
Қызылқоғада шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтілді
Қызылқоға ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден сақтау мақсатында шегірткеге қарсы улау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл бұл бағыттағы шаралардың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайып отыр.

Аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанас Қожырбаевтың хабарлауынша, былтыр ең қауіпті зиянкес түрі саналатын итальяндық прусқа қарсы 7 мың гектар жерге улау жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш үш есеге ұлғайып, 21 мың гектар жерді қамтыды. Бұған қоса, қосымша 15 мың гектар аумаққа улау қажеттілігі туындаған.
–Бұл жағдай көктемгі ұшу және шағылысу кезеңінде шегірткелердің көршілес Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының шекаралас аймақтарынан ұшып келуіне байланысты қалыптасқан. Салдарынан аудан аумағында шегірткелердің жаңа ошақтары пайда болып, улау шараларын ерте бастау қажеттілігі туындады, — дейді Ж.Қожырбаев.
Оның айтуынша, өңірде 16 мамыр мен 3 маусым аралығында улау жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылды. Нақтырақ айтқанда, 1 651 гектар — дронмен, 8 800 гектар — газогенератор арқылы, 10 549 гектар делталет көмегімен өңделді.

–Жалпы 21 мың гектар аумақта химиялық улау жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға 2 дрон, 2 газогенератор және 2 делталет тартылды. Қолда бар техникалардың тиімді қолданылуының арқасында жұмыстар жоспарға сай уақытында аяқталды. Сонымен қатар ауданда саяқ шегірткелерге қарсы да шаралар қатар жүргізілді. Атап айтқанда, Миялы ауылдық округінде — 675 гектар, Жангелдинде — 335 гектар, Ойылда — 675 гектар, Көздіғарада — 375 гектар, Тасшағылда 450 гектар жер өңделіп, жалпы 2 510 гектар алқап қамтылды, — дейді Ж.Қожырбаев.
Айта кету керек, аудан әкімдігі мен сала мамандары шегірткелердің таралуын шектеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында бірлесіп нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдап отыр. Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта да зиянкестерге қарсы күрес тоқтаусыз жалғасып, бақылау шаралары күшейтілетін болады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА