен қала аумағында үйірлі шегіртке дернәсілінің оянуы әзірге анықталмаған, сол себепті зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс ауқымына қарай химиялық өңдеумен аталған құрылымдарға Алматы қаласындағы «Авиасила» мекемесінің 3 борт делтолеті қосылады.
Бүгінде саяқ шегірткенің экономикалық зияндылық шегінен жоғары таралу ықтималдығы Жылыой және Құрманғазы аудандарында мамырдың 19-нан бері байқалыпты. Соған қарағанда, күрес шараларын әлі де күшейте түсу қажет.
Кедергі де, қиындық та бар
Айтуға ғана оңай көрінгенімен, өсімдік зиянкестерімен күрес бірнеше кезеңнен тұрады. Мәселен, бір ғана үйірлі шегірткені зерттеуге келсек, көктем шығысымен әуелі оның күзде топыраққа салып кеткен күбіршіктерінің қыстап шығуы тексеріледі. Сосын одан дернәсілдің пайда болып, өсіп-өнуі, одан әрі қанаттанып ересек шегірткеге айналуы, ұшу-шағылысу кезеңі, көшіп-қонуы, күзде қайтадан күбіршік салуы белгіленген мерзімде зерттеледі. Ғылыми тілмен айтқанда, мұның бәрі – тұтас бір цикл.
Сөзімізге дәлел, биыл үйірлі шегіртке дернәсілінің оянуын, бас көтеруін зерттеу көлемі 636 мың гектарға жеткен. Егер химиялық зерттеу жүргізілетін жер неғұрлым ауқымды болса, оның ошақтарына баратын жолдың кедергілеріне байланысты жоспарланған жұмысты атқарып, бағытты бағдарлауда елеулі қиындықтар туындайды. Мұндайда мамандарға жергілікті тұрғындар мен ауылдық округ әкімдігінен бөлінген жауапты қызметкерлердің көп көмегі тиетінін тәжірибе көрсетіп жүр.
Әрине, сала мамандары қырда мал бағып, егін егіп отырған шаруа адамдарымен тығыз байланыста. Әрбір ауданда зиянкестерді зерттеу жұмыстарына байланысты әлеуметтік желі топтары ашылған, соған шығып, мәселеге араласып отыратын белсенді азаматтар да бар. Солардан түскен дабылдар, бейнежазбалар бойынша мамандар шұғыл әрекет жасап, зиянкестің таралу аймағының траекториясын анықтап, координаттарын белгілейді. Бұл үрдіс баршаға үлгі болып, дағдыға айналғаны абзал.
«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Атырау облыстық филиалының директоры Хамидолла Дәулетқалиевтің пікірінше, жұмыстың ауқымдылығына қарамастан, кейбір кемшіліктер мен шешімін күткен проблемалар да бар. Әлі де болса қажетті препараттар, арнаулы техникалар мен жабдықтар, тіпті жұмыс күші жетіспей жататыны жасырын емес. Бірінші кезекте соларды ретке келтіріп, сәтті басталған істің оңынан жалғасуына қажетті жағдайдың бәрі жасалуы керек. Бұл үшін мәселеге мүдделі құрылымдардың бірлескен іс-қимылы мен қолдауы қажет.
Мәжіліске онлайн режимде қатысқан аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары берілген тапсырманы тиянақты орындап, шегірткелер шабуылын болдырмау үшін керекті қарекетті жасауға және сын-ескертпеден қорытынды шығаруға міндеттенетіндерін мәлімдеді.
Ойтүйін
Штаб мәжілісін қорытындылаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат жұмыстың маңызы мен жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін атап көрсетті. Шынында да шегірткемен күрес босаңсуды көтермейтін, ширақтықты қажет ететін шаруа, әйтпесе жыл бойғы жұмыс рәсуа.
Дәулетқали АРУЕВ
*Сіз не дейсіз?
Асқар МҰФТАХ,
Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
– Биыл аудан бойынша 600 гектарға жуық жерге егін салу жоспарланды. Оның 180 гектарын көкөніс, 80 гектарын бақша, 156,5 гектарын картоп және 176,5 гектарын малазықтық дақылдар егістігі қамтиды. Осыншама алқаптың тең жартысынан астамын 45 шаруа қожалығы тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілімен күтіп-баптауды ойластырып отыр. Егіндіктің қалған бөлігі – жеке қожалықтың еншісінде. Шаруашылық құрылымдары көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш түрлерімен және жұмыс күшімен толықтай қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, биыл көктемгі дала жұмыстарының межеленген мерзімінде, кестеге сәйкес жүргізілуіне қолайлы күн райы да септесті. Бүгінде межеленген іс-шаралар мәресіне жетті.
Ендігі міндет – еңбекті зая кетірмей, маңдай тердің өтеуін қайтару үшін өсімдік зиянкестері – шегіртке тұқымдастармен күресті ширатып, жайқалып өскен егінді қорғау үшін қарекет қылу. Бұған бәріміз де мүдделілік танытуға тиіспіз.