Төрт айда 600 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды
Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста айтылды.
Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жалпы ауданы 321,5 мың га жер пайдаланушыларға қатысты 350 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша 192,9 мың га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 210 ұйғарым енгізілді. Есепті мерзімде барлығы 645,3 мың га пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бұған дейін берілген ұйғарымдар бойынша биыл 102,5 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталып, 477 мың га алаңда мәжбүрлеп алу бойынша сот талқылаулары жүргізілуде.
Сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру рәсімдерін цифрландыру жөніндегі жұмыс барысы жайында ақпарат берілді. Пилоттық жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін электронды нұсқада беруге арналған конкурсты өткізу тәсілі пысықталды.
Дәулетқали АРУЕВ