Тоғыз айда облыстағы ауылшаруашылық өнімінің көлемі 105,3 млрд теңгені құрады
Биыл қаңтар және қыркүйек айларының аралығында облыстағы ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 105,3 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8%-ға артып отыр. Бұл туралы ҚР-ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев мәлім етті.
Сонымен қатар департамент басшысы брифинг барысында көрсеткіштің ұлғаюына әсер еткен факторлар жайлы сөз етті.
- Жалпы нақты көлем индексінің өсуіне көбінесе әсер еткен мал шаруашылығы өнімінің 2,5%-ға ұлғаюы болды. Ал мал шаруашылығы өнімнің нақты көлем индексінің ұлғаюына Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының ауылшаруашылық кәсіпорындары, сондай-ақ аудандардың шаруа фермерлік қожалықтарындағы ет пен сүт өндірісінің ұлғаюы әсер етіп отыр, — деді Н.Құмарғалиев.
Сондай-ақ ол биыл қаңтар және қыркүйек айлары аралығында құс басының азаюына байланысты жұмыртқа өндірісі 5 млн 154 мың 500 дана құрап, 73%-ға төмендеді. Алайда мал саны динамикасы бойынша соңғы 5 жылда ірі қара мал, жылқы және ешкі бастарының өсуін көруге болатынын атап өтті.
- Ауыл шаруашылығына байланысты тағы бір қуантатын жайт – мүйізді ірі қара мен жылқы және ешкі мал бастарының өсімі. Нақтырақ айтатын болсам, мүйізді ірі қара малының саны бүгінде 221 305-ке, қой мен ешкі 650 488-ге, жылқы 118 590-ға жетсе, түйе 38 387 басты құрап отыр. Ал құс саны 93 178, — деді ол.