Жарнама
Ауыл шаруашылығы

«Дастанның» өнімі – ауылдың өмірі

Маңдай тердің өтеуін көріп, жемісін теру, кәсібінің нәсібіне кенелу, соның арқасында құрметке бөлену – еңбек адамы үшін ең үлкен бақыт. Сондай бақытқа ие болып отырған жандардың санатында махамбеттік Қоныс Ермановты атауға болар еді.

1956 жылдың қазан айында Жайық бойын жайлаған Махамбет ауданының Ақжайық ауылында дүниеге келген ұл осындағы (ол кезде бұл елді мекен «8-ауыл» деп аталатын) Қызыл үй сегізжылдық мектебінде оқып, орталау білім алып шығады. Одан соң сабағын Сарытоғай ауылында жалғастырады. Мектепті бітірген жылы (1974) Целиноград (қазіргі ел ордасы – Астана) қаласындағы инженерлік құрылыс институтына түседі. Жиырма екі жасында жоғары білімді «инженер-құрылысшы» мамандығын меңгерген жас жігіт туған ауылына оралып, тұқым өсіруге маманданған «Ақжайық» кеңшарында құрылыс прорабы болып еңбек жолын бастайды. Кейіннен облыс орталығындағы «№99 құрылыс басқармасы» бірлестігіне учаске бастығы қызметіне тағайындалған.

Әрине, облыста бой көтерген әрбір ғимаратта (тұрғын үй, өндірістік және әлеуметтік нысан болсын) құрыш қолының таңбасы қалады. Әйтсе де, экономикадағы нарықтық қатынастар тұрмысымызға еніп, уақыт өз талабын жүргізген дәуірде Қоныс Амантұрлыұлы да кәсібін өзгертуді ойластырды. Сөйтіп, 2002 жылы кәсіпкерлікке бет бұрып, «Дастан» атты шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда кездескен қиындық та, кедергілер де аз болған жоқ. Әйтсе де, біртіндеп олардың бәрін жеңіп шықты.

– Әсіресе, аудан мен қалаға қатынайтын жолдың жөнсіздігі мен көліктің сенімсіздігінен жиналған өнімді тиісті жеріне – тұтынушыға жеткізу оңайға түспейтін, қолбайлау жайттар көп еді. Ұжымда қалыптасқан ауызбірлік пен ұйымшылдықтың арқасында оны жеңіп шықтық. Қазір соның бәрі артта қалды. Жол жөнге келіп, жағдай дұрысталды, ахуал оңалды. «Атырау–Индер» тасжолы салынып, тасымал төңірегіндегі күрделі проблемалар түбегейлі шешілді. Кәсібімізді егіншіліктен бастасақ, кейіннен атакәсіп – мал шаруашылығына да ден қойдық. Осылайша, екі шылбыр, бір тізгінді қолға алып, қатар дамытып келе жатқан жайымыз бар. Қолға алған ісіміз өз нәтижесін беріп, еңбектің өтеуі қайтып та келеді. Қазір «Дастан» шаруа қожалығында бірнеше ондаған адам тұрақты жұмыс жасап, нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр, — дейді Қ.Ерманов.

Бүгінгі таңда қала мен аудан тұрғындарын отандық көкөніс, бақша дақылдарымен қамтып, қала берді көршілес өңірлердің де қажетін өтеп отырған «Дастанның» өнімі қай кезде де өтімді, тұтынушылардың жоғары сұранысына ие. Жыл сайын ел ордасы – Астана қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де осы қожалықтың қатысуынсыз өтпейді екен. «Дастандықтар» ауыл-аймақты айтпағанда, облыс көлеміндегі қайырымдылық шараларынан да тыс қалмай, ізгілікті істерге өзіндік үлестерін қосып келеді.

Мұның сыртында, күнкөрісі нашар отбасылар, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мерзімді басылымдарға жазылуына жәрдемдесуді де берік дәстүрге айналдырған.

Бұған қоса, қожалықтың қаржылай демеушілігімен Ауған соғысында қаза тапқан жерлестерін еске алуға арналған кіші аяқдоп турнирі, өзге де спорттық сайыстардың өткізілгенін де ауылдастары мақтанышпен айтады.

Әлбетте, адал да абыройлы еңбектің қашан да елеусіз қалмайтыны кәміл. Соның куәсіндей, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы, Қоныс Ерманов 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталса, 2014 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды. Одан бөлек, түрлі деңгейдегі Алғыс хаттары да жетерлік. Былтырғы «Жыл кәсіпкері» облыстық байқауында «Үздік тауар өндіруші» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Ол отбасында да өзгеге өнеге-үлгі бола білген азамат. Жұбайы Үміт екеуі ұлы Рүстемнен өрбіген немерелердің сүйікті атасы мен әжесі.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button