Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Ертеңгі береке бүгіннен басталады

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл облыстағы егіншілікпен шұғылданатын 240 шаруашылық субъектісі мен жеке секторды қоса алғанда 9653,7 гектар жерге егін өсіру жоспарланды. Оның 638,7 гектарына картоп, 3070 гектарға көкөніс, 1415 гектар алқапқа бақша және 4530 гектар жерге мал азығы дақылдары егілген. Ал былтыр көктемгі су тасқынының салдарынан егістік алқабының аумағы бұдан екі есеге жуық аз болған еді. Соған байланысты дақыл түрлері бойынша да егіс көлемі айтарлықтай кем болды.

– Биыл жағдай мүлдем басқаша. Жоспарланған жер толықтай жыртылып, көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Оның 450-і трактор, 330-ы ауыл шаруашылығы машиналары мен су сораптары. Науқанға қажетті шетелден жұмыс күшін тарту жөнінде облыс бойынша 670 квота бөлінген. Содан қазіргі уақытқа дейін 450 адамға рұқсат беріліп, жұмысқа қабылданды. 24 шаруашылық құрылымының сұранысына сәйкес кезекті маусымда 148 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлінді. Оны жеткізуші-оператор – «Таңжаров М.И» жеке кәсіпкерлігі мұнай ресурстарын ұстаушы тараппен шарт жасақтап, тапсырыс берушілердің отындары тасылып жатыр. Дизель отынын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізіп беру құны – 255 теңге. Ал шаруагерлердің өз күшімен тасымалдап алғандағы бағасы – 253 теңге, — дейді басқарманың бөлім басшысы Азат Қапанов.

Тұқым да, тыңайтқыш та жеткілікті

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 1916,1 тонна картоп, 3,68 тонна көкөніс, 2,83 тонна бақша және 72,48 тонна малазықтық дақылдардың тұқымы Атырау қаласындағы шетелдік тұқым өндіруші компаниялардың ресми дистрибьюторы – «Галион Агро» ЖШС-інен сатып алынады. Жоғары сұранысқа ие картоп тұқымы республиканың өзге өңірлерінен және Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, басқа да қалаларынан жеткізіліп отыр.

Биылғы егіс науқанына өңірден 60-қа жуық шаруа қожалығы жалпы көлемі 918 тонна тыңайтқышты қолжетімді бағамен сатып алуға келісім-шартқа отырған. Оның 869,5 тоннасы – аммиак селитрасы, 48,5 тоннасы – аммофос. Бұл да белгіленген кестеге сай тасымалданып, сұраныс берген шаруашылықтарға уақытында тасылуда.

Тиімді технология – табыс кілті

Биыл облыс бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістіктің көлемін 9600 гектарға жеткізу көзделген. Демек егін салатын алқаптың басым бөлігі осы жүйемен қамтылады деген сөз. Аталған жер көлемінің 5100 гектары тамшылатып, 4500 гектары жаңбырлатып суару тәсілімен баптап-күтіледі. Осылайша, тиімділігі жоғары, табысты технологиямен өсірілетін егіннің аумағы екі есеге жуық ұлғаяды.

Шығынның құны – жарты миллиард

Егін шаруашылығын дамытуға бағытталған бес бюджеттік бағдарламаның негізінде жергілікті бюджеттен 465,5 миллион теңге бөлінген. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметі шығындарының құнын субсидиялауға 345,6, тыңайтқыштардың құнын өтеуге 75,121, пестицидтерді сатып алу шығындарын қайтаруға 5,4, тұқым шаруашылығын дамытуға 19,9, басқа да басымдық берілген дақылдарды субсидиялауға 19,3 және тыңайтқыштардың құнын өтеу үшін 41,4 миллион теңге төленді.

Зиянкеспен күрес тоқтамайды

Өсімдік зиянкестерімен күрес бағытында да қолға алынған шаралар аз емес. Әсіресе саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 38731 гектар алқапта жүргізу жоспарланып, оған жергілікті бюджеттен 176 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Ал, 65100 гектар аумаққа үйірлі шегірткелерді жою үшін химиялық өңдеу жасалады. Оның 16100 гектарында азиялық шегіртке, 49000 гектарында итальяндық прус қамтылады. Бұл жұмысты «Магтоксин» ЖШС атқарады.

Түйін

– Бүгінде даладағы дүбір күшейіп, жекелеген өңірлерде тұқым себу жұмыстары мәресіне жетіп, толық аяқталды. Әсіресе, Атырау қаласы аумағы мен Махамбет, Индер аудандарындағы шаруашылық құрылымдарының қимылы ширақ, қарқыны жоғары. Тұтастай алғанда, облыс диқандары маңызды да жауапты маусымды ойдағыдай өткізіп, ертеңгі берекенің берік негіз қалауға жұмылған, — дейді Азат Қапанов.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button