Атырау облысының әкімі Берекеге барып тұрғындармен бірге тал екті (+ФОТО, ВИДЕО)
Атырау қаласындағы «Береке шағынауданында санитарлық тазалық айлығына байланысты «Жасыл қала» шарасы ұйымдастырылып, 400 түп тал терек (тополь), қарағаш, шаған (ясень) егілді. Шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты.
Облыс әкімі алдымен арнайы топырақты қазылған шұңқырдың түбіне салып, тал отырғызды. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын «Каспийдормостострой» ЖШС-нің қызметкерлері мен облыстық мемлекеттік мекеме ұжымдары да акцияға қатысты.
Шара 16 сәуірден 16 мамырға дейін ұйымдастырылады. Жалпы шара аясында 1000-нан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың өзге де аумақтарында тазарту жұмыстары жүргізілді.
Бұған дейін облыс әкімі Серік Шапкенов тазалық жұмыстарын ұдайы назарды ұстап, қала тазалығына салғырт қарамау керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар, облыс тұрғындарын қаланың тазалығына бірге атсалысуға шақырған болатын.
Өмірінің бірнеше жылын агрономдық қызметке арнаған Серік Есетовтің айтуынша, бабын тапса кез-келген жерге ағаш өсіруге болады.
– Тал өсіруге шынайы ниет, адал еңбек керек. Дегенмен, тал екпес бұрын жобалау-сметалық жоспары жасалғанда жер асты суының тереңдігі мен минералдылығы, топырақтың құнарлығы ескерілуі керек, – деді зейнеткер-агроном.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Фото мен бейнежазбаны түсірген: автор және Ерлан Алтыбаев
Ең құрығанда осы еңбектің он пайызы өсіп кете қойса дұрыс болар еді…