ТАУ АЛЫСТАҒАН САЙЫН АСҚАҚТАЙ ТҮСЕДІ НЕМЕСЕ ТАУМҰШ АҒА ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ СӨЗ

Атыраудың ардақтылары

 Осыдан үш жыл бұрын бақилық болған Таумұш Жұмағалиевтың есімі ел есінде. Оның еңбек жолы мен ел мүддесі үшін қызмет қылған азаматтық тұлғасы жыл өткен сайын саналарда, мәңгі жадымызда жаңғырып тұра бермек.

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ЖОЛЫ

Осыдан екі жыл бұрын жарық көрген «Ұлағаты өмір» атты кітаптың сыртқы мұқабасындағы көне сурет көзге бірден шалынады. Сымдай тартылған сұңғыла бойлы азамат. Жұмыс бабында. Аяқта етік, кең балақты шалбар, жұмысшы жейдесі. Бұл – кісілік пен кішілікті бойына қатар дарыта білген, мұнай саласының білгір маманы, ұлағатты өмір иесі – Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиев.
Ол 1918 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Көздіқара ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын тәмамдағаннан кейін «Ембімұнайгаз» тресінің Доссор, Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде техник-геолог болып еңбек жолын бастаған. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінде білімін жалғастыра жүріп, Геология ғылыми институтында аға коллектор, кіші қызметкер міндеттерін де қоса атқарды. Ал, 1942 жылы ол Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұсынысы бойынша оқудан бір жыл қол үзіп, марганец кендерін іздестіруші экспедиция құрамында Маңғыстау түбегіне жіберілді. 1945-47 жылдары Ескенеде бас геолог болып жұмыс жасады. 1947 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасына ауыстырылды. Бұл ұжым 1956 жылы Мұнай институты болып (қазіргі Қаз НИГРИ) қайта құрылғанда, осында ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі лауазымдарында жұмыс атқарған болатын. Қашан да ізденгіштігі мен ғылымға құмарлығы арқасында 1962 жылы институт директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалған Таумұш Нұрышұлы бұл лауазымда 45 жыл еңбек етті. Т.Жұмағалиев ізденгіштігі мен білімпаздығы, ғылыми негіздемелерінің нәтижесінде Еділ-Жайық өзендері аралықтарында мұнай және газ кен орындарын ашу мүмкіндігінің негізін қалаған тұңғыш зерттеушілердің бірі болып табылады. Өлкені зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жер қойнауында жоғары сапалы мұнай болуы мүмкіндігіне қатысты айтқан болжамдары толығымен расталды. Мартыши, Қамысты, Жаңаталап, Гран және тағы басқа кен орындары ашылып, олардың негізінде мұнай-газ өндірумен айналысатын «Жайықмұнай» басқармасы құрылды.
1968-1972 жылдарда Қазақ КСР Геология министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы, гурьевтік ірілендірілген аймақтық мұнай-газ барлау экспедиция бастығы болды. Осы жылдар аралығында Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Доға, Арыстанды, Қарақұдық, Октябрьск кен орындары барланып, ашылды.
Ол қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет еткен 1972-1985 жылдары өзін талантты зерттеуші және ірі ұйымдастырушы қырынан көрсетті. Аталмыш кезеңде Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарын геологиялық барлау, Индер ауданы табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстары кеңінен қанат жайды. Таумұш Жұмағалиевтің басшылығымен жүзеге асырылған іздестіру-барлау жұмыстары Каспий бойы ойпатының шығыс бөлігінде Жаңажол газ-мұнай кен орнын, ал ойпаттың солтүстік бөлігінде ірі Қарашығанақ газконденсат кен орындарын ашуға алып келді. Ғалым фундаментальды сипаттағы зерттеулер саласында да көп еңбек сіңірді. Геология министрлігінің Қарашығанақ кен орнын іске қосу жөнінде ