
АТЫРАУЛЫҚ ШАРУАЛАРДЫ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?..
*Конкурсқа!
Мемлекет басшысы Үкіметке шаруаларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ендеше, бұл тапсырма жергілікті жерлерде қалай орындалып жатыр? Біз мұны шаруагерлердің өздерінен білмек болдық…
Қымбатшылыққа кім кінәлі?
«Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін екенін ескерткен еді. Расымен де, қазір қымбатшылық қыза түсті. Жә, жаңа киім алуға жағдайымыз жетпесе, жыртығымызды жамап тәсілін табармыз. Ал, күнделікті ішіп-жеп отырған нан-суымыздың бағасы бас бермей жатса, қалай күн көрмекпіз?!
Махамбет ауданы Есбол ауылдық округінің 14-ауылында егіншілікпен айналысып отырған «Темірлан агро 7661» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Оның жетекшісі Айнұр Рахматуллина үш жылдан бері жергілікті тұрғындарды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп келе жатқанын айтады. Биыл да ол 210 гектар аумаққа егін егіп, жемісін жеп отырған жайы бар. Тек бір «әттеген-айы»…

– Осыдан бес жыл бұрын Президент «Алқаптан сөреге дейін» атты жобаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. Соны іске асыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Себебі, қымбатшылықпен күресудің басқа жолы жоқ сияқты. Базарда баға аспандаса, тұрғындар оған өнім өндірушілерді кінәлайды. Бірақ, атыраулықтарды отандық өніммен қамтамасыз ету үшін барын салып жүрген мен сияқты қарапайым диқаншылардың айыбы жоқ қой. Біз маңдай терімізді төге егін егіп еңбек еткенімізбен, оның өнімін өткізе алмаймыз.
Жасыратын несі бар, өзім өсірген көкөністерімді таңғы сағат бесте базарға әкеліп арзан бағамен сатамын. Бірақ, оны ортадағы делдалдар дымын қалдырмай сатып алады да, қоймаларына сақтап қояды. Кейін қымбат бағамен шетінен тұрғындарға сатып отырады. Ал, мәселен, менде ондай қойма жоқ. Осы орайда, мемлекет біздерді қоймамен қамтамасыз етсе, жақсы болар еді. Түптеп келгенде, бәріміз де бір терінің пұшпағын илеп отырмыз ғой. Мақсатымыз ортақ– халыққа арзан өнім ұсыну, – дейді кәсіпкер.
Алыпсатарлардың айласы
Бизнесвумен ұсынып отырған тағы бір бастама – шаруа қожалықтары мен супермаркет иелері өнім өткізу жөнінде өзара келісімшартқа отырса, бәлкім арадағы делдалдық қызметтен құтылар ма едік?! Тіпті, ең болмаса, жергілікті өнім өндірушілерге арнап сауда орындары ашылса, бұл да біраз көмек болар еді. Халықтың да сұрап отырғаны – осы. Ал, шағым айту,болмаса ақыл-кеңес алу үшін қолдау орталықтарына қоңырау шалған кәсіпкерлерге ешкім жауап бермейдіекен. Субсидия да уақытында берілмейтін көрінеді.
– Мысалы, мен сәбізімнің келісін 80 теңгеден сатсам, оны делдал 250 теңгеге өсіріп жібереді. Ал, 85 теңгеден қарбыз сатпақ болып базарға барғанымда ондағы әкімшілік өкілдері мені кіргізе қоймады. Сөйтсем, онда Шымкенттен әкелінген қарбыздар сатылып жатыр екен. Бағасы 350 теңге екенін естігендежағамды ұстадым… Сатушыға қарасам, қарақалпақ азаматы екен. Бұлар біздің елге ешқандай салық төлемейді ғой! Яғни, экономикамызды еселеп жатқан ешбірі жоқ. Демек, бұл – көлеңкелі бизнес көзі десек, артық айтқандық емес. Ендеше, өз өнімімізді өткізе алмай жатқанда, өзгелердікін жарылқап жатқанымыз қалай? – деп ашынады диқаншы әйел.

Атыраулық егіншілерді қынжылтатын тағы бір мәселе – жанар-жағармай мен коммуналдық төлем тарифінің тым жоғары болуы. Мәселен, біз әңгімелесіп отырған Айнұр Рахметуллина былтыр жарық пен судың әрқайсысына 3 миллион теңгеден жұмсағанын айтады. Ол мемлекет тарапынан шаруагерлерге жеңілдіктер қарастырылғанын қалайды.
Келесі мәселе – өндірістен шығатын химиялық қалдықтарды тиісті мекемеге тапсыру үшін де кәсіпкерлер ақша төлеуі керек екен. Ал, айталық, Нұр-Сұлтан қаласында керісінше, қалдықты қабылдайтындар төлем жасайды. Сонда қалай болғаны? Атырауда қалдықтарды кәдеге асыратын бірде-бір мекеменің болмағаны ма? Әлде, қалдықтың өзі де сырттан әкеліне ме? Оның үстіне, өңірде полиэтилен өнімдерін шығаратын алып зауыт бар. Кәсіпкерлер сол жерге тегін тапсыруға да дайын екендерін айтады, тек қабылдап алса болғаны. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керектігін Президенттің өзі айтты емес пе?! Олай болса, тапсырма орындалуымен құнды.
Қазылған жер көмілмейді
Ал, атакәсіп – мал шаруашылығымен күнелтіп отырған жандардың жайы нешік? Оларды не мазалайтынын білу үшін біз Қайыршақты ауылдық округіндегі Соколок каналының арнасындағы шаруашылықтарға арнайы бас сұқтық. Мұнда барлығы 25 шаруа қожалығы жылқы мен сиыр өсіріп, адал кәсібінің нәсібін көріп отыр екен. Бірақ, жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Ендеше, солардың бірқатарының түйінін тарқатып көрсек…

