Жарнама
Ауыл шаруашылығы

ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА!

*Конкурсқа

Құрманғазы ауылының тұрғыны, көпбалалы әке Алмат Туралиев жұмыссыз есебінде тіркеліп, 1 миллион 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды! Сөйтіп, сол ақшаға ауылшаруашылық бағытында бизнес ашып, табыс тауып тауып отыр.

amannn

Мұндай мүмкіндікке ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы ие болды. Енді өзін толықтай атыраулық агрономдар қатарына қоса алады. Жалпы, Алматтың «техник-оператор» деген дипломы бар. Бірақ, ауылда жұмыс табу қиынның қиыны екені бесенеден белгілі ғой. Ақыры, ол еңбек биржасына барып, жұмыссыз есебінде тіркеліпті. Осылайша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне де үзбей қатысып жүрген. Алайда, жұмыс берушілердің «біз сізге кейін қоңырау шалатын боламыз» деген құрғақ уәделері желге ұшқан. Сондықтан кейіпкеріміз мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті пайдаланып, көпбалалы әке ретінде грант байқауына қатысады. Қуаныш көп күттірмеді. Өткен жылдың көктемінде оған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 млн 380 мың теңге грант бұйырды! Бұл қаражат төрт аналық ірі қара мен бір бұқа сатып алуға көзделген. 

«Менің жобам мақұлданады деп ойламадым. Бірақ, жұлдызым жанып, жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылғандай болды. Енді күн сайын отбасымызбен ерте оянып, сиыр сауамыз. Бұл үшін кешке ерте көз ілуге тура келеді. Жұбайым жақында ғана балабақша тәрбиешісі болып жұмысқа орналасқан еді. Сондықтан оған көмек қолымды созып, мен де сиыр сауамын. Бұл мен үшін таңсық нәрсе емес. Өйткені, біз бұрын отбасымызбен Сүйіндік ауылында тұрған кезде мал ұстадық. Сол кезде үш отбасының екеуі міндетті түрде мал өсіретін-ді. Сонда күніне 10 литр сүт сауатын едік. Біз үшін осының өзі жеткілікті болатын. Сауылған сүтті көршілерімізге сатып, қалғанынан қаймақ пен сүзбе жасайтынбыз. Ал, сүттен жасалған өнімдердің бәрі де денсаулыққа, әсіресе, кішкентай бөбектердің иммунитетін көтеруге өте пайдалы  екені даусыз» дейді Алмат.

Расымен де, қазір балалар табиғи сүт, айран, ашымал, қаймақ, сүзбе, құрт, шұбат, қымыз дегендерді ұмытқалы қашан?! Олар супермаркетте самсап тұрған сырты жылтыр, іші «түтін» қытырлақ және тәтті тағамдарға әуес. Ал, бұл өз кезегінде ағзаның қорғаныштық қасиетіне нұқсат келтіріп жатыр. Себебі, небір қытайлық арзан өнімдердің сапасы қаншалықты төмен екенін тағамтанушы мамандар талай айтып жүр емес пе? Бірақ, балайқайлардың не жеп жүргенін бақылап жүрген ата-ана да байқалмайды. Неге десеңіз, олардың өздері темір телефонға телмірген күйі айналада болып жатқан жайттардан бейхабар. Міне, сондықтан мемлекет Алмат секілді ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген жастарды қолдау шараларын үзбеу керек. Сонда ғана облыс орталығында құмырсқадай қаптаған жастардың бір пайызы болса да ауданға ат басын бұрып, төрт түліктен тамаша табыс табады деп үміттенуге болады. 

Бүгінгі кейіпкеріміздің өзі егер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмаған жағдайда бірден бес мал сатып алу мүмкін емес екенін жасырмайды. Бұған дейін ол қандай кәсіпті қолға алсам екен деп жүз ойланып, мың толғаныпты. Қай бизнесті қараса да, бәріне де қаржылай капитал құю қажет екенін түсінген. Ал, ондай ақша оның түсіне де кірмепті. Міне, сол уақытта мемлекеттік грант та көмекке келе қойған ғой!

– Рас, қазір ешкім миллион тұрмақ, он теңгенің өзін оңайлықпен бере салмайтыны белігілі, — дейді А.Туралиев.

– Ендеше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастауымен қолға алынған бизнес-бағдарламаларға қатысып, неге бақ сынамасқа деп ойладым. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, мүмкін жолым болып қалар… Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласында беріліп жатқан гранттар – қайтарымсыз, яғни, ол қарызға берілмейді деген сөз. Басты міндет – отбасын асырайтындай табыс тауып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу ғана. 

