Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Қызылорда облысында 15 мың гектардан астам егістік жер қалпына келтірілді

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Сырдария өзені бассейніндегі ирригациялық және дренаждық жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Барлығы 1362,2 шақырым канал қайта жаңғыртылып, 14 617 шағын гидротехникалық нысан ауыстырылып, жаңадан салынды. Сондай-ақ 327,86 шақырым коллектор мен 151 бақылау ұңғымасы қалпына келтірілді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 15,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен жабдықтау және мелиоративтік жағдайы жақсарып, суармалы жерлер толық игерілді. Жоба су шығынын 30%-ға дейін азайту арқылы жылына шамамен 95 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жергілікті шаруа қожалықтары жұмыс нәтижелеріне оң баға беріп отыр.

«Каналдарды тазарту, шлюздер орнату және басқа да жұмыстардың арқасында су жеткізу жағдайы 35-40%-ға жақсарды. Бұл жүйе диқандарға су тапшылығы жағдайында да жұмыс істеуге көмектеседі. Жалпы нәтижелер өте жақсы», – деді жергілікті шаруа қожалығының агрономы Сұлтанбек Үсенов.

«Бұл жұмыстар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылды. Осыған ұқсас жобалар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында да жүргізіліп жатыр. Осының арқасында 105 мың гектардан астам жердің суармалы жағдайы жақсарады. Бүгінгі таңда бұл жобалардың 86%-ы аяқталды. Қазірдің өзінде 79,15 мың гектар егістікке су жеткізу жақсарып, жылына 201,8 млн текше метр су үнемдеуге жағдай жасалды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button