Қысқа қарсы қарекет пен қамданыс
Қиғаш бойын қоныстанған құрманғазылықтардың қарекеті көңілге қонымды көрінеді. Аудандағы барлық меншік нысандағы шаруашылық құрылымдарындағы қыстаққа түсетін төрт түліктің саны 280 мыңға жуықтайды. Осынша малға қажетті 164300 тонна пішен дайындалды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне қарағанда, мал азығының басым бөлігін (152900 тоннасы) шаруа қожалықтары мен тұрғындар дайындаса, қалғаны, яғни 3000 тоннаға жуығы «Сүйіндік», «Ақжонас» ЖШС мен «Құрманғазы» ӨК сынды асылтұқымды түлік өсірумен шұғылданатын іргелі шаруашылықтардың еншісінде. Өңірдегі шабындық жердің көлемі 13413 гектарды құраса, 2803 гектар босалқы жер бар. Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдық округтерінің аумағынан ұйымдастырылған пішеншілер бригадасының қатысуымен қажетті мал азығының 40 пайыздан астамы әзірленіпті. Осының өзінен-ақ, олардың қысқа қаншалықты қамданып, қарекет қылғанын аңғару қиын емес.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, жыл сайын қыстық пішеннің артық-ауысы көршілес Исатай, Махамбет, Индер аудандарына саттыққа шығарылады. Тұтастай алғанда, биыл аудандағы малды 366 орында қыстату жоспарланған.
Дәулетқали АРУЕВ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА