Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Аймақтың дамуы ауылдан басталады

Ауыл шаруашылығы саласында қордаланған проблемалар бар. «Ендеше, еліміздің агрокешенін дамытуда қандай шаралар қолданылуда?» деген сұрағымызды «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облыстық өңірлік филиалының төрағасы Қадыржан Арыстанға жолдаған болатынбыз.

– Мемлекет басшысының Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа тәсілдердің қажеттігі, қазір бидай мен мал сатып отыратын заманның өткені туралы айтылған болатын. Бұл тұрғыда Сіздің пікіріңізді білсек…

– Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды азаматтық қоғамды дамытуға түбегейлі бетбұрыс, халықтың талап-тілегіне, сұранысына оң көзқарас деп бағалауға тиіспіз.

Қоғамда көптен бері талқыланып, шешімін таппай келе жатқан өте өзекті және түйткілді мәселелерге Президент Жолдауында толық жауап берілді деп ойлаймын. Ең бастысы, осыдан екі-үш жыл бұрын ұсынылған бағыттың нақты жалғасы барын аңғардық.

Елімізде жарияланған реформалар «Жаңа әділетті Қазақстанның» негізін қалап, ары қарай шынайы демократиялық жолмен дамытудың барлық алғышарттарын қамтитын болады. Сондықтан да біз ел Президенті ұсынған саяси, конституциялық, экономикалық және әлеуметтік реформалардың іске асырылуына өзіміздің үлесімізді қосамыз.

Экономика саласында Қазақстанның аграрлық державаға айналуына және урбанизацияға негізделген партияның экономикалық стратегиясы ұсынылды. Сондай-ақ экономикалық саясаттың қағидаттары айқындалды. Бұл –агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамытудың басымдығы, жер қатынастарын жетілдіру, тағы басқа жағдайлар. Бизнесті ұйымдастырудың кооперативтік нысандарын қолдау үшін біз Конституцияға тиісті түзетуді енгізуге бастамашы боламыз.

Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік тауарларын өндірушілер мен терең өңдеу кәсіпорындары үшін ынталандырушы салық саясатын қабылдау, ауыл шаруашылығы өнімін отандық экспорттаушылар үшін түсінікті және ашық тетіктер жасау мақсатында ауыл шаруашылығы өніміне ішкі квота тетігін енгізу, жаңа инновациялық жобалар үшін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру бойынша коммуналдық тарифтерді бекіту және белгілі бір мерзімге жеке салық салу бойынша мемлекеттік кепілдіктерді енгізу, субсидиялар беру қағидаларының тұрақтылығын жеңілдету және қамтамасыз ету жоспарда бар.

Алдағы реформалық өзгерістер партиямыз үшін үлкен мүмкіндіктер тудырумен қатар, зор жауапкершілік те жүктейді. «Ауыл» партиясының құрылғанына 20 жылдан асқанын ескерсек, оның өзіндік тарихы бар, саяси бәсекелестіктегі тәжірибесі мол екендігіне шүбә жоқ. Партия жұмысының негізгі бағытының бірі ауылдардың даму кепілі – ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысты.

Президент еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиістігін жиі айтады.

Жалпы аграрлық сала рентабельді болуы үшін оған бөлінетін субсидия көлемі Жалпы ішкі өнімнің 12-15 пайызынан кем болмауы керек. Оның үстіне барлық дамыған елдер шаруаларға 1-2 пайызбен несие беретін болса, біздің қаржы институттары мен екінші деңгейдегі банктердің беретін несиелерінің үстемесі 18%-дан төмендеген емес. Мұндай жағдайда аграрлық саланы дамыту мүмкін болмасы айдан анық.

Біз орта және шағын фермерлік қожалықтарға берілетін несиелердің үстемесін 2-3%-дан асырмауға қол жеткізуіміз қажет. Ондай жағдайда  көптеген субсидия түрлері өзінен-өзі қажеті болмауы да мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына зор мүмкіндік береді.

Президент аграрлық салада озық технологиялардың тапшылығына да тоқталған еді. Озық, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу оңай шаруа емес, ол ауқымды қаражатты қажет етеді. Сондықтан, Президент айтқандай, «шаруалардың өзара ұжымдасуы» ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер мен серпіліс берер еді.

– «Ауыл шаруашылығын дамыту экономиканың қозғаушы күші –  кәсіпкерлікті, яғни шағын және орта бизнесті дамытуды, орташа таптың қалыптасуын жеделдете ала ма?» деген сұрақ туады.

