
Шаруагерлердің жанайқайы
Өңірде іссапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Индер ауданында орналасқан гипсокартон өндіретін «ИСИ Гипс Индер» зауытына барды. Сапар барысында зауыт басшылығымен кездесіп, өндірістің дамуына кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелерді талқылады.
Аталған зауыт – аймақтағы жетекші өнеркәсіптік нысандардың бірі. Мұнда 125 адам жұмыс істейді, жыл сайын 5,8 миллион шаршы метр гипсокартон өндіріледі. Кәсіпорын тек гипсокартон емес, сонымен қатар гипс, әктас және бор өндірумен, оларды өңдеумен, сондай-ақ құрылысқа арналған гипс бұйымдарын шығарумен айналысады.
Энергетикадағы тұрақсыздық – басты кедергі
Кездесу барысында зауыт директоры Жолдас Үмбетяров өндіріс жұмысына ең қатты әсер ететін фактор ретінде – электр энергиясының тұрақсыздығын атап өтті. Оның айтуынша, кей кездері зауыт жарықсыз бір аптаға дейін қалып, нәтижесінде өндіріс толығымен тоқтап, жабдықтар істен шыққан.
– Жергілікті әкімдік мұны өңірдегі жалпы электр тапшылығымен түсіндіреді. Бірақ бұл – тікелей шығын. Біз техниканы жоғалтамыз, жұмыс ырғағынан айырыламыз, ал келген зиян өтелмейді,-деді Ж.Үмбетяров.
Логистика – үлкен сын
Өнім тасымалын қамтамасыз ететін теміржол желісінің тозығы жеткен. Ол қазіргі таңда жекеменшік иелігінде. Ал меншік иесі инфрақұрылымды жаңартуға, инвестиция салуға құлықсыз. Бұл зауыт өнімдерін тасымалдауға, шикізатты жеткізуге айтарлықтай кедергі келтіреді.
– Бізде шикізат қоры, мамандар, технология бар. Бірақ тасымалға қатысты шектеулер дамуға мүмкіндік бермей отыр. Теміржол желісін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының иелігіне қайтару жағдайды жақсартар еді,-деді зауыт басшысы.
Қалдықтарды жою да – шешімін таппаған мәселе
Кәсіпорын қызметіндегі тағы бір проблема – құрылыс қалдықтарын жою. Қазіргі уақытта зауыт бұл қалдықтарды Атырау қаласына тасымалдауға мәжбүр, бұл шығындарды арттырып, өндірістің тиімділігін төмендетеді.
Жолдас Үмбетяровтың айтуынша, бұрын кәсіпорын Атырау облысында өндірісті кеңейтуді жоспарлаған. Алайда инфрақұрылым мәселелерінің шешілмеуіне байланысты жаңа зауыт Тараз қаласында салынатын болды.
– Бұл өңір үшін жоғалған мүмкіндік. Біз инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін арттыра алар едік. Алайда қолайлы жағдай болмағандықтан, басқа өңірді таңдадық,-деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров жағдайдың күрделілігін мойындап, бұл мәселелер тек бір кәсіпорынға ғана қатысты емес екенін атап өтті.
– Индер ауданының әлеуеті зор. Мұндай кәсіпорындар – аймақтық экономиканың тірегі. Бірақ энергетика, көлік инфрақұрылымы мен қалдықтарды жою мәселесі шешілмейінше, даму туралы айту қиын. Біз бұл мәселелерді салалық министрліктер деңгейінде көтеріп, КТЖ-мен бірге талқылаймыз. Бұл бір ғана зауыттың өтініші емес – бұл өңірлік өнеркәсіп саясатын қайта қарау қажеттігіне берілген нақты белгі,-деді депутат.

«Карат» тігін цехы – сапалы киім өндірісіндегі сенімді серіктес
Әрі қарай халық қалаулысы облыс орталығындағы «Карат» ЖШС жұмысымен танысты.
Қазақстандағы киім тігу, тұрмыстық және техникалық бағыттағы бұйымдар өндірісінде өзіндік орны бар жетекші кәсіпорындардың бірі – «Карат» тігін цехы. Бұл цех көп жылдық тәжірибесі мен жоғары сапалы өнімдері арқылы тапсырыс берушілердің көңілінен шығып келеді.
Кәсіпорын түрлі саладағы өндіріс орындарына арналған арнайы киімдер мен өнімдер ұсынады. Атап айтқанда, химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ, фармацевтика, көлік өнеркәсібі, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және қонақ үй кешендеріне арналған арнайы киім түрлері тігіледі.
