Қызылқоғалық кәсіпкер қиды кәдеге жаратуда
«Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, қиюын тапқан адамға қай кәсіпте де жетістікке жетіп, мол табыс табуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, адам өз қызметіне адал болуы тиіс. Мұқырлық еңбек ардагері, «Наз-гүлім» шаруа қожалығының басшысы Мәрзия Әбішева отбасымен бірге мал өсіру және мал өнімдерін өңдеумен айналысып келе жатқанына жиырма жылдан асқан.
Биошіріндінің пайдасы
Кәсіпкер былтыр табиғи биошірінді əзірлеу ісіне бет бұрыпты. Ол үшін Шымкент қаласынан 1,5 миллион теңгеге «ГАЗель» көлігімен калифорниялық қызыл құрт сатып алған. Осылайша биошірінді табиғи тыңайтқышын өндіріп, биыл алғашқы өнімін алған. Көптен бері далада игерілмей жатқан малдың тезегін іске асырып, биошірінді өңдеуді бастағаннан кейін егін егуді жоспарлаған. Алайда қол күші мен көп шығынды қажет ететіндіктен бұл ойы іске аспай тұр. Кәсіпкердің айтуынша, биошірінді өндірісімен айналысудың пәлендей қиындығы жоқ. Ол үшін бар болғаны азғана жер телімін бөліп, қызыл құртты малдың тезегіне тастап, қажетті ылғалдылықты сақтап тұрса, малдың қиы нағыз органикалық тыңайтқыш – биошіріндіге айналады.
– Бұл жәндіктер әдетте біздегі лас суда болатын құрттарға ұқсайды екен. Біз оны сатып алып жүрміз ғой. Ең алдымен тезекке арналған ені 1 метр, ұзындығы 15 метр болатын екі жер телімін дайындаған соң малдың қиын жуып тазартып алдық. Өйткені, мал зәрінің сілтісі болады екен, оған салған құрт өліп қалады. Сондықтан бірнеше ай бойы таңертең және кешке су жіберіп жуып отырдық. Ол бойына сіңгенде сілтісі ағып кетеді. Жуған соң ғана құрттарды қиға салдық. Бір жыл ішінде температурасы өлшеніп тұрды. Ыстықта күйіп кетпеу үшін суды жиі құйып тұру керек, күн салқындағанда үстін бірнеше орам шөппен жылы қалпын сақтап тұру үшін жауып тастадық. Осылайша биыл қыстан шыққанда биошірінді дайын күйде болды. Биошіріндідегі қызыл құрттар қарбыз, қауын, қызанақ секілді бақша өсімдігі және құрма жемісінің қалдығымен қоректенді. Сондай-ақ малдың өлексесі мен кәдімгі шөпті де азық ретінде беруге болады. Осылайша қызыл құрттар жыл бойы түрлі қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, биологиялық тыңайтқышты дайындап берді. Биошірінді топырақтың құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартып қана қоймай, химиялық тыңайтқыштарға кететін шығындарды азайтып, жердің құнарлығын арттырып, өнім көлемін молайтуға септігін тигізеді, — дейді М.Әбішева.
Оның айтуынша, әрбір егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер өз шаруашылығына қажетті биошіріндіні өндіріп алуына мүмкіндік бар екен.
Шебердің құрылғысы
Бір қызығы, биошіріндінің тыңайтқышын елеп, дайындауға арналған құрылғыны Мақат кентінің тұрғыны Хисмеден Сұлтановтың өзі алғаш рет жасап шығыпты. Ауылдастары Мэлс атап кеткен азамат ұзақ жыл «Атырау Жарық» АҚ-да электрик болып еңбек етіп, зейнетке шыққан.
– Құрылғыны жасап беруді сұраған соң базардан темір елек сатып алып, содан механикалық тербеліс арқылы жұмыс істейтін ұзындығы шамамен 2 метр, ені 1 метр құрылғы жасадым. Оған кіржуғыш машинаның моторын пайдаландым. Жалпы жұмыс істеп тұрған кез келген мотор пайдаға аса береді. Мотордың айналысын қалыпты режимде реттеп тұратын бәсеңдеткіш (редуктор) орнаттым. Мотор қосылған кезде елек бірқалыпты тербеліс арқылы жұмыс істейді. Сосын құрылғының астына бекітілген астау секілді пішінді қаңылтырға биошірінді еленіп жиналады. Қаңылтыр биошіріндіні жан-жаққа шашыратпай жинайды. Құрылғыны материал түгел болса бір күнде жасауға болады. Бұрын-соңды мұндай құрылғыны көрген жоқпын, алғашқы жұмысым, — деді электр шебері.
Жарнамасы аз
Мәрзия Мырзалықызы биошіріндінің жарнамасының мардымсыз екенін жоққа шығармайды. Қазір дайын болған өнім аспан астында сақтаулы тұр екен. Өнімді жүйелі түрде саттыққа шығара қоймаған. Білетін адамдар жинаулы тұрған өнімді ағаштың түбіне салуға сұрап жататын көрінеді. Әзірге көлемді егін алқабына сұрап жатқандар аз. Кәсіпкердің сөзінше, биошірінді өндірумен айналысатын өзге де кәсіпкерлердің жарнамасы да көңілден шығып тұрған жоқ.
