Атырауға вице-министр іссапармен келді
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапарымен Атырау облысында болды. Сапар барысында ол жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Онда еліміздің аграрлық саласында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
- Биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық қаржыландыру көздерінен жалпы сомасы 4,9 млрд. теңге қаражат бағытталды. Оның ішінде, егін шаруашылығына – 657,5, мал шаруашылығына – 3,1бөлінді. Жыл басынан бергі 11 айда қаралған қаражаттың 4,7 млрд. теңгесі игерілді. Бұдан бөлек, 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен берілетін «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 1,5 млрд. теңге бөлініп, күні бүгінге соның үштен бір бөлігі игерілген. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша ауыл шаруашылығымен айналысатын 60-қа жуық кәсіпкер жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етіліп отыр, — деді вице-министр өз сөзінде.
Оның айтуынша, өңірде көктемгі дала жұмыстарынан бастап, күзгі жиын-терім, қыстық мал азығын дайындау тәрізді науқанды жұмыстардыңжоспары толығымен орындалған.Субсидиялауға қаралған 3,1 млрд. теңге қаржының мерзімді әрі мақсатты игерілуіне күш салынған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, жайылымдық және шабындық жерлердің мәселесін шешу, жаңа мемлекеттік қолдау жүйесін енгізу, т.б. төңірегінде біраз шаруаның іске асқаны мәлімделді.
Вице-министрмен кездесуге келген шаруашылық құрылымдарының өкілдері жасалған жұмыстарды мақұлдап, қордаланған проблемаларын да алға тартты.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