Осындағы «Ешім» шаруа қожалығының басшысы Қылышбай Есім бүгінде шаруалардың бас ауруына айналған бірнеше проблеманы алға тартты.
– Мен шаруашылықтарға тоқ тарту қажеттігін жауапты әкімдік мамандарына айтып жүргеніме алты жылдың жүзі болды, – дейді ол. – Бірақ, әлі күнге шейін бір жауап жоқ. Шаруашылық нысаны орналасқан аумаққа жақын жерде тоқ желісі бар. Трансформаторды өзіміз-ақ қондырып аламыз. Тек әкімдік рұқсат берсе болғаны. Ал, кезінде құрғақ уәдемен құтылып кеткен әкімдер кейін ауысып шыға келді.
Екінші мәселе – жер экологиясына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Экология десе тек ауа мен суды ғана айтамыз. Ал, топырақтың күтімін неге ойламасқа? Айтайын дегенім, шаруашылық алқабында ойқы-шойқы болып қазылған жерлер көп кездеседі. Бұл – карьерлердің орны. Заңға сәйкес, оны көму немесе орнына жасыл желек отырғызу, яғни, рекультивация жұмыстары жүргізілмеген. Енді оның орны тереңдігі 3-4 метрге кететін тіке жар болып қалған. Оған барып мал құлап жатыр. Тіпті, карьерге келетін КамАЗ көліктері бір жолмен жүрмей, жайылымдағы шөпті де таптап бүлдірген. Бұл жерге енді 4-5 жыл өтпей шөп шықпайды деген сөз.
Бұл мәселеге қатысты округ әкімі Шапхат Қалиевке хабарласқанымызда ол карьер қазуға рұқсат бермеген болып шықты. Сөйтсек, карьер Қайыршақтыда орналасқанымен, оны қазушылар Мақат ауданынан келеді екен.
Каналға су жібермейді…
Малшыларды мазалап отырған тағы бір жайт – мал суаратын суаттың жоқтығы. Анығын айтқанда, Соколов каналында су болмаған соң, амал жоқ, мал Қызылтығыл каналына келеді. Бұған да округ әкімінің жауабы дайын.
– Шаруалар мәселені шұғыл шешіп беруді сұрайды. Бірақ, каналға су жіберу тек менің құзырымда ғана емес қой. Бұған жауапты «Қазсушар» деген мекеме бар. Сондағы мамандар заңға сәйкес әрекет етуі тиіс. Әзірге жердің құжаттары реттеліп, енді технкиалық құжаттар жасақталып жатыр. Егер канал техникалық талаптарға толықтай сай келсе, оған дереу су жіберілетін болады. Қажетті қаражатты бөлу мәселесі де жоспарға енгізіледі, — дейді ол.

Бірақ, «Шопан ата» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының Атырау филиалының директоры Ғазиз Ғабдуллин мұнымен келіспейді. Оның ойынша, мәселені тез арада шешуге ең алдымен жергілікті әкімнің өзі мүдделі болуы тиіс. Себебі, шаруалар соған ғана сенім артады. Оларға қол ұшын берер басқа ешкім жоқ. Яғни, әкім жауапты мекемелерге тиісті талап қоя білсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Айтуынша, каналға дайын суды айдамау – Президент тапсырмаларын орындамаумен бірдей.
P.S.:
Міне, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған атыраулық кәсіпкерлердің бүгінгі ахуалы – осындай. Соңғы кезде менмұндалап жүрген тағы бір мәселе бар. Бұл – шаруашылықта қарапайым жұмысшылардың жетіспеуі. Әкімдіктегілеркәсіпкерлерге студенттерді жұмысқа алуға кеңес беруде. Бірақ, шаруагерлер әр үйдің еркетотайын тәрбиелеп отыруға уақыттары жоғын жасырмайды. Әрі, шаруашылықта жүрген жастар суға батып кеткен жағдайлар да жоқ емес. Яғни, біреудің балалары үшін ешкім жауапты болғысы келмейді. Сондықтан, бұл мәселеге басқа қырынан келу керек сияқты. Одан әрісін уақыт көрсетер.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