
Қазақстанда жұмыртқа импортына тыйым салынды
Бүгін, 9 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының аумағына барлық көлік түрлерімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен тауық жұмыртқаларын әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл шешім тауық жұмыртқаларының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне, сондай-ақ ЕАЭО елдері арасындағы тасымалдауға әсер етпейді.
Министрліктің мәліметінше, көктемгі-жазғы маусымда жұмыртқаға деген сұраныс төмендеп, ішкі нарықта отандық өнімдер – құс фабрикаларының өндірісі мен үй шаруашылықтарының өнімі есебінен толық қамтамасыз етіледі. Осы кезеңде жұмыртқа бағасы өзіндік құннан төмендеп, бұл кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді.
–Сондай-ақ, жұмыртқаның сақтау мерзімі қысқарып, өндіру көлемі өзгермейтіндіктен қоймаларда өнімнің артығы жиналып қалу қаупі туындайды. Осыны ескере отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия аталған шектеуді енгізуді мақұлдады. Тыйым биыл 9 сәуірден бастап күшіне енеді және алты ай бойы қолданыста болады, — делінген баспасөз хабарламасында.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА