
Шегірткемен күресте ширақтық керек
Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің қауіпті зиянкестері, жасыл желек атаулының жауы саналатын шегіртке тұқымдастармен күрес – қай кезде де маңызы жоғары, ширақ қимылды қажет ететін жұмыс. Сол себепті де оған мемлекеттік деңгейде мән беріліп, жоспарланған іс-шараларды уақытылы атқару үшін қазынадан қомақты қаражат бөлінеді. Басты мәселе – осы салаға бағытталған қаржының мақсатты игеріліп, тиімділігіне қол жеткізу. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осыған айрықша назар аударылып, мүдделі құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді.
Осы орайда, жартылай шөлді-шөлейтті аймаққа жататын Атырау облысында да мұның маңыздылығы жоғары. Қанатты зиянкестерге қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырып, орындалысын бақылау мақсатында құрылған өңірлік штабтың кезекті отырысында да осы тақырып әңгіме арқауына айналды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың төрағалығымен өткізілген мәжілісте жоспарланып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жайына көңіл бөлінді. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Тілек Әміров баяндады.
Оның айтуынша, биыл облыста үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы 65,1 мың гектар алқапты химиялық өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде: 16,1 мың гектары – азиялық шегіртке, 49 мың гектары – итальяндық прус. Бұл бағыттағы өңдеу жұмыстары облыстың төрт ауданы мен орталығы – Атырау қаласына қарасты ауылдық округтердің аумағында жүргізіледі. Сәйкесінше, қала мен барлық аудандарда химиялық өңдеу жұмыстарының барысын бақылайтын шұғыл әрекет ету штабтары құрылып, іске кіріскен.
– Нақтылай кетсем, үйірлі шегірткелердің азиялық түрлері анықталған Атырау қаласы мен Исатай, Құрманғазы аудандарында 16,1 мың гектар, итальяндық прус тіркелген төрт өңірде (Индер, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары) 49 мың гектар, ал саяқ шегірткелерге қарсы барлық жеті ауданда 37 мың гектар жерді химиялық өңдеумен қамту болжанып отыр, – деді аумақтық инспекция басшысы.
Айта кету керек, өзгелермен салыстырғанда таралу аймағы көбірек зиянкес түріне кіретін итальяндық прус дернәсілдерінің бастапқы оянуы, бас көтеруі Қызылқоға ауданының Ойыл ауылдық округіне қарасты Шынар, Нұралы учаскелерінде мамыр айының 6-сында есепке алынған. Ал азиялық шегірткелердің дернәсілдері 15 мамырда Құрманғазы ауданының Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қызөлген, Сухой елді мекендерінде байқалыпты. Осыған орай, аталған өңірлерде химиялық өңдеу шаралары алдын ала межеленген мерзімінен бұрын басталып кеткен. Осылайша, Қызылқоғада – 900 гектарға жуық, Құрманғазыда – 200 гектар жерге химиялық өңдеу шаралары жүргізіліпті.
Бүгінде үйірлі шегірткелер дернәсілдерінің оянуы мен таралуына байланысты зерттеу жұмыстары жалғасуда. Осындай ақпараттармен бөліскен республикалық бағыныстағы ведомство басшысы атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан, кейбір кемшіліктер мен шешімін күткен проблемалардың да барын жасырмады. Әлі де болса қажетті препараттар, арнаулы техникалар мен жабдықтар, жұмыс күші жетіспейді. Осының бәрін ретке келтіріп, қарқын алған сәтте соған сақадай сай болу – маңызды міндет екенін, бұл жұмыста ширақтық таныту қажеттігін ескертті.
Мәжіліске онлайн режимде қатысқан аудан әкімдерінің орынбасарлары мен салалық бөлім басшылары берілген тапсырманы тиянақты орындап, шегірткелер шабуылын болдырмау үшін қажетті қарекетті жасауға, сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға әзір екенін білдірді.
Штаб мәжілісін Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат қорытындылап, бұл жұмыстың маңыздылығына тоқталып, оның босаңсуды көтермейтінін атап өтті.
Дәулетқали АРУЕВ