Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласына санақ жүргізіледі

Атырау облысында 1 тамыз бен 20 қазан аралығында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының АОД басшысы Нұржан Құмарғалиев мәлімдеді.

Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – елдің аграрлық секторының нақты жағдайын анықтап, мемлекеттік саясатты тиімді жоспарлауға қажетті деректер алу.

– Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан әрбір азаматтың санаққа белсенді қатысуы аса маңызды, — деді Н.Құмарғалиев.

Санақ екі кезеңде өтеді. Алғашқысы 1–31 тамыз аралығында онлайн сауалнама ретінде sanaq.gov.kz сайтында өтсе, 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер үй шаруашылықтарын аралап шығады.

Бұған дейін 1–30 маусым аралығында Құлсары қаласында респонденттер тізімін нақтылау мақсатында алдын ала аралау (листинг) жүргізілмек.

Сауалнамаға өсімдік, мал және балық шаруашылығымен айналысатын барлық заңды тұлға, сондай-ақ бақшасы мен үй жануарлары бар жеке үй шаруашылықтары қатысады. Аймақтағы санақ шамамен 58 мыңға жуық үй шаруашылығын және төрт мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісін қамтиды.

Санақты жүргізу үшін өңір бойынша 120 интервьюер тарту жоспарланған. Бұл үшін арнайы оқытудан өткен жұмыссыз азаматтар мен студенттер уақытша қызметке орналастырылады. Интервьюерлер планшет сынды заманауи техникалық құралдармен толық қамтамасыз етіледі.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен Статистика департаментінде интернетке қосылған өзін-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алуға sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгінуге болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button