Сонымен қатар «Карат» тігін цехы тоқылған киімдер, төсек-орын жабдықтары, вафельді және түкті сүлгілер сияқты тұрмыстық өнімдер түрлерін де ұсынады. Кәсіпорын ассортименті кеңейіп, заман талабына сай жаңартылып отырады.
Бүгінде «Карат» – сапалы киім ғана емес, кәсіби тәсіл, тиімді шешім және тапсырыс берушіге деген жоғары құрметтің белгісі. Осындай сапалы өндіріс ошақтары отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлкен үлес қосып келеді.

Өндірісті ұлғайтуды көздеуде
Аймақтағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі – «Дәулет құс» құс фабрикасы. Аталған фабрика 150 мың жұмыртқалайтын тауық пен 55 мың балапан бағып отыр. Қазіргі таңда мұнда тәулігіне 150 мың дана жұмыртқа өндіріледі.
Фабриканың бас технологі Айдар Алпысовтың айтуынша, кәсіпорын болашақта өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыруды жоспарлап отыр.
– Алдағы уақытта тағы үш корпус қосқымыз келеді. Сол кезде тауықтардың жалпы саны 440 мыңға жетеді. Бұл бізге күніне 400 мыңға жуық жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Сол кезде ғана облыстың сұранысын толық қамтамасыз ете аламыз,-деді бас технолог.
Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Құс фабрикасының кеңейтілуі – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтуға үлкен үлес қоспақ. Сонымен қатар бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болары сөзсіз» деп атап өтті.

«Малымыз топырақ жеп тұр»
Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер ушығып тұр. Аймаққа сапар барысында Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жергілікті фермерлермен кездесіп, кәсіпкерлік пен агросектордағы шешілмеген түйіндерді талқылады.
Өзекті әңгіме Индер ауданынан басталды. Жергілікті халықтың айтуынша, кәсіп бастау үшін жер алу рәсімі тым күрделі мәселеге айналған. Бұл – әсіресе ауылдық жерлерде бәсекелестіктің төмендігін ескергенде, жаңа бастамаларға тежеу салып тұрған факторлардың бірі.
– Қыркүйек айынан бастап бұл мәселелерді Мәжіліс деңгейінде көтеріп, тиісті шешімдерді бірлесе қарастырамыз. Ал ауыл шаруашылығына келсек, мал басын нақты санап, ел көлемінде шынайы статистика жүргізу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі,-деді депутат Айдарбек Қожаназаров.
Десе де, кездесу барысында фермерлер тарапынан біраз ащы шындықтар мен нақты талаптар айтылды. Олар құр сөзден әбден шаршаған. Енді нақты қадамдар мен әділетті шешімдер күтіп отыр.
Қызылқоға ауданынан келген шаруагерлер жанайқайларын жеткізді. Фермерлердің айтуынша, жем-шөпке берілетін субсидия биыл да берілмеген, «жығылғанға – жұдырық» немесе «көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей, шегіртке қаптап, көктің бойы көтерілмеген. Малдың күйі нашар, жайылым тапшы.
– Жем-шөпсіз қалған жұрт, субсидиясыз отырған шаруаның жайын кім ойлайды? Малымыз топырақ жеп тұр. Былтыр да, биыл да субсидия жоқ. Ал өңірде біраз қаражат игерілмей қалатынын естиміз. Соны неге нақты мұқтаж шаруаларға бағыттамасқа?-деп ашынған қызылқоғалық шаруалар Тайсойғанда болғанын айтқан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысына «Тайсойғанға бардым дедіңіз, қай жеріне? Қай шаруа қожалығына? Бізді еститін құлақ бар ма өзі?!» деп шүйлікті. Фермерлердің ашына айтқан сұрақтарына жауап беруге келген басқарма басшысы нақты қай шаруашылыққа барғанын да дұрыс айта алмады. Қолында не дәйек, не жоспар жоқ. «Келемін, көремін, шешемін» деген құр уәдені фермерлер енді қабылдамайтынын ашық білдірді.
Айтпақшы, жайылым мәселесі де ушығып тұр. Шаруалар мұнай компанияларының жайылымдарды жаулап алып, мал бағатын кеңістіктің барған сайын тарылып бара жатқанын да тілге тиек етті.
Кездесу барысында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – ветеринариялық қызметтің дербес құрылым ретінде жұмыс істемеуі. Сонымен қатар зертханаларда паразиттік аурулар мен улану себептерін анықтау мүмкіндігінің жоқтығы. Бұл – ауру таралғанда оның себебін анықтай алмай, шара қолдана алмай отырғанымыздың дәлелі.
Ал шегірткеге қарсы кеш қолға алынған шаралар – түйткіл үстіне түйткіл қосуда.
