
Молшылық маңдай термен келеді
*Байқауға
Адамзаттың жаратылыспен жарасымды өмір сүруінің алтын діңгегі – ауыл шаруашылығы. Жер –тіршіліктің жаны, ал оны баптап, ырзыққа айналдыратын диқан – қоғамның шын мәніндегі тірегі. Астық пен ақ адал еңбектің арасы кейде тым алыс көрінгенімен, тер төккен маңдай мен көгерген егіннің арасында шексіз үндестік пен үйлесім бар.
Шын мәнінде, ауыл – жер-ананың тамырын басып жатқан тіршілік желісі. Егін ексе – ел тоқ, мал бақса – елде бақ бар. Бүгінде ауыл жайлы жазу – тек шөптің биіктігін, малдың санын түгендеу емес. Бұл – ел тағдырын терең пайымдау, ауыл арқылы ұлттың ертеңін аңғару. Себебі ауыл – бал балалықтың бесігі ғана емес, ұлттың тынысы, рухтың іргетасы.
Атырау – қара алтынның астанасы дейміз-ау. Бірақ бұл өлкенің шын болмысы тек жер астында емес, жер үстіндегі еңбеккер адамдардың маңдай терінде дежатыр. Оны сортаң жерге жан бітіріп, жеміс жиған талай диқан мен тақыр жерде мал өсіріп, қызығын көрген сан мыңдаған малшы таудай еңбектерімен, межелі жемістерімен әлдеқашан дәлелдеп қойған. Көзі қарақты, ойы орамды оқырман осы кіріспеден-ақ әңгіменің әлқиссасы өңірдің бүгінгі ауылшаруашылығы турасында боларын анық аңғарған болар. Түкпірдегі тыныс-тіршілік бүгін қалай өрбуде? Ауыл шаруашылығының қазіргі кейпін осы мақала барысында бағамдап көрелік.
Ауыл шаруашылығы – шаруашылық салаларының ішіндегі ең ежелгі және табиғат жағдайларына тікелей тәуелдісі. Дүниежүзінде экономикалық белсенді халықтың 46%-ы, ал Қазақстанда 40%-ға жуығы осы салада еңбек етеді.
2025 жыл басталғалы бері облысымыздағы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 21,3 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 576,7 млн. теңге, ал мал шаруашылығына – 19,7 млрд. теңге тиесілі. Облыс бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 2349 шаруашылық тіркелсе, оның 113-і асыл тұқымдысын ғана өсіреді. Мал басы да өткен жылдармен салыстырғанда өсімге ие. Мәселен, ірі қара мал басы 54,1%-ға, қой мен ешкі басы 2,5%-ға, жылқы 37%-ға, түйе 18,1%-ға, құс 204,3%-ға артты.
Биыл облыста егістік алқаптары да едәуір ұлғаюда. Өңір бойынша 240 шаруашылық құрылым мен жеке секторда жалпы аумағы 9653,7 гектар жерге егін егу жоспарланған болатын. Ол да орындалуда. Бұл көрсеткіш 2024 жылғымен салыстырғанда шамамен екі есеге жоғары.
Бұл тек сан емес – салмақ. Бұл көрсеткіштердіңартында қаншама ауылдың күн-түн демей күйттеген өмірі, тұтас тіршілігі жатыр.
Қаржы көзі қайдан табылмақ?
«Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек». Бұл Көкшенің төрі – Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі. Сол маңызды жиын барысында ол Үкіметке ауылшаруашылығын одан әрі дамытуға бағытталған нақты шаралар легін қалтқысыз жүзеге асыруды шегелеп тұрып тапсырды. Алғашқы тапсырманың бірі – агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу болатын.