– Алдағы уақытта жер телімін дайындап, бір жыл жатқан қызыл құрттарды тағы да қиға жібереміз. Бүгінде екі метрдей жерден 60 қап тыңайтқыш алып отырмыз. Биошіріндінің келісін 100 теңгеден сатып жатырмыз. Былтыр бастаған ісіміздің өнімін биыл алдық. Осылайша екінші жылға аяқ бастық. Біз де тегін шикізатты пайдаға асыруды көздедік, — деді Мәрзия Мырзалықызы.
Биошіріндінің құрамында сиыр мен қойдың қиы араласқан. Түйе ащы шөп жегендіктен болса керек, қиы тұзды, сондықтан тыңайтқыш ретінде дайындауға келмейді екен. Кәсіпкер облыста биошіріндінің құрамын тексеретін зертхана болса сынама алдыруды да қолдап отыр.
Мал баққанға бітеді…
Атакәсіпті серік еткен шаруа қожалығының бұдан өзге де жасап жатқан игілікті істері көп. Айталық, сүт өнімдерімен қатар, үйітілген малдың етін қарынға салып, сақтау мерзімін ұзартып, табиғи экологиялық таза өнім шығарып жатыр.
– Қазақ халқы етті бүрмелеп және сүрлеп сақтаған. Қой мен сиырдың жас етін өз қарнына тұздап салып, етханадағы биіктеу үстелдің үстіне қояды. Осылайша еттің қан-сөлі өзіне сіңеді. Кейбір жерде етті ағаш бөшке мен күбіге салып сақтайды. Бұл әдісті қолданған ет борсып немесе үсіп кетпей жақсы сақталады, — деді кәсіпкер.
Негізінен асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен айналысатын шаруашылық басшысы алғаш рет Жамансор ауылынан шәйхана ашып, ол істі жақсы жолға қойды. Кейін шаруа қожалығын ашқан олар мұның барлығын бірдей алып жүру қиын болғандықтан шәйхана кәсібін тоқтатқан. Мұқырда ет өңдейтін цех, қасапхана, дүкендері де болған.
Бүгінде қожалықта төрт түлік түгел өсіріледі. Жасы жетпістен асса да Мәрзия Мырзалықызы барлық шаруаның басы-қасында өзі жүріп, білгенімен бөлісіп, жастарға тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Тіпті көлікті де өзі жүргізіп, алыстағы қой отарына үнемі барып тұрады. Мал баққанға бітетінін ерте түсінген кәсіпкер түлігін көзден таса қылмауға тырысады екен.
Әрине, қой пайдалы әрі өте өсімтал түлік түрі. Сондықтан, ұсақ жандықтың басын көбейту де ойда бар. Енді қожалықтағы сиыр табынына ақ бас бұқа салып, түрлендіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Әзірге жылқы мен аз ғана түйе түлігіне ғылыми селекцияны енгізбеген. Қожалық басшысы бұл істе де көптеген түйткілді мәселелер бар екенін айтады.
Малшы табу – машақат
Шынында, бұл үйлестірген адамға жақсы кәсіп. Елдің экономикасын көтеруге бірден-бір септігі тиетін салалардың бірі. Қазір мал шаруашылығында кадр тапшылығы, әсіресе малшы табу – қиынның қиыны. Малды табу оңай болғанмен, оны бағу оңайға соқпай отыр.
Сол себепті, қазір қожалыққа жұмыс күші жетіспейді, жастар жағы келгісі келмейді. Мал бағатын адам жоқтың қасы. Жұмысшылардың жалақысын уақытында беріп, моншасына дейін әзірлеп, қыстаққа электр энергиясына дейін тартып қойған. Жатын орындары да бөлек. Асханада үш-төрт мезгіл ас-суын әзірлеп отырған даяшылар да бар.
Еңбеккерлердің отбасылық жағдайына да көмектесіп, мал төлдету науқанында төлді аман сақтап, баққаны үшін ынталандырып, көтермелеу үшін сыйақы да беріп отырады екен. Бірнеше жыл жасаған адамдардың арасында жекеменшік малын 40-50 бас қой, құлынды биеге дейін көбейтіп алғандары да бар. Астындағы көліктері де сақадай сай.
– Шаруашылықта Мұқыр, Сағыз ауылдарында тұратын жергілікті төрт адам тұрақты жұмыс істейді, ал науқан кезінде жалдамалы үш жұмысшымыз бар. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын малшы, механизатор, агроном және басқа мамандардың тапшылығы бұл саланың қарқынды дамуына қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау күн тәртібінен түспеуі қажет, — дейді шаруагер.
Талай жылғы еңбегінің жемісіндей, шаруа қожалығының жетекшісі республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, облыстағы «Үздік шаруа қожалығы жетекшісі» атанған. Сонымен қатар, бірнеше ауылдасының «Атырау» газетін жыл бойы тегін оқуына да жағдай жасап, баспасөзге де қолдау білдіріпті.
Алмас ҚАБДОЛОВ