Тіркелмеген төрт түлік
Тіркелмеген төрт түлік мәселесі – жай ғана техникалық кедергі емес, бұл – «Сисенбай» шаруа қожалығының басшысы Сәлима Айдынованың шынайы хикаясы. Хикая да ғана емес, заң мен шенділердің салғырттығынан шырғалаңға айналған өмір жолы.
Барлығы 2008 жылы басталды. Қызылқоға ауданының Төртқұдық өңірінен заңды түрде жер алған қожалық сол жерде тұрақтап, үй-жайын, қора-қопсысын салып, алты түйе, 90 жылқы, 90 сиыр мен 60-тан аса қой өсіреді. 2021 жылдың наурызында әкімшілік шекара өзгеріп, бұрынғы Қызылқоға ауданына қарасты аумақ Мақат ауданына өтеді. Ең сорақысы, бұл өзгерісті шаруаларға ешкім ресми түрде ескертпеген. Бір қарағанда, техникалық ғана мәселе көрінуі мүмкін. Алайда тіршілігі мен кәсібі осы жер мен малға тәуелді қожалық қожайынына бұл – түпсіз құзға тап болғанмен бірдей.
Қайда тіркелмексің, қожалық?
Қызылқоғаның базасынан қожалықтың малы шығарылғанымен, Мақат ауданына тіркеу жүргізілмеген. Алаңдаған шаруагер аудандық әкімдікке барған. Алайда ондағылар дәл сол уақытта маманның жоқтығын айтып, өздері тіркейтінін жеткізіп, шығарып салады. Содан бері 5 жыл өтіпті, қожалықтың төрт түлігі «ауада» тұр. Тіркелмеген. Бар малын тіркей алмаған шаруагер не істерін білмей шырылдайды. Министрлікке жазған арызы кері Мақат ауданына жіберілген. Тіпті сотқа берген, одан да нәтиже жоқ. Сөйтіп жүргенде қожалық иесі өмірден өтеді. Одан кейін алты ай мұрагерлік қағаздары реттеліп, жары, қазіргі басшысы Сәлима Айдынованың атына өтеді. Кірістер департаменті қожалық иесінің өмірден өтуі себепті шаруа қожалығын жауып тастайды. Шаруагер кері баласының атына ашады. Енді мұрагерлікке берген жерді баласына 5 жылсыз бере алмайтынын біледі.
«Жерің бар, малың жоқ»
Мен көршіге, не басқа біреуге берейін деп отырған жоқпын. Туған ұлымызға аудару үшін 5 жыл күтуім қажет екен. Шаруа қожалығын ұлымның атына аштым, малым онсызда тіркелмеген. «Жерің бар, малың жоқ» деген сылтаумен кірістер департаменті жыл сайын айыппұл салады,-дейді шаруагер. Бұл мәселеден ауыл шаруашылығы басқармасы да хабардар екен.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, бұл күрмеуі шешілмеген мәселені шешу олардың да қолынан келмей отыр.
«Жасыл дәліз» – тиімді жол ма?
Respublica партиясы фракция аппаратының мүшесі Еркебұлан Ахметов бұл мәселеге назар аударып, қиындығын да жасырмады.
– Мұндай жағдайда тек «жасыл дәліз» ашу арқылы ғана мәселені шешуге болады. Біз көмектесеміз,-деп уәде берді.
Ал «жасыл коридор» – жүйеде ресми жолмен шешілмейтін шаруалар үшін балама тетікке айналып бара жатқаны – өз алдына алаңдарлық жайт. Бұл жүйенің жұмыс істемейтінін ашық дәлелдейді емес пе?
Жүйе өзгермей, ауыл өспейді
Сәлима Айдынованың оқиғасы – бір адамның басындағы оқиға емес. Бұл – түрлі кемшіліктердің, немқұрайлылықтың, формализмнің бетпердесін ашқан нақты мысал.
Енді мәселе уәдемен емес, нақты іспен шешілуі қажет. Шенеунік кабинеттен шығып, шаруа ауласынан бастау алмаса, ауыл әлсірей береді.
Ашығын айтқанда, ауыл тіршілігінің арқауы – мал шаруашылығы. Ал оның қазіргі жай-күйі – алаңдатарлық. Субсидия берілмей, зертхана істемей, жайылым тарыла берсе, ертең ел не жейді?
Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың бұл жолғы сапары халықтың базынасын тыңдаумен шектелмей, нақты шешімдерге ұласуы тиіс. Себебі, ауылдағы әрбір шаруа – экономиканың өзегі, ал олардың жоғын жоқтау – ел мүддесіне қызмет етудің нағыз көрінісі болмақ.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