– Иә, ауыл шаруашылығын дамыту дегеніміздің өзі ауыл мен селоларда кәсіпкерлікті дамыту, ондағы орта және шағын бизнесті қолдай отырып, оны жоғары салаға айналдыру. Ал, кәсіпкерлікті қолдауды іске асыру негізінен үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – жаңа бизнес ұсыныстарды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экспортқа бағытталған өндірістерді субсидиялау. Міне, осы бағыттарды ойдағыдай жүзеге асыру тек банктерге емес, кәсіпкерлердің өздеріне, олардың белсенділіктеріне тікелей байланысты болмақ.

Мемлекеттік органдардың жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі индустриялдық жобаларды іске қосу болып табылады. Бұл кәсіпкерлердің жаңа толқынын туындататын аймақ экономикасының артуына игі ықпал етеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің несиелерін пайыздық мөлшерлі субсидиялау, кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындарын қарастыру шаралары көзделіп отыр. Алайда, еліміздегі әр өңірдің өзіндік табиғи, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты, бұл жұмыс үлкен жүйелілікті, бірізділікті талап етеді.

– Өзіңіз ауылдық жерлерде іссапарда жиі боласыз, осы орайда ауыл шаруашылығын дамытуда нендей мәселелер туындап жатыр?

– Саладағы жүйелік кемшіліктерге келетін болсақ, өкінішке қарай, тозған жерді қалпына келтіру жұмыстары әзірге төменгі деңгейде қалуда. Жайылымдық жерлер мал шаруашылығы дамуының негізі болып саналады. Оларды геоботаникалық тұрғыдан зерттеп, үстірт және түбегейлі жақсарту шараларын жүргізу – мал өнімділігін арттырудың бірден-бір кепілі.

Жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жайылымдық ресурстарды  орнықты басқарудың  экономикалық  және нормативтік-құқықтық негіздемелерін жасақтау, жем-шөп базасын нығайтудағы және мал шаруашылығының орнықты дамуындағы инновациялық тәсілдерді өндіріске енгізу басты рөл атқарады. Жайылымдық жерлерді тұрақты басқару ең алдымен  жерді тиімді де үнемді пайдалануға бағытталуы тиіс.

  – Сіз аймақтың ауыл шаруашылығы саласының даму бағытын қалай бағалар едіңіз?

– Ауыл – баршамыздың алтын бесігіміз. Қазіргідей тарихи өзгерістерден ауыл халқы тысқары қалмауы керек. Ауылды аумақтардың теңдестірілген дамуын қамтамасыз ету үшін заманауи және тұрақты тәсілдерді енгізу арқылы ауыл экожүйесін қолдау бойынша шаралар әзірлеу, онда тұрақты инфрақұрылым құруға бағытталған бағдарламаны дайындау және ілгерілету, ауыл шаруашылығындағы экологиялық тұрақты өндірісті ынталандыруға бағытталған субсидия жүйесін енгізу, азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығына арналған, айналымнан шығарылған жерді пайдалану, ауыл тұрғындарының кәсіби машықтарын арттыратын және олардың кәсіпкерлік белсенділігін дамытатын оқыту бағдарламаларын енгізуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, жасыл және цифрлық трансформацияға бағытталған модельді фермаларды құру, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту бағдарламасын қабылдау секілді шаралар ұсыныста қарастырылған.

Жоба бойынша тағы да басқа көптеген шаралар жүзеге асып жатыр.

– Бағдарламада қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді шешу де қарастырылғанын айтып едіңіз…

– Иә, партияның саяси бағдарламасының бірнеше ерекшелігі бар. Әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және білім беру жүйесі, сондай-ақ отбасы – саяси күштің басты назарында.  Қарт адамдардың лайықты өмірін қамтамасыз ету үшін үздік әлемдік тәжірибелер негізінде отандық зейнетақы жүйесін реформалауды ұсынып отырмыз. Біздің ұстанымымыз – әрбір адам өзінің зейнетақы активтерін өзі басқаруы тиіс және ауыл тұрғындары үшін зейнеткерлікке шығу жасын өзгерту, зейнетақыны есептеу формуласын қайта қарау, зейнетақы жарналарын жинақтау тетіктерін жақсарту сияқты бірқатар шараларды іске асыру қажет.

Зейнетақы жүйесіне қатысты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі бағдарламаларды әзірлейтін де уақыт болған секілді. Өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауылда заманауи, технологиялық жабдықталған мектептер мен агроколледждер салу да ауылды көркейтуге апарар жол.  Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде еңбек еткісі келетін жас мамандар үшін жекешелендіру құқығымен тұрғын үй салу,  бейімделу бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосқан жөн. 

Бастысы, ауылдық аумақтардың тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған «ауылдық дәрігер» жобасын іске асыру ұсынылды. 

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button