Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Шегіртке таралып кетпеуі тиіс

ҚР Үкіметі мен өңірлерде шегірткенің таралуына жол бермеу және фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу үшін жедел жұмыс комиссиялары құрылады. Мұндай шешім 13 мамырда вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қабылданды. Бұл туралы республиканың Орталық коммуникациялар қызметінен хабарланды.

            – Мамыр-маусым айлары – жерді шегірткеге қарсы өңдеу үшін ең қолайлы мерзім. Дәл осы уақытта шегіртке жұмыртқалары жаппай көбейеді. Біздің болжамымыз бойынша, шегірткеге қарсы іс-шаралар температура +25-30 градусқа дейін көтеріліп, дернәсілдердің жаппай көбейетін сәтінде,  елдің оңтүстігі мен батысында 20 мамырдан, солтүстігінде, шығысында және орталығында 30 мамырдан бастап қолға алынады. Зиянкестермен күресу үшін 2,46 млн. га аумақты өңдеуге арналған пестицидтер қоры сатып алынды. Қазірдің өзінде 1,9 млн. га аумақты химиялық өңдеу бойынша қызметтерге шарт жасалды, қалғаны бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Өңдеу техникасы аймақтарда орналасқан, пестицидтер қажет болған жағдайда сақтау қоймаларынан жеткізіледі. Тиісті жұмыстарды бастау үшін дернәсілдердің жаппай өсу және даму кезеңінің басталуын күтеміз, — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

            Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барлық өңір мониторингтік іс-шаралар үшін техниканы белсенді қолдануы тиіс екенін атап өтті. Зиянкестермен күресте дернәсілдердің орналасқан жерін уақытында әрі нақты тауып, жою өте маңызды. Шегірткенің болжамды таралу ауқымын (2,5 млн. га) ескере отырып, мониторинг дәстүрлі әдістерден бөлек, дрондардың көмегімен де жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, дрондарды қолдану зиянкестерді бақылау шараларын 5-10 есе жылдамдатады.

             –Бұдан күтілетін түпкі  нәтиже – шегірткелердің таралып кетпеуі. Сондықтан барлық облыста жоспарланған фитосанитариялық іс-шаралардың кестеге сай жүзеге асырылуын бақылап, жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыратын комиссиялар құрылады. Басты міндет – өңірлерде өсімдік зиянкестерінің таралып кетуіне жол бермеу. Ол үшін осы сәттен бастап жоспарға енгізілген жұмыстарды жандандыруға күш салу қажет, —  деді вице-премьер.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button