Бұған дейін ақсап тұрған агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру саласын оңтайландыру мәселесі қолға алынғалы бері ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс те байқалды. Мәселен, соңғы жылдары мемлекет бұл мәселегебөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Сәйкесті түрде, Атырау облысында да ілгерілеушілік байқалады.Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2024 жылы шаруашылық субъектілерін қолдау мақсатында субсидиялауға бюджеттен 2 995,2 млн. теңге бөлінген болса, 2025 жылы 3 289,9 млн. теңге қаражат көзделген. Сайып келгенде, субсидия – трактордың жанармайы, агрономның, малшының жалақысы, жайылымның қоршауы, тағысын тағылар… Иә, жыл сайын түрлі қаражат көзі артып келе жатыр, санайғақтарға көз сүрінеді, ал шын мәнінде сол теңгелер діттеген жеріне тікелей жете алып жатыр ма, әлде, ауада қалықтап тұр ма? Мәселе – осында.
Сөзсіз, облысымызда Үкімет тарапынан берілген түрлі бағдарламаларды оңтайлы пайдаланып, қаражат көзіне кенеліп, ісін өрге домалатып жүрген шаруалар да бар. Болашақты да бағамдап қойдық. 2025-2027 жылдары инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша 48,3 млрд.теңгені құрайтын 12 жоба сапқа тұрмақ. Жіті тоқтала кетсек, бұл құрамда құны 9,6 млрд. теңге тұратын 5,6 га «Aidana Agro» жылыжай кешені, қуаттылығы 15,5 мың тонна болатын 4 млрд. теңгелік «Жолмуханов Б» көкөніс сақтау қоймасы, 6 мың тонналық қуатқа ие 3,5 млрд. теңгелік «Жұмағалиева Н» көкөніс сақтау қоймасы, 9,9 млрд. теңгелік «Atyrau Chiken» ЖШС, т.б. бар. Жыл аяғына дейін құны 27,6 млрд. болатын 6 жоба іске қосылады деп күтілуде.
Түрлі мүмкіндікті молынан меңгергендер көп шығар, бәлкім. Бірақ біз бүгін сондай жағдайға зәру бірді-екілі шаруашылыққа тоқталғымыз келеді. Шалғайдағы шаруа біткеннің бәрі үлде мен бүлдеге оранып отыр дей алмаймыз. Кейбірінің мемлекет берген көмекке қол жеткізе алмауларына не себеп? Не тапшы, не кедергі?
Жерге тыныс, елге ырыс алып келеді деп күтіліп, 2023 жылы іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасына әу баста республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінді.
– 2025 жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудандарға қарасты ауылдық елді мекендерге талдау (скрининг) жүргізіліп, әр ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және шағын несие алуға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы мамандары. 2024 жылы мал басын асылдандыру, ет-сүт өнімдерін өндіру және өңдеу бағытында 4 ауыл шаруашылығы кооперативі және ағымдағы жылы мал азығын дайындау бағытында 1 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Бағдарлама аясында 2023 жылы берілген несиелерден қайтарылған (револьвер) 220,0 млн.теңге және ағымдағы жылы бөлінуі тиіс 1 млрд.теңге көлеміндегі қаражатпен бірінші кезекте ауыл шаруашылығы кооперативтерімен шағын несие алушыларды қаржыландыратындарын жеткізді.
Десе де, өз зерттеуімізге сүйенсек, аталған бағдарламалардың парқына әлі күнге бойлай алмай, түсінбей немесе мүмкіндіктеріне қол жеткізе алмай жүрген шаруалар көп екен. Мәселен, соның бірегейі облысымыздың ең ауқымды ауданы – Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативі. Оның басқарма төрағасы ауылшаруашылық ғылымының кандидаты, екі университеттің профессоры, Каспий өңірлік аймақтық академиясының академигі Сабыржан Сұлтанов Қыдырсихұлын біз де сөзге тарттық. Сонау 1998 жылы 80 адамның бас біріктіруімен құрылған бұл шаруашылық өз қызметін 2700 қой, 11 түйе, 8 бас жылқымен бастапты. Құрылғалы бері мұндағы әр қызметкер адал қызмет етіп келеді. Ауызбіршілік аясында өз техникалары мен өз еңбек күштерін орынды жұмсағанның арқасында қожалықтыңқайбір жылдары қарыштап дамыған сәттері де болды. Мысалы, асыл тұқымды мал өсіретін деңгейге жетті. Бүгінде уақыт талабына сай 80 құрылтайшыдан тек екеуі ғана қалса да, шаруа қожалығы өз күшін еш кеміткен емес. Қазір олар 8000 бас еділбай қойы, 300-ге тарта түйе, 100-гежуық жылқы өсіріп отыр. Өз күшіңе сенген жақсы, әрине. Тек бір кемшін тұсы бар. Ол – қаражат көзінің тапшылығы. Мәселен, аталған шаруашылықтың негізгі табысқа кенелер уақыты – күз айлары. Анығында, мал сәуір айында төлдейтінін ескерсек, ол 3-4 ай өскен соң, қыркүйек-қазан айларында сатылып, халыққа жол тартады. Яғни, кооператив сол мал сатуға арналған науқанда шала байып тауып қалған қаражаттарын қалған 9 ай бойы кеміріп отыруға мәжбүр.
– Бізге дәл қазіргі кезде төмен пайыздық несие ауадай қажет. Мен екі жарым пайыздық несие туралы естігелі, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барып, оқта-текте сұрап тұрам. Бірақ, бұл мүмкіндік бізге әлі тиесілі емес сыңайлы. Шартының өзі аласапыран-ау. Кепілге көлемді мүлік керек екен. Осы орайда, неге малшыларға тиімді ұсыныс айтылмайды екен деген пікірім бар. Мәселен, бізден кепілге мүлік сұрағанша, малды кепілге алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бізге несие не үшін қажет? Қолдағы бар малымызды сапалы бағып қағу үшін, өз малымызды айналым қорға салу үшін қажет. Өйткені, жем-шөбің де, малды бағып-қағуың да тұнып тұрған ақша ғой. Ал, қазір несие, қаржылай қолдаудың бәрін тек мал алуға ғана рәсімдейді. Біздің басқа шаруамыз ше? – деді сөз арасында Сабыржан Сұлтанов.
Бұл тек Сабыржан мырзаның емес, осылай түпір-түкпірде өз күнін өзі көріп жүрген талай кооперацияның жанайқайы деп қабылдадық. Расымен де, үлкен шаруашылықтың айналым қорына, аяқтан тұрғызуға көп қаражат қажет екені белгілі. Нақты, қанша мөлшердегі қолдауға мұқтаж? Бұл сауалға кооперация иесі былай жауап берді:
– Бізге 50-100 млн. теңге несие берсе, үкімет ұсынғандай 7 жылда емес, одан да ерте кері қайтара алар едік деп есептеймін. Шындығында, өз күшімізбен, өз мүмкіндігімізбен өсіп-өніп отырмыз. Бір адамға 150 000теңге жалақы төлейміз, одан төмен болса, ешкім малжанына келмейді. Механизатор да, малшы да қазір қаржысы көп жерге ғана мойын бұрады. Төмен пайыздық несиеге қолым жетпеген соң, жуырда 30 млн. теңгелік 9 пайыздық несиеге сұраныс бердім, 6,5 пайызын мен төлеймін, қалғанын субсидия арқылы ел бюджеті көтереді. Әзірге, қымбат та болса, осылай амалдай тұруға мәжбүрміз, – дейді ол.
Негізінде, қазір Атыраудың шалғай аудандарында кооперативтер құрылып, ортақ қойма, қайта өңдеу цехтары бой көтеруде. Малын біріккен түрде бордақылап, егінін бірге егіп жатқан шаруалар – нағыз реформаторлар. Олардың әр қадамы – ұлттық экономиканың микромоделідер едік. Шағын шаруашылықтар бірігіп жұмыс істегенде ғана өндіріс көлемі артады, экспорттық әлеует қалыптасады. Әлем тәжірибесіне жүгінсек, Германия, Швеция, Нидерланд, Жапония, Израил секілді көптеген алдыңғы қатарлы елдер ауылшаруашылығында кооперация арқасында жетістікке жетіп отыр. Мысалы, Нидерландта әйгілі раушан сататын ең ірі жаппай саудалау базары – кооперация. Германиядағы ең сенімді «Райффайзенбанк» – кооперациялық ауылшаруашылығы банкі. Демек, кооперация құру – тиімді тәсіл. Үкімет те бұған баса назар аударуда. Бірақ, жүйелі түрде қолдау жағы кемшін секілді. Бір қуантарлығы, бұл шалғайдағы шаруаларда техника қоры жеткілікті. Талай жыл бойы жинақталған түрлі техника да, оның құлағында еркін ойнайтын үздік қызметкерлер де, өз ісінің жілігін шағып майын ішкен мықты малшылар да баршылық. Тіпті, аталған шаруашылықтағы түйеші Берік Салауовты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттап: «Міне, осындай нағыз еңбек адамдары жастарға үлгі-өнеге болуы керек» деп, күллі елге үлгі қылған болатын. Сол мықты маман қызмет ететін мықты мекемеге де бүгінде үкімет тарапынан мықты қолдау қажет-ақ. Қысқасы, құрманғазылық шаруалар 2,5 пайыздық несиенің насихаты аз деп есептейді. Түсінік жұмыстары жиі әрі мардымды жүргізілсе, бәлкім, мүмкіндікке бір табан жақын болар ма еді, кім білсін?!
Сондай-ақ, ел Президенті мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн деп ыждағаттап тапсырғаны белгілі. Әсіресе, ел қазір асыл тұқымды жылқыға зәру. Оның елдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды.«Құрманғазы» сынды шаруашылықта жануардың бұл түрін асылдандыруға тұрғылықты жер талаптары сәйкес келмейді: жайылым жерлер Ресеймен шекараласып жатқандықтан, асыл тұқымды жылқының жоғалып кету қаупі басым. Бұл көрсеткіштің облыс бойынша оңтайланып тұрғаны да шамалы: асыл тұқымды жылқы санының жалпы мал басына шаққандағы үлесі 1 пайыз ғана…
Шағын мақалада төрт түліктің түгелін қамту мүмкін емес. Сондықтан, мал турасындағы сөз басын осы тұстан қайырып, әрі қарайғы әңгіме ауанын егістік алқабына қарайбұрсақ па деймін.
Облыс бойынша 2025 жылы 240 шаруашылық құрылымында және жеке секторларда 9653,7 га көлемінде егін егу жоспарланды. Бүгін 9653,7 га жер толықтай жыртылып, жоспар 100% орындалды.
– Қазіргі таңда егістік шаралары белсенді жүріп жатыр. Негізгі жұмыстар Махамбет, Индер аудандары мен Атырау қаласы аумағында жүргізілуде. Егістік науқаны маусым айының ортасына дейін жалғасады, – деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов.
Расымен де, аталған аудандардың жері құнарлы, шөбі шүйгін. Дегенмен, шеткері жатқан жері сортаң аудандар да бар. Мәселен, Исатай ауданындағы қарт Каспийдің табанынан орын тепкен Жанбай ауылының да топырағы егін біткенге қолайлы дей алмаймыз. Әйтсе де, сортаң жердің де ебін тауып жүрген егіншілер бар. Солардың бірегейі – «Жанбай» жылыжайының иесі Жәнібек Асылбаев. Оның жолдасы Назгүлмен және ұлдарымен біріге қолға алған кореялық жылыжайы бүгінде 3 сотық жерді алып жатыр. Осыдан бес жыл бұрын 6*10 өлшемді шағын ғана жылыжайды қолдан жабындымен қаптап, қияр егіп бастаған Жәнібектің уақыт өте келе үлкен жылыжай салуға қызығыушылығы арта түсті. 2022 жылы оны кеңейтіп, 2023 жылы F1 сортты дән егіп бастады. Ешқандай тәжірибе жоқ болғандықтан, ол жылдар пайдаға кенелте қоймады. Сондықтан, арнайы агроном көмегіне жүгінуге тура келді. Нәтижесінде өнім молайып, жақсы нәтиже көріне бастады. Тек қиярмен басталған егістікте бүгінде инжир, құлпынай, маракуйя шығып жатыр. Теңіз табанына тропикалық жемістер өсіп жатқаны – таңғаларлық жайт. Нағыз «қалауын тапсаң қар жанадының» кері. Бір айта кетерлігі, мұның бәрін ерлі-зайыпты егіншілер мемлекеттік бағдарлама көмегінсіз өз қаражаттарына жасап жатыр.
