Шаруагер мұң шағады…
Бүгінгі таңда өңір шаруагерлерін жиі мазалаған екі өзекті мәселе бар. Біріншісі – атакәсіппен айналысушы шаруашылық субъектілерінің ірі сабақты шөп дайындауға немесе сатып алуға кеткен шығындарын субсидиялау. Екіншісі – көктемгі су тасқынының салдарынан қыстақ үйлері мен қора-жайлары, егістік алқаптары судың астында қалып, материалдық-моральдық зардап шеккен шаруагерлердің шығындарын өтеу.
Шынында да, көктемгі су тасқынынан көптеген шаруашылық құрылымдары зардап шекті. Бірқатарының егістік алқаптары, қайсыбірінің жеміс бақтары, үй-жайы мен аула-қорасы арнасынан асқан өр суының астында қалды. Төтенше жағдайдың салдарынан келген материалдық зиянның орнын толтыру мақсатында мемлекет тарапынан төленуге тиісті өтемақы, өзге де көрсетілетін көмек-қолдау мәселесі арада бірнеше ай өткеніне қарамастан толыққанды шешімін таппай келеді.
Осыған орай, мәселесі шешімін таппай қиналған шаруагерлер бірнеше мәрте бас қосты. Олардың базынасын тыңдауға ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері келіп, қойылған талаптардың орындалатынына уәделерін берген-ді. Сол жүздесулерге қатысқан облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен мәслихат депутаттары да шаруа қожалықтарының мұқтажына құлақ асып, мәселенің оңтайлы шешімін табатынына сенім ұялатқан.
Әрине, бұл бағытта жасалған қадам мен іске асырылған шаралардың барын жоққа шығаруға болмас. Әйтсе де ауылдағы шаруа адамын алаңдатқан жайлар әлі де аз емес. Қожалықтардың бірқатарының қолдарына өтемақы тимеген болса, жайылмаға шыққан судың құрғамауынан іргедегі шабындыққа жете алмай қиналып отырғандары қаншама? Айта берсе, шаруалардың шағымы мұнымен таусылмайтын түрі бар.
Осыны желеу етіп, Атырау қаласының аумағындағы шаруалардың бір тобы осы аптада облыс әкімдігіне барып, жағдайларын аймақ басшысына тікелей жеткізуді жөн көріпті. Дегенмен оның сәті түспеген сыңайлы. Сөйтіп, шаруагерлер айтпағын өздерімен кездескен ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановқа жеткізуден әрі аса алмады. Мәселенің мәнісіне үңіліп, нақты жағдайды білу мақсатымен салалық басқарманың өкіліне хабарласқанбыз.
Салалық басқарма өкілінің сөзінше, осы мәселелерді шешу мақсатында істеліп жатқан жұмыс аз емес көрінеді. Бұл проблеманың бұдан бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалында ұйымдастырылған алқалы жиында көтерілгені де тілге тиек етілді. Ал, оның алдында шаруагерлер Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен де кездескен. Онда да шаруалардың шымбайына батып, жанайқайына айналған мәселелер қаралған-ды. Республикалық ведомствоның өкілі де сол жолы «Мәселе шешіледі, бәрі де өзінің орнына келеді» деген сыңайдағы сырғытпа жауап пен құрғақ уәде беруден әрі аса алмады. Сол себепті де осы жолы шаруагерлердің облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесіп, қордаланған проблеманы түпкілікті шешіп, мәселені біржақты үйлестіргісі келгені мәлім болды.
Баяндалған жайға қосарымыз, сындарлы кезеңнің қыр астына келген шағында қолындағы малына қыстық азығын таппай қиналғаны аздай, жолдың болмауына байланысты жаз бойына еңбектеніп шапқан шөбін алуға қолы жетпей отырған ағайынның барын да білдік. Осы және өзге де өзекті мәселелерді арқау қылған шаруагерлердің шағымы шешіле ме, әлде сол «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала бере ме? Бұл сұрақтың жауабын алдағы күннің еншісіне қалдырдық.
Дәулетқали АРУЕВ