Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Тұрғызба ауылында 24 жастағы фермер қымыздан бизнес жасап отыр

Тұрғызба ауылында ұлттық дәстүр заманауи кәсіппен үйлесім тапты. Жас кәсіпкер Исламбек Альмухановтың табандылығы мен «Таңдау» жобасының қолдауының арқасында бұл іске асырылды.

2024 жылы Исламбек «Таңдау» бағдарламасының үшінші легінің жеңімпазы атанып, 2,5 миллион теңге көлемінде пайызсыз қайтарымды қаржылай қолдауға ие болды. Ол бұл қаражатқа «ГАЗель» автокөлігін сатып алып, отбасылық шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алды.

— Шаруашылықта 12 жылқымыз бар. Саумал мен қымыз өндіреміз. Бұрын жем-шөп тасымалдау да, өнім жеткізу де қиын еді. Қазір «ГАЗельдің» көмегімен бәрі жеңілдеді — сату көлемі де артты, — дейді Исламбек.

Бүгінде ол әкесі және бауырларымен бірге жұмыс істейді. Кәсібін кеңейтіп, жұмысшылар алуды да жоспарлап отыр. Жас кәсіпкер несие шарттарының тиімділігін ерекше атап өтті:

— Бес жылға пайызсыз несие — үлкен қолдау. Шаруашылықты дұрыс жүргізсең, қайтарым да оңай, бюджетке салмақ түсірмейді, — дейді ол.

2023 жылы іске қосылған «Таңдау» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 274 өтінімнің ішінен 105 адам оқудан өтті, оның ішінде 44 жоба қаржылай қолдау алды.

Қаржыландырылған жобалар қатарында асханалар, тігін шеберханалары, шағын фермалар, сұлулық салондары, медициналық орталықтар мен IT-қызметтер бар. Ең қуантатыны – 18 жоба стартап ретінде бастау алса, 23 жоба әлеуметтік осал топ өкілдеріне тиесілі.

Бағдарламаның жалпы қаржылық көлемі – 155 миллион теңге. Жоба әрі қарай да кеңею үстінде.

«Таңдау» жобасының жаңа кезеңіне өтінім қабылдау 3 тамызда аяқталады. Жылыой ауданының тұрғындары үшін қатысуға және үздік идеялармен іріктеуден өтуге барлық мүмкіндік бар.

Келесі кезеңде арнайы комиссия ұсынылған бизнес-жобаларды бағалап, ең келешегі бар бастамаларды таңдайды. Нәтижелер тамыз айының соңында жарияланады. Бүгінгі таңда 350-ден астам өтінім келіп түсті, яғни бәсеке қыза түсуде.

«Таңдау» жобасы Жылыой ауданының даму бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия Қоры (ФЕЦА) және «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қатысушылар кәсіпкерлік бойынша білім алып қана қоймай, пайызсыз қайтарымды несие арқылы бизнесін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады. Бұл — жаңа іс бастағысы келетіндер үшін аймақтағы ең тиімді бағдарламалардың бірі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button