– Қосымша қаражат бөлінсе, әрине, жақсы болар еді. 2,5% несиені алуды да ойладық. Оған кепілге қоюға тұрғын үйіміз жарамайтынын білдік. Жалпы, бұл несиенің машақаты өте көп, одан қалса жолдасым екеуіміз де жұмыстамыз, сондықтан, бұл қазан біз үшін жабулы күйінде тұр, – дейді олар. Науқанында тыным көрмей шапқылауға тура келетін еңбектің тағы бір кемшін тұсы – өнімнің өтімділік деңгейінде болып тұр. Егіншілердің ауыл халқы табиғи өнімді көп тұтынбайтынына көздері жеткелі қашан. Танитын адам тегін алғысы келеді. Ал, өнім тегін таратыла берсе өзін-өзі қашан ақтап, пайдаға кенелтпек? Сол себепті, жылыжай иелері табиғи өнімдерін аудан орталығына апарып саудалауға мәжбүр. Ондағы халық өнімнің бағасын да еш бәлсінбей, әр дүкен күнара 20 келі қиярдан алып отыр. Жылыжай мұндай 3 дүкенді қиярмен қамтуға қауқарлы.
– Құлпынай, инжир, банан сияқты ерекше өнімдерді ексек дейміз. Ал, оған жер мен жылыжай көлемі кеңеюі керек. Жылыжай қысы-жазы жасап тұруы үшін арнайы құрал-жабдықтары қажет. Құнарлы топырақ керек. Біз тамшылату арқылы суғарамыз. Өнімге беретін түрлі түрлі витаминдер бар, оларды да шағын несиелерге немесе қолма-қол ақшаға сатып алып жүрміз. Жалпы айтқанда, өз күшімізге ғана сенеміз, – деп қорытты сөзін Назгүл Айтуарова. Иә, егіншілік пен мал бағу қазақтың қанына сіңген ата кәсіп екені рас. Оған осындай өз күштерімен өз өңірін сапалы табиғи өнімімен қамтып жүрген кәсіпкерлер дәлел. Бірақ, екпінмен басталған іс тоқырап, тоқтап қалмаса екен дейміз. Әрі қарайғы қаржылай қолдау қажет-ақ. Мемлекет тарапынан пайдаланылатын талай бағдарлама бары мәлім. Дегенмен, оның бәрі бірдей халыққа тиімді ме? Несиелер талабын қарапайым диқаншылар мен малшылар қос иығына еш кедергісіз арта ала ма? Қала берді, билікбасынан бастау алған бағдарлама алыстағы шаруаның құлағына қаншалықты жетіп жатыр? Насихатталу деңгейі сын көтере ме? Бұл мәселелер төңірегіне де көз салып қойғанымыз абзал. Себебі, мемлекеттік қолдау – бос ұран емес, шынайы серпілістің көзіне айналса ғана бастапқы игі межесіне мүдірмей жетеді.
Ауыл шаруашылығын дамыту – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Ауыл – ескінің сарқыншағы емес, болашақтың іргетасы. Ауыл артта емес, ауыл тамырда тұр. Қала өрге өрлесе, соның тамыры ауылда көміліп жатыр. Ауылға көңіл бөлу – мемлекеттің өз тамырына оралуы. Сол тамырдың нәрі – адал еңбек, жерге деген құрмет және болашаққа деген сенім. Қаншама қазақтың тамыры ауылда бекігенімен, тағдыры далада өріліп жатыр. Ауылшаруашылық саласын дамыту билік басындағылардың басты нысанасына айналса дейміз. Біздегі тілек сол ғана.
Орынгүл МАХМУД,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Сурет: egemen.kz