
Агросаланың жаңа тынысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән беріліп, бұл саланы дамытуға ауқымды қаржы бөлінгені белгілі. Соның ішінде биыл шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бағытталуы – мемлекет тарапынан жасалып отырған бұрын-соңды болмаған қолдау.
Дегенмен, агроөнеркәсіптің әлеуетін толық ашу үшін тек қаражат жеткіліксіз екені анық. Ең бастысы – бөлінген қаржыны тиімді пайдалану. Бұл орайда Үкіметтің нақты әрі жүйелі жоспары болуы шарт.
Бүгінде отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2 миллиард доллардан асатын ірі жобалар жүзеге асып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылуда. Осындай жобалардың ауқымын кеңейтіп, әр аймақта өндірістен дүкен сөресіне дейінгі тұтас тізбекті қалыптастыру – уақыт талабы.
Цифрландыру тәсілдерін енгізу арқылы үздік агрокәсіпорындар зор табысқа жетіп отыр. Олардың тәжірибесін кеңінен тарату, агрохолдингтердің жұмысын үлгі ету – құзырлы министрлік пен қоғамдық ұйымдардың басты міндеті. Бұл қадам ауыл шаруашылығында инновациялар мен ғылымды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту, экспорттық әлеуетті күшейту, ұлттық өнімдерімізді шетел нарығына таныту – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды бағыт.
Мәслихат деңгейінде біз өз тарапымыздан ауыл кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға, агробизнесті қолдайтын бастамаларды заңнамалық тұрғыдан ілгерілетуге әрдайым дайынбыз.
Ел Президентінің Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау – баршамыздың ортақ борышымыз.
Руслан ӘЖЕНОВ,
“AMANAT” партиясы Махамбет аудандық филиалының атқарушы хатшысы