Қалай болғанда да, бұрын елдің болашағы – жердің байлығында деп келдік. Енді «қара алтынның» алтын дәуірі де аяқталып келе жатқанға ұқсайды. Жер астындағы байлықтың өз өлшемі болады, оны да ойлау керек. Мұнай сарқылған кезде не істейміз? Бұл кезде көмекке тек ауыл шаруашылығы ғана келеді. Бір кездері алыс ауылдардағы ұжымшарлар мен кеңшарлардың бәрі жаппай жабылып, үлкен қателікке бой берілген еді. Бүгін осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Шүкір, ауыл шаруашылығының бүгінгі аяқалысы жаман емес. Бірақ, алда атқарылар іс көп. Сондықтан жастарды блогер болып, жеңіл табыс тапқанша, мал бағып, ел экономикасын еселеуге шақырар едім.

ШОРТАНБАЙДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ

Атырау өңірінде сонау ХVII ғасырдан бері балық аулаумен айналысатын ауыл бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Ендеше, бұл – Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылы. Оның осындай ерекше атау иеленуі де сондықтан деседі…

Атау демекші, кеңес дәуірінде бұл ауыл Чортанбай аталып келсе, еліміз егемендік алған соң өзінің қазақша нұсқасын қайтарып алды.

– Бұл жерде балық қабылдайтын зауыт та, білім беретін мектеп те, әкімшіліктің өзі де қазір сол өзгеріссіз күйде ауылдың бұрынғы атауымен аталады, — дейді ауыл ақсақалы Саясат Зұлхарнаев. – Тарихты қайта төңкеріп қарайтын болсақ, бір кездері мұнда ешқандай халық тұрмаған. Бірақ, осындағы су айдындары шоршыған шортандарға толы болған екен. Сөйтіп, 1900-жылдары бұл жерге орыс қожайыны ат басын тіреп, алғашқы балық қабылдау бөлімін салған. Кейін, 1937 жылдан бастап бұған уақ балық қабылдайтын бөлімдер қосылған. Осылайша, Шортанбай балық зауыты құрылып, 2000-жылдарға дейін ел игілігіне қызмет етіп келді (Қазір оған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. авт.). Осы кезде балық аулау және оны өңдеу жұмыстары қарқын алған болатын. Жұмысшыларға арнап жайлы жатақтар тұрғызылған. Содан қарапайым халық та үй салып, осы жерді қоныстана бастаған. Ал, бертін келе білім ұясы мен аурухана салынды.

Иә, бүгінде ауылда алаңсыз өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған деуге болады. Атап айтқанда, мектеп, балабақша, күндізгі стационар, мәдениет үйі, спорт кешені, газ, су, жарық, интернет – бәрі бар.

Ал, балық зауытына қайта оралатын болсақ, қазір ол қайта жаңғыртудан өтуде. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ол аяқталған соң, жаңадан бес балық сақтау орны пайда болмақ. Сондай-ақ, консервілеу, өңдеп сату бөлімдері ашылады. Сайып келгенде, бұл еліміздегі ең үлкен балық өңдеу зауыты болады.

– Құрылыс 2023 жылы басталды, — дейді құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Әлиев. – Барлық жұмыстар осы жылдың аяғында бітеді деп жоспарланып отыр. Мұнда қазір тоқсандай адам жұмыс жасап жатыр. Олардың 95 пайызы – жергілікті тұрғындар. Құрылыс аяқталған соң, мұнда балық өңдеу және қабылдау пункттері болады. Яғни, осы жерден дайын өнімдер шығарылатын болады. Сол сияқты, балық ыстайтын және қаптайтын цех, балық кептіретін орын, жүктеу және тиеу тамбуры, тоңазытқыштар, т.б. бар. Құрылыстың жалпы аумағы 24 мың гектарға созылады.

Расымен де, мұндай зауыт республикада бұрын-соңды болмаған. Ендеше, көп кешікпей тарихтың жаңа парағы ашылатын болады. Осы орайда, жұмысшы мамандығын жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірі – шортанбайлық Бейбіт Ғабдуллина. Ол осы зауытта 2018 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді.

«Осыдан тура жеті жыл бұрын ақпан айында осы зауытқа жұмысқа орналасқан едім. Тарихы сонау өткен ғасырдан басталатын өндіріс орнында жұмыс жасап жатқанымды мақтан етемін. Маусымдық кезде балық саны күрт көбейіп, жұмыс көлемі де арта түседі. Ондайда көршілес Жыланды, Көптоғай ауылдарынан жұмысшылар көмекке келеді. Қазір мұнда 45 адам жұмыс жасап жатыр. Соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Сәйкесінше, су маржандарының саны да азайып келеді. Себебі, олардың жүретін жолдары бітелуде. Ал, оны ашатын бұрынғы кеңес дәуіріндегідей алып техникалар жоқтың қасы. Соған қарамастан, қолдан келген істі атқарып жатырмыз» дейді ол.

БАЛЫҚ АУЛАУДАН ӨҢДЕУГЕ ДЕЙІН

Құрманғазы ауданы теңіз табанына жақын орналасқандықтан, мұнда балық шаруашылығымен айналыспау мүмкін емес. Бүгінде ауданда теңізден су маржандарын сүзіп қана қоймай, оны терең өңдейтін ірілі-ұсақты кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі – «Сәрсенбаев Ержан» мекемесі.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз аталған кәсіпорындағы балықшылардың тыныс-тіршілігімен танысқанды жөн көрдік. Әдетте ер азаматтардың күшіне сенім артатын мұндай мекемелердің тізгінін де солар ұстайтын болар деп ойлап едік. Бірақ, бұл жолы қателестік. Бізді Қарлығаш Өтепова деген жылы жүзді азаматша қарсы алды. Сондай-ақ, ол «Абылай – Хан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де директоры болып табылады екен.

«Мен бұл салаға кездейсоқ келіп, кідіріп қалған адаммын, — деп бастады әңгімесін нәзік жанды кейіпкеріміз. – 2000-жылдары жұбайым Еркін Көшәлиевтің қалауымен балық шаруашылығына араласа бастадым. Ал, оған дейін сол кездегі Атырау мұнай және газ институтында оқытушы болдым. Өкінішке орай, жолдасым 2005 жылы өмірден озды. Ал, бұл сол кісінің бастауымен құрылған кәсіпорын еді. Сөйтіп, асыл жарымның аманатын арқалап, бизнесті бастап кеткен болатынмын.

Мойындаймын, Еркіннің көзі тірісінде жұмыс барысы оңай көрінетін. Әсіресе, теңіздегі кемелер мен қайықтар бұзылып қалған кезде еш қиналмайтын едім. Кейін соның бәрімен өзімнің айналысуыма тура келді. Әйтеуір, қасыма білікті капитандар мен көмекшілерді жинап, жолдасымның жолын жалғастырып келе жатырмын. Шүкір, қазір сол кездегі қиындықтар артта қалып, тынымсыз еңбек түбінде жемісін беріп жатыр. Құрманғазы ауданындағы шаруа қожалығының өзінде отыз шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Оған қоса, Жайықтан балық аулайтын балықшыларымыз тағы бар. Олар таңның атысы, күннің батысы санаспай еңбек етіп, отбасыларын асырауда».

Міне, сөйткен Қарлығаш қанатымен су сепкендей балық аулау мауысмы кезінде жарты мыңға жуық адамды жұмыспен жарылқап, аймақ экономикасын дамытуға үлкен үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ, ол – бүгінде төрт қыз бен бір ұл өсіріп отырған көпбалалы ана.

Иә, маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Осындай адал еңбек иелерінің бірі Нұрлан Ермектің балықшылықпен айналысып келе жатқанына бірталай жылдың жүзі болыпты.

– Бір қарағанда, балық аулау адамның сүйікті ісі секілді көрінеді. Осыны меңзеп біреулер бұл кәсіп иелерін жұмысшы мамандықтар қатарына жатқызуға болмайтынын айтып қалып жатады. Бірақ, мен мұндай пікірмен келіспеймін. Өйткені, балық аулау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тіпті, қарапайым әуесқой балықшылықпен айналысу үшін де үлкен қызығушылық пен қабілет-қарым керек қой. Ал, бұл іспен кәсіби тұрғыда айналысу үшін асқан табандылық пен төзімділік қажет болады.

Рас, елімізде балық аулауды оқытып-үйрететін оқу орындары жоқ. Дегенмен, шетелде бұл кәсіптің қыр-сырын үйрететін арнайы білім ордалары әлдеқашан ашылған. Уақыты келгенде олар бізде де пайда болады деп ойлаймын. Себебі, жылдан-жылға қарапайым жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Неге деп ойлайсыздар ғой? Өйткені, қазір технология қарыштап дамыған сайын адам баласы қолмен жұмыс жасауды қойып, «ауызбен орақ оруға» әуестеніп барады.

Бүгінде байқасаңыз, жастардың дені блогер болуға құмар. Бәрі де ауыр жұмыс жасамай, жеңіл жолмен табыс тапқысы келеді. Сонда, қара жұмысты кім жасайды? Малды кім бағады, егінді кім егеді? Міне, алдағы уақытта осындай сұрақтар туындамас үшін де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі биылғы жылды Жұмысшы мамандықтарға арнап отыр. Мұның бәрі тегіннен-тегін емес, әрине. Мақсат – адал кәсіппен азық табудың мән-маңызын ұғындыру, — дейді ол бізбен әңгімесінде.

P.S. Олай болса, біз де көп ұзамай блогер мен мұнайшыдан бөлек, «балықшы боламын» деп армандайтын да атыраулық жастар өсіп жетілер деген сеніммен кейіпкерлерімізбен қоштастық.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button