Шаруагерді алаңдатқан шешім
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылдың 15 наурызындағы №108 бұйрығымен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» бекітілді. Алайда мұның егін егіп, мал соңында жүрген шаруа адамына пайдасы жоқ екен. Осыған көздері жеткен атыраулық шаруагерлер мұнымен келіспейтінін ашық айтып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында бас қосқан шаруалар осы мәселені талқылады.
Жиынды ашқан «Қазақстан Фермерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Мұрат Сарманов күн тәртібіндегі мәселенің маңызына тоқталды. Себебі, министрліктің былтыр қыркүйекте өткен кеңейтілген кеңесінде аталған қағидаларға (ережелер) ішінара өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде шешім қабылданған. Бірақ бұл ірі сабақты мал азығын дайындайтын шаруашылықтарға қиын тиді.
Осы құжатта бұдан былай «ауыл шаруашылығы жануарлары азығына (ірі сабақты мал азығы) жұмсалған шығындар құнын арзандату» бағытын субсидиялау гидрометеорологиялық қызмет құрылымдары растаған, өңірде қыстық мал азығының әзірленуіне теріс әсерін тигізген, төтенше жағдайлар жарияланған немесе қалыптағыдан тыс ауа райы құбылыстары орын алған жағдайда және жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен ғана жүзеге асатыны көрсетілген. Ең сорақысы, нормативтік-құқықтық актіде «бұл талап Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының шөлейтті аймақтарында орналасқан тауарлы сүт фермаларындағы аналық мал басына қолданылмайды» деп көрсетілген.
– Біз мұнымен мүлдем келіспейміз, үзілді-кесілді қарсымыз. Өйткені, қағидаға енгізіліп отырған дәл осындай өзгеріс облыстағы мал өсіретін шаруашылықтар үшін айтарлықтай қолайсыздық туғызды. Ашығын айту керек, жазы аптап ыстық, көлеңкенің өзінде ауа температурасы +38-39 градус, аңызақ желімен, қыста қары аз, өткір де өкпек желімен, қара суығымен айрықшаланатын Атырау аймағында жер негізінен жайылымдық мақсатқа пайдаланылады. Шабындық деген жоқтың қасы. Қолайлы, түсімі мол деген жылдың өзінде шалғыға ілігетін ірі сабақты шөптің гектар айналымы 2-3 центнерден аспайды. Сол себепті, жергілікті шаруалар қысқа қажетті мал азығын, яғни қыстық шөбін іргелес жатқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының аумағынан шауып немесе сол жақтан дайын пішенді қымбат бағасына сатып алуға мәжбүр. Мал азығы үшін өсірілетін дәнді дақылдар мен олардан алынатын өнімдер жөнінен толықтай соларға тәуелдіміз. Сондықтан, бұл баршамызға ортақ проблема, — деп түйіндеді сөзін М.Сарманов.
Жәнібек АРАЛБАЕВ,
«Атамекен» ҰКП Атырау облысы бойынша филиалы аграрлық сала жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі, ғалым:
Қайтарымсыз қаражаттан қағылып қалмаймыз ба?
– Бұрын мұндай субсидия бәріне бірдей тиесілі және ол жергілікті бюджет есебінен берілетін. Енді мына ереженің жобасына жоғарыдан еш негізсіз енгізілген өзгерістер мен түзетулердің кесірінен шаруалар қазынадан алатын қайтарымсыз қаражаттан қағылғалы отыр. Жобада атап көрсетілгендей, бұдан былай субсидия мал азығын дайындауға қолайсыз жағдай туындап тұрғанын растайтын «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалынан анықтама ұсынылса ғана агроөнеркәсіп субъектілеріне (Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы тауарлы сүт фермаларынан басқа) берілмекші. Ал, Атырау облысында тауарлы сүт фермасы тек «Первомайский БК» ЖШС-нің базасында ғана ашылған. Қалғандары ет бағытында. Соған қарағанда, облыста бір шаруашылықтан басқасы мемлекеттің қолдауынан құр қалады деген сөз.
Сондықтан, атыраулық шаруагерлер мұндай нормативтік-құқықтық актінің күшіне енуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Субсидияның облыстағы барлық агроөнеркәсіп субъектісіне берілуіне күш жұмылдыру керек деп есептеймін. Өйткені, жартылай шөлді және шөлейтті аймаққа жататын Атырауды елдің өзге өңірлерімен салыстыруға келмейді.
Осыған дейін әр жыл сайын ірі сабақты мал азығын дайындауға немесе сатып алуға кеткен шығынды өтеуге керекті қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп, оған облыс әкімдігі үнемі қолдау көрсетіп келді. Мәселен, тек былтырдың өзінде бұл мақсатқа 2,1 миллиард теңге бөлініп, жергілікті шаруагерлерге зор қолдау болды. Өкініштісі, «кейбір талаптарға сай келмейді» деген желеумен бәріне бірдей бұйырмай қалды. Биыл да көңілге тағы да қорқыныш кіріп отыр.
Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері:
Қолдаусыз қай шаруа да ширамайды
– Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес дәуірінде де Атырау облысы республиканың мұнайлы орталығы саналған, әлі де солай. Содан болар, ауыл шаруашылығына айрықша назар аударылған жоқ. Сол көзқарас соңғы отыз жылдан астам уақыттың ішінде де жақсара қоймады.
Ашығын айту керек, бірқатар өңірлерде жайылымдық алқаптарда қаулай өскен шөптің қалыңдығынан аяқ алып жүре алмайсың. Ал Атыраудың маңғаз даласынан алдымен көретінің, көзге ілігетіні – самсаған мұнай ұңғылары. Басқа амалдың жоқтығынан шөбі барынша бітік өскен шабындық жерге мал жаюға мәжбүрміз. Аймақтың климаты жартылай шөлді-шөлейтті болып келетіндіктен бар шөптің өзі күйіп, қоректік қасиетін жойып барады. Ораққа ілігетіні де қалып жарымайды. Сөйтіп, қыстық азықты өзге өңірлерден сатып алуға немесе тасымалдап әкелуге тура келеді. Сол себепті біздің өндіретін өніміміздің өзіндік құны жоғарылай береді.
Қалай дегенде де, жергілікті тұрғындарды азық-түлікпен қамту міндеті – шаруагерлердің мойнында. Ауылда тұратын ағайынның барлығының бірдей мал ұстауға мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ. Халыққа сүт қана емес, ет те, одан жасалатын өнім де қажет. «Мал – баққанға бітеді», ендеше ахуалы ауыр болғанмен атакәсіптің мехнатына шыдап, елді асырайтын да ауылдағы шаруалар екеніне ешкімнің таласы да, күмәні де жоқ. Ал, оған ең алдымен көмек пен қолдау керек. Әйтпесе алақан жайып сұрамасақ та, іс ілгері жүрмейді, қолға алған шаруа ширамайды.
Айбар ЕРЕКЕШОВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты,
мәслихаттың аграрлық сала, жерді пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы:
Жалғыздың үні шығар ма?!
– Білікті маманмен ақылдаспай, кеңседе отырып қабылданған шешімнің қай уақытта да шикі болатыны сөзсіз. Бұл жолы да «сондай шешімнің құрбанына айналып кетпейміз бе?» деген қорқыныштың бары рас. Сонда ауылдағы шаруаға субсидияға қол жеткізу үшін міндетті түрде сол өңірде төтенше жағдай жарияланып, климаттық ахуал жөнінде «Қазгидрометтің» анықтамасы болуы керек пе?
Онсыз да жазы жан шыдатпас ыстық, қысы қарсыз қара суық, жыл бойына ызғырық жел соғатын өңірде тірлік етіп, нәпақасын айырып, қала берді елді асырап отырған, оның үстіне көктемгі тасқын салдарынан егіні мен шабындығы су астында қалған шаруагерге бұл қастандықпен тең. Биыл Индер, Махамбет аудандарында қысқы мал азығы дайындалатын көлтабандар мен қырлықтағы шабындықтың 70, Жылыой мен Қызылқоға өңірінде 35 пайызын су басты. Су кепкенше кемінде екі ай уақыт керек. Бірақ қайткенде де малды қыстан шығару үшін құнарлы азық қажет.
Тығырықтан шығу үшін әлі жеткен шаруаның шөпті көрші облыстардан шауып немесе сатып алатынын да білеміз. Ауыл кәсіпкерлерінің алдындағы қиындық пен кедергіні еңсеру үшін депутаттар облыс басшылығына шаруашылықтардың мал азығын дайындау шығынын өтеуге керекті қаржыны бюджетке салып, жылдың соңында оларға субсидия беретіндей жағдайға жеткізуге мүмкіндік туғызу жөнінде ұсыныс бердік.
Енді министрліктің негізсіз талабына наразы екенімізді ашық айтқан жөн. Бұл жерде депутат қана емес, ауыл шаруашылығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін азамат ретінде де орынды талап деп санаймын. Керек болса, Үкімет үйіне дейін өңірдегі агроқұрылымдардың орынды талабын аяқтай барып жеткізуге дайынбыз. Әйтпесе «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» шындық қой.
Тобықтай түйін
Басқосудан анық аңғарылғаны, егер «субсидия тауарлы сүт фермаларына ғана беріледі» деген сөйлем осы редакциясыда мақұлданып, 1 шілдеден бастап күшіне еніп кетсе, ауылдағы көп шаруа мемлекет қолдауынан қағылып, шынайы үні ескерілмей қалмақ. Бар түйткілдің тірелген тұсы да сол болып тұр.
Осылайша, атыраулық шаруашылық иелері жиын қорытындысына сәйкес мәселенің мән-жайын түсіндіріп, назарға беру үшін хаттамалық шешіммен Премьер-Министр мен салалық министрдің, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының атына хат жолдауға келісті.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