
Ел болашағының берік негізі
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән беріп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл өте орынды қадам, себебі агроөнеркәсіп – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, экспорттық әлеуетті арттыратын, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайына тікелей ықпал ететін стратегиялық сала.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бұрын-соңды болмаған көлемде – бір триллион теңге бөлінді. Бұл – ауыл кәсіпкерлеріне тың серпін беретін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын қаржылық қолдау. Алайда тәжірибе көрсеткендей, басты мәселе қаражаттың көлемінде емес, оны тиімді әрі мақсатты жұмсауда. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің нақты, жүйелі әрі ұзақмерзімді жоспары болуы аса маңызды.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамаларға отандық қана емес, шетелдік инвесторлар да тартылып отыр. Соның нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту – ауыл экономикасын көтерудің бірден-бір жолы. Әр өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістен бастап, дайын өнімді дүкен сөресіне дейін жеткізетін бірыңғай жүйе құру – уақыт талабы.
Біздің аймақта да үздік агрокәсіпорындар бар екенін мақтанышпен айтамыз. Олар ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден бастап, оны терең өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға дейінгі толық циклді жолға қойған. Бұл – заманауи басқару тәсілдері мен цифрлық технологияларды енгізудің жемісі. Мұндай тәжірибені ел көлемінде тарату үшін мемлекет те, қоғамдық ұйымдар да қолдау көрсетіп, ортақ бастамаларға жол ашуы қажет.
Сонымен қатар, агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әсіресе ауылдан шыққан өнімнің еш шығынсыз әрі сапасы төмендемей тұтынушыға жетуі үшін тиімді логистикалық тізбек құру қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторлармен серіктестікті нығайту маңызды. Дегенмен отандық кәсіпкерлердің өздері де заман талабына сай болуы тиіс. Жасанды интеллект, автоматтандыру, смарт-фермалар сынды жаңа технологияларды меңгермейінше, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын қалыптастыру мүмкін емес.

Мал шаруашылығын дамыту – стратегиялық бағыттардың бірі. Ішкі нарықты сапалы етпен, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету – басты міндет. Сонымен қатар, өнімнің экспорттық әлеуетін күшейту арқылы шетелдік нарыққа шығу – Қазақстанның ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтереді. Бұл үшін нақты бағдарламалар әзірленіп, қаржыландыру жүйелі жолға қойылуы тиіс.
Тағы бір өзекті мәселе – импортқа тәуелділікті азайту. Бүгінде біз өзіміз өндіре алатын тауарлардың басым бөлігін сырттан тасимыз. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Әрине, 100 пайыз өзін-өзі қамту мүмкін емес шығар, бірақ негізгі азық-түлік өнімдері бойынша тәуелділікті қысқарту – Үкіметтің басты міндеті болуы керек. Сонымен бірге дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді шетелдік нарыққа шығарып, «Қазақстандық брендті» қалыптастырудың уақыты келді.
Ауыл шаруашылығы – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін сала. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды кешенді түрде жүргізу қажет. Мемлекет тарапынан үйлесімді саясат, ауыл кәсіпкерлерінің бастамашылдығы, ғылым мен инновацияның енгізілуі – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл өмірінің өркендеуінің басты кепілі.
Ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын жүйелі қолдау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Ақжібек САБЫРҒАЛИЕВА,
«AMANAT» партиясы Индер аудандық филиалының атқарушы хатшысы