Саумал сауып, қымыз ашытқан кәсіпкер
Атырау облысындағы малды өңірлердің бірі – Исатай ауданы. Онда атакәсіпті уақыт талабына сай өркендетіп, төрт түліктің басын көбейтіп, одан алынатын өнім түрін ұлғайтып, көлемін молайтуға бағыт ұсталуда. Солардың қатарында төскейінде төл өргізіп, бие байлап, саумал сауып отырған отбасы бар.
– Ұлттық сусынымыз саналатын жылқы сүтінен қымыз ашытып, содан нәпақасын тауып отырған жергілікті шаруашылықтардың қатарында «Самат» шаруа қожалығын айтуға болады. Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын құрылған бұл қожалықтың жетекшісі Мұрат Шахуов есімді азамат. Түрлі салада абыройлы қызмет атқарып, бұдан біраз бұрын зейнеткерлікке шыққан ағамыз кеңшарда жылқышы болып еңбек етпесе де, жеке иелігінде мал ұстап, соның ішінде төрт түліктің төресі – жылқының қыр-сыры мен қасиетіне қанық жан. Содан да шығар, жасы алпысты алқымдап, ағалыққа жеткенде отбасымен осы шаруаны қолға алды. Бастапқыда қиындықтар туындап, оңай бола қоймағаны да кәміл. Әйтсе де, тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпауға бекінген Мұрақаң ақыры мақсат-мұратына жетті. Бұл күнде оның есімі аудандағы маңдайалды малбегі, алдыңғы қатарлы шаруагерлердің қатарында аталады, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұханов.
Жыл санап жағдайы оңалып, тасы өрге домалаған шаруа біртіндеп отбасымен бірге мехнатының рахатын көріп, табысқа кенелуде. Алғашында оншақты бас малдан басталған қожалықтағы түліктің саны қазірде еселеп өскен. Ілкіде тек жылқы өсіріп, семіртіп, базарға шығарып сатумен ғана шектелген малбегілер бертін келе өздеріне табысты, денсаулыққа пайдалы іспен шұғылдана бастайды. Бие байлап, саумал сауып, қымыз ашытуға кіріседі. Әрине, оны өткізуде кейбір кедергілер мен қиындықтардың кездескені де рас.
Алайда, мұның адам өмірін ұзартып, саулығын жақсартуға қажетті нәрсе, қасиеті мол сусын екенін ұғынған жандар «Саматтың» дертке дауа, жанына шипа болар саумалына қызығушылық танытты. Оны емдеу мекемелері мен демалыс-сауықтыру орындары да тапсырыспен алатын болды. Әрі-беріден соң, өзін-өзі ақтаған табиғи таза өнім аудан, қалаберді облыс орталығында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шығарылып, қолжетімді бағамен сатылатын күнге жетті. Шаруашылық басшысының сөзінше, Аққыстау ауылынан онша қашық емес Ауқайраң учаскесінде орналасқан қожалықтың бүгінгі жай-күйі біркелкі тәуір, тірлігі табысты көрінгенімен мазалайтын, ойға алған мәселелері де жоқ емес. Оның біреуі – мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізу болса, екіншісі, шағын қожалықты барынша ірілендіріп, асылтұқымды шаруашылыққа айналдыру көрінеді. Оған күш те, мүмкіндік те жеткілікті, тек қолдау ғана қажет.
Д.ЛАТИФҰЛЫ