Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Мал азығын дайындау ­– маңызды науқан

Қыстық шөп – көршіден

Ауыл шаруашылығындағы маңызды науқандардың бірі ­– қысқа қажетті мал азығын дайындау болып табылады. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қалай? Соған назар аударып көргенбіз.

Алдағы қыста облыс бойынша 203 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 609 мыңдай қой-ешкі, 113,6 мың шамасында жылқы және 36,8 мыңға тарта түйе түлігі қыстаққа түседі. Оған қажетті ірі сабақты мал азығының көлемі 600 мың тоннаны құрайды. Соның ішінде, өткен жылдан қалған 88 мың тонна пішенді есепке алғанда, биылғы «Жасыл орақ» науқанында нақты 511,5 мың тоннаға жуық шөп әзірленуі тиіс екен. Содан қазірге дейін 398,5 мың тоннасы дайындалып, жоспардың орындалысы 78 пайызға жуықтапты.

Алыстан арбалап…

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аманжол Қабдешовтың айтуынша, кейбір қиындықтар мен ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, қажетті мал азығының басым бөлігін, нақтырақ айтқанда 80 пайызын (408,8 мың тоннасын) өңіріміздің өз аумағынан дайындау көзделген. Қалған 20 пайызын (102,2 мың тоннасын) көршілес облыстардың жерінен қамту ойластырылып отыр. Атап айтқанда, Исатай, Махамбет, Индер аудандарының пішенші-механизаторлары ­­– Батыс Қазақстан облысының Тайпақ, ал Жылыой мен Мақат аудандарының шаруагерлері ­- Ақтөбе өңірінің Байғанин ауданындағы шабындық алқаптарға шалғы салған. Бұл жөнінде келісім-шарттар жасақталып, күні бүгінде жұмыстар жалғасуда.

Қырлыққа шалғы кеш түсті

­­–  Мал азығын дайындау жұмыстарының қуатты техникаларсыз атқарылмайтыны белгілі. Бүгінгі таңда облыста осынау маңызды науқанға 705 трактор, 1 300-ден астам шабу агрегаты, 630 тасымалдау көлігі және басқа ауыл шаруашылығы техникалары қатыстырылып, қосымша адам күші жұмылдырылуда. Айта кету керек, негізінен шілде айының ортасынан басталатын бұл шаруаның жаздың соңына таман саябырсып, қыркүйек, қазан айларында қайтадан жанданып, қарқын ала түсетінін тәжірибеден көріп жүрміз.

– Өйткені, өңірлердің ерекшелігіне байланысты қырлықта, соның ішінде жусандық алқаптарда өсетін шөптер кеш піседі. Шалғыға да сол кезде ілігеді. Сайып келгенде, мұның өзі тұтастай науқанды жұмыстардың кешеуілдеуіне әкеліп соғады. Оның үстіне, биылғы көктемдегі жайылма судың молдығынан көлтабанды алқаптарға орақ салу мүмкін болмады. Қолайлы сәтті күтуге тура келді. Десек те, шаруагерлер қолдағы бар мүмкіндікті мүлт жібермеуге жұмылуда, — деді салалық басқарманың өкілі.

Субсидияның да сұрауы бар

Ауыл шаруагерлерін қолдаудың бір жолы ­­– оларға қазынадан қайтарымсыз қаражаттың берілуі болып табылады. Осылайша, биылдың өзінде мал азығын дайындауға кеткен қаржылай шығындарды өтеуге жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаржы бөлініпті. Сөйтіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда осы жолғы субсидияның сомасы екі есеге көбейген. Дегенмен, оның сұраусыз берілмейтінін, қолдауға сай қайтарыммен жұмыс жасау қажеттігін субсидия алған адамдар сезінуі тиіс. Сонда ғана қолға алған қандай қиын шаруаның да оңғарылатыны сөзсіз.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button