Атырау облысында өндірілген өнім көлемі артты
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек».
Мемлекет басшысының Жолдауында аграрлық саланың алдына осындай келелі міндеттер қойылды. Осы тұрғыда облыстың агроөнеркәсіп секторында қандай жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асырылды? Ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген едік. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың айтуынша, биылғы он айда облыста жалпы сомасы 105,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның 39,7 млрд. теңгесін егіншілік, 63,4 млрд. теңгесін мал шаруашылығы құраған. Нақты көлем индексі – 101,8%. Есепті мерзімде төрт түліктен де мал басының өсіміне қол жеткізіліп, ет пен сүт өндіру жоспары артығымен орындалыпты. Егін шаруашылығында да қомақты табыстарға қол жеткізілген. Малға қажетті қыстық азық қоры да жеткілікті мөлшерде дайындалды.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі
Бүгінде ауыл шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары өзінің нәтижесін беріп келеді. 2023 жылы тек мал шаруашылығы құрылымдарын қаржылай қолдауға қазынадан 3,1 млрд. теңге қаражат қаралды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығын сатып алу шығындарын өтеуге немесе құнын арзандатуға 2,1 млрд. теңге бөлінді. Сондайақ, асылтұқымды түлік өсіретін шаруашылықтарды дамытып, өнімділігі мен өнім сапасын арттыру бағыттарына барлығы 1 млрд. теңге сомасында субсидия төленді. Облыста өсімдік шаруашылығын өркендетумен байланысты төрт бюджеттік субсидиялау бағдарламасы жұмыс жасайды. Осы жылдың өзінде бұл мақсатқа 446 млн. теңге бөлініп отыр. Нақтылай кетсек, қаржы тыңайтқыштардың және пестицидтердің құнын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметі шығындары құнын өтеуге жұмсалды. Сонымен қоса, биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін инвестициялық субсидиялауға (130 шаруашылыққа) бюджеттен 619,6 млн. теңге қаржы бағытталыпты. Атап айтқанда, бұл сома ауыл шаруашылығы техникаларын, машиналар мен жабдықтарын сатып алуға, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етуге, суару жүйелерін және тамшылатып суару жүйесін жетілдіріп, кеңейтуге, т.б. қажеттіліктерге жұмсалған болып шықты. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, ауыл шаруашылығының қай саласында болмасын, өнім молшылығы мен сапасына, мал басының өсімі мен асылтұқымды түлік өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар санының көбеюіне, тұтастай алғанда, атакәсіппен және егіншілікпен айналысуға ынталы адамдардың саны артты. Бұл аймақта ғана емес, елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізді.
Тиімді технология – табыс көзі
Осы жылы облыстағы егістік алқаптың аумағы 10 300 гектарға жуықтады. Оның 4 мың гектардан астамын малазықтық дақылдары қамтыса, қалғаны көкөніс, бақша және картоп дақылдары егіндігінің еншісіне тиесілі. Айрықшалап айтарымыз, жыл санап өңірде тиімділігі жоғары, яғни су үнемдеу технологияларымен өсірілетін егістіктің көлемі ұлғаюда. Осылайша, биыл ол 5 320 гектарға жетіп, облыстағы егін алқабының тең жартысынан астамын құраған. Осынша алқаптың 3 323 гектарына – тамшылатып, 1 200 гектарына жаңбырлатып суару тәсілі қолданылуда. Тиісінше, тиімді технология мол да сапалы өнім жинап, табысқа жетуге жол ашып отыр. Сөзіміздің дәлеліндей, көктемгі дала жұмыстарының барысында туындаған қиындықтарға, ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, облыс диқандары жылдағыша биыл да бітік егін өсіріп, ел ырысын ысырапсыз да толық көлемде жинап алуға қол жеткізді. Науқанды жұмыстар кезінде шаруашылықтардың жеңілдетілген бағадағы тыңайтқыштармен, жанаржағармаймен қамтамасыз етілуіне қолайлы жағдай жасалды.
Инвестициялық жоба – игіліктің бастауы
Салалық басқарма басшысының сөзінше, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, ауыл шаруашылығында жалпы сомасы 23 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Өткен жылы құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып, ондаған жаңа жұмыс орны құрылған болатын. Ал, биыл тағы да 9,4 млрд. теңгеге бағаланған сонша жобаны іске қосып, 130- ға жаңа жұмыс орнын ашу жоспарға енгізіліпті. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі жобаларды қаржыландыру бағытында 2,5% жылдық қайтарыммен несиелендіру арқылы Солтүстік Қазақстан облысының пилоттық жобасын өңірімізде қолдануға Атырау облысы бойынша төрт инвестициялық жоба ұсынылған.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Әрине, қол жеткен жетістіктер мен жүзеге асқан жобалар, алдағы уақытқа межеленген жоспарлар бола тұра, ауыл шаруашылығында шұғыл шешімін күткен проблемалар да жеткілікті. Олар негізінен шабындық, жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі, су көздерінің тапшылығы, суландыру жүйелері мен техникалардың тозуы, өңдеу өнеркәсібінің өркендемеуіне байланысты проблемалар. Мұның бәрін кезеңімен шешу уақыттың еншісіндегі мәселелер. Қуатты Қазақстанның қуатты өңірден басталатынын ескерсек, таяу болашақта ауыл шаруашылығы даму деңгейі жөнінен өнеркәсіптен де жоғары ілгерілеп, ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, кейбір кейіндеп қалған тұстардың барлығына қарамастан, тұтастай алғанда, аймақтың аграрлық саласында алға басу байқалады.
Облыстағы асыл тұқымды мал шаруашылығының саны – 53
Көктемгі дала жұмыстарына 800, күзгі жиын-терім науқанына 126 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлінді *Биыл шаруашылық құрылымдарына 1 200 тонна минералдық тыңайтқыш төмендетілген бағамен сатып алынды *2022-2025 жылдарға арналған ауыл халқының табысын арттыру пилоттық жобасына республикалық бюджеттен 1 504 млн. теңге бөлінді *«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бюджеттік несиелерді беру ережесі бекітіліп, ауыл тұрғындарынан қабылданған 70 өтінім қаржыландырылды
Дәулетқали АРУЕВ