Бір қозы артық туса…
Бүгінде облыста мал төлдету науқаны мәресіне таяп келеді. Мұны аймақтағы малды өңірлердің бірі – Исатай ауданының шаруашылық
құрылымдары табысты өткізуде.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы
Қадыржан Ермұхановтың айтуынша, қазірге дейін төлдеуге тиісті 11886 бас аналық мүйізді ірі қараның 11286-сы, ұсақ жандықтың 98%-ы, жылқы мен түйе
100%-ға жуық төлдеген.
Айта кету керек, өңірдегі атакәсіппен айналысатын шаруашылықтар негізінен Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінің аумағында Айбас, Мыңтөбе, Ұштаған, Сасық тау, Қаштай, Бекайдар, Үшқызыл, Есқали, Қызылүй, Шәуіптен, Жасқайрат елді мекендерінде орналасқан. Олардың қыстауы мен жайлауы осы төңіректе көрінеді.
-Жоспарланған төрт түлік түгелдей төлдеді. Тұяқ сетінеген жоқ, көрінгені
аман-сау жетіліп, енелеріне еріп, қатарға ілесіп кетіп жатыр. «Бір қозы артық туса,
бір түп жусан артық шығады» дегендей, осы жылғы қыс малға да, жанға да
жайлы тиді. Күн райы да қарасып, жемшөптен де қысылыс болмады. Қыс қарлы, көктем жаңбырлы болып, сай-сала суға толып, төрт түліктің аузы көкке тиіп,
шаруамыз оңынан болып жатыр. Шаруагерлердің арасынан белгіленген межеге мерзімінен бұрын және толықтай қол жеткізіп отырған Ақтолқын Есенәлиева, Жұмабек Әбішев жетекшілік ететін шаруа қожалықтарын айрықшалап айтуға болар еді, — дейді салалық бөлім басшысы Қадыржан Ермұханов.
Көп кешікпей малбегілер төлдету науқанын тәмамдап, қырқу жұмыстарына
кіріспекші. Одан соң жаз жайлауына қоныс аудармақшы. Осылайша, төрт түлікті аман сақтап, оны өз төлі есебінен көбейтуге дағдыланған исатайлықтар биыл өр суының мол келіп, көлтабанды алқаптарды толтырып, қырлыққа қарай шығуымен байланысты жайылымдық пен шабындықтан да тапшылық болмайтынына сенімді.
Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы