Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Бейнет емес – мал бағу

Шынында, әйелдің қолынан келмейтін іс жоқ. Ердің ері ғана көтерер мал шаруашылығы саласында жүріп отбасының ғана емес, тұтас бір мемлекеттің дамуы үшін де еңбегімен сүбелі үлесін қосып, бүгінгі қазақ қоғамының қалыпты дамуында да қалыс қалмай жүргендер қаншама. «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз осыдан қалса игі.

Ата кәсіптен нәсібін тапқан

Бүгінгі әңгімеміз осындай жандардың бірі, отбасы мен қызметінің тізгінін қатар ұстай білген жылыойлық малшы кәсіпкер, «Қуанышбек» шаруа қожалығының басшысы Айнагүл Оспанова. Жақында Айнагүл Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасына мүшелікке қабылданды. Оның үстіне жуырда отбасында қуанышты шара өткені бар. Соған қарамастан бізбен сұхбаттасуға уақыт тауып, кәсібі туралы үлкен сүйіспеншілікпен әңгімелеп берді.

Ол өзінің ғана емес, өзгенің де еңбек етіп, отбасын асырауына мүмкіндік беріп, жұмыспен қамтып отыр. Осындай ер жігіттерден қалыспай, еңбек етіп жүрген аруларды көргенде көңілің марқаяды.

Мал бағу біреулер үшін қарабайыр жұмыс көрінсе, Айнагүл Сиыққызы оны нағыз табыстың көзіне айналдырып, кәсібін ұршықша иіріп отыр. Бүгінгі кейіпкерімізбен Елордада жүздеген әйел көшбасшының басын қосқан Ауыл әйелдерінің республикалық форумында танысқан едік. Сырттай малшыға ұқсамайды, көп сөзге жоқ. Байқағанымыз, сол жердегі кәсіпкер келіншектердің көбімен таныс секілді. Сөйтсем, жылда бас қалада өтетін ауыл шаруашылығының жәрмеңкелеріне келіп, өнімдерін ұсынады екен.

Дарақ бір жерден көгереді

Қазақта «дарақ бір жерден көгереді» деген нақыл сөз бар. Былай қарағанда қарапайым ғана естілетін осы сөздің астарына үңілсеңіз, терең мағына жатқанын аңғарасыз. Қайсыбіріміз бұл даналықты өзімізге ыңғайлап, хал-қадірімізше пайдаланып жатамыз. Айнагүл көзін ашқаннан көрген төрт түлікке ғұмырын арнап келеді.

– Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылында 1983 жылы өмірге келдім. Әкем Сиық пен анам Мәдина – бүкіл ғұмырын қара жұмысқа арнаған шопандар. Кеңшардың қойын бақты. Бала кезімде көп армандайтынмын, арманшыл болатынмын. Қияларға самғайтынмын ойша. Бірақ, ер адамның, сырттың жұмысына икемді едім. Ата-анамыз санамызға «Мал бағу – бейнет емес, береке» деген ұғымды сіңірді. Расында, мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыздың басты ырыс-несібесі де, сайын даланың сәні де мыңғырған төрт түлік мал болды емес пе? Мал шаруашылығы – қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсібі, — деп еске алады балалық шаққа бір сәт ойша оралған Айнагүл.

Көпбалалы шопандар отбасында өскендіктен де болар, жастайынан еңбекті сүйіп, мал шаруашылығының қыр-сырын бір кісідей-ақ біліп өседі.

Үлкен өмірге құштарлық

Расында, үлкен өмірге деген құштарлық, іңкәрлік атаулы бала кезден бастау алады да, уақыт талабына қарай саналы да мағыналы өмірге ұласады. Адам баласы жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған, сүйген ісіне қарай икемделіп, бейімделе бастайды. Осы салада еңбек етіп жүрген өнегелі өмір адамдарынан үлгі алып өседі. Айнагүл де қара жұмыста қалтарыссыз еңбек еткен ата-анасына еліктейтін. Өмірде не қызметте болсын, жауапкершіліктен жалтармауға үйренді. Мақтанышы болуға ұмтылып, үмітін ақтауға талпынатын.

Алтын ұя мектебін «жақсы» деген бағамен аяқтаған ол ауылдасы Наурызбай Дәулетқалиев есімді азаматпен отау құрады. Ол кезде Наурызбайдың азын-аулақ жеке малы болатын. Алғашқы жылдары сол малдың қамымен қырда тұрады. Ал, 2007 жылы жер алып, шаруа қожалығын құрған екен. Жаңа қожалықты үлкен ұлдары Қуанышбектің есімімен «Қуанышбек» деп атайды. «Бұл атау қазір маған жолдасымның балажандылығының бір белгісіндей көрініп, аса ыстық сезіледі» деп еске алады көзі жасаураған Айнагүл.

Оның да себебі бар еді… 2017 жылы ойламаған жерден жолдасы Наурызбай өмірден өтеді. Тағдырдың ең ауыр сынағымен бетпе-бет келген ол есін тез жиып, жәутеңдеген 4 баласының бар жауапкершілігі өз мойнында екенін ұғынады. Наурызбай да көзі тірісінде балаларын қатарынан кем қылмай, ешкімге жаутаңдатпай өсіруді армандаушы еді. Осылайша, тағдырдың сынына сынбай, атакәсіпті жалғастырып, отбасының әл-ауқатын ойластырудың маңызды екенін түсініп, бизнес, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына ден қояды. Оның үстіне жұмысты тоқтатпау керек болатын. Әрине, шаруаны өрге сүйреу оңай емес екенін де түсінді.

– Бірақ, басыңа түссе бәріне де шыдап, үйренеді екенсің. Тек еңбек, талпыныс, шыдамдылық керек. Біз негізінен, қой мен түйе малын өсірдік. Шаруаның басы-қасында жүретін отағасымнан айырылған соң шаруашылық тізгінін өз қолыма алуыма тура келді. Оның жұмысын ақсатпай, керісінше, алға жылжыта түсу үшін, қолымнан келгеннің бәрін жасауға күш салып келемін. Жолдасымның бауырлары да қолдап, көмектерін көрсетті. Мал шаруашылығы мен үшін «білмеген жердің ой-шұңқыры көп» дейтіндей, белгісіз сала емес. Бала күнімде ата-анама, кейін жолдасыма көмектесе жүріп жиған, ойға түйген тәжірибем бар еді, — деген іскер әйел алдымен өзінің кәсіпкерлігінің табысты болуының басты құпиясы еңбекте екенін айтты.

Алдағы күнге сенімді қадам

Ол алдымен қолдағы қойларды сатып, орнына көрші Батыс Қазақстан облысының Базартөбесінен 40 бас асылтұқымды қазақтың ақбас сиырын алғанды жөн көреді. Себебі бар ауыртпалық бір өзіне түскеннен кейін, ісін жеңілдету жағын ойлайды. Бесенеден белгілі, қойға қарағанда, сиыр малын бағу әлдеқайда жеңіл және асылтұқымды бұқаларды сату да оңайға түседі. Қазіргі таңда шаруашылықтың бұқалары сұранысқа ие. Оларды сату тиімді. Оның айтуынша, бір жасар бұқашықтар 350-400 мың теңгеге өтеді. Ал, асылтұқымды сиыр алған кезде мемлекеттен 150 мың теңге субсидия төленеді. Бұл – шаруа адамына үлкен көмек. 2019 жылы күн сәулесінен қуат өндіретін панельдер де сатып алған екен. Оның да құнының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланды.

Бүгінде қанатын кеңге жая бастаған шаруашылықтың 1500 гектар жері бар. Мал саны өсіп, жұмысы ілгері басқан. Нәтижесі жаман болған жоқ. Жүзге жуық мүйізді ірі қара, 80-нен астам түйе мен 40 жылқы бағылады. Жаз мезгілінде Ақмешіттің арғы жағына қарай жайлауға көшеді. Ал, қыста Ақінгенге орналасады. Шаруашылық иесі біраз уақыттан бері өздерінде еңбек етіп келе жатқан жұмысшыларымен мақтанады. Себебі, олар барда еш алаң жоқ әрі сенімді. Бірі Камаз жүргізіп, жем-шөбін тасыса, енді бірі мал бағып, қора-қопсыға қарасады. Енді бірі базарға апарып етін сатады, сауыншы да бар.

– Аудан және облыс орталықтарында, тіпті Астанада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне де қатысып, халыққа арзан бағамен ет пен сүт өнімдерін ұсынып жүрміз. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларына да мүмкіндігінше атсалысып тұрамын, — дейді малшы кәсіпкер.

Орнында бар оңалар

Айнагүл Оспанованың айтуынша, ауыл, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің де оң әсері болған. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде қожалық иесі мал басын арттыруды көздеп отыр.

Айнагүл Оспанова – төрт баланың анасы. Сонымен бірге жиен-немере сүйіп отырған бақытты әже. Кәсіпкер әйел ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында облыс, аудан жұртшылығының көзіне түсіп, ел мақтанышына айналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, әр жылдары аудан, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның бойындағы табандылық пен тек әйел затына тән қажырлық қасиетіне тәнті болдым. Ол  ең ұлы бақыт – әйел, ана бақыты турасында да сыр ақтарды. Еңбек жолында айтарлықтай жетістіктерімен дараланып жүруінің де бір себебі – отбасындағы қалыптасқан түзу тәрбие мен тәртіптің жемісі.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button