Тозған техникамен алысқа бармайсың
Қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы баса назар аударған өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылығының жайы болды.
Осы орайда Президент өзінің ойын былайша жеткізді: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы тиіс».
Сонымен бірге мемлекет басшысы қазіргі уақытта республикамызда машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын да ашық жеткізді. Анығын айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет.
Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейген. Тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті қойылған. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев осыны шегелеп тұрып, тайға таңба басқандай етіп айтты. Оған қоса, Мемлекет басшысы алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға жеткізу керектігін тапсырды.
Мұрат САРМАНОВ,
«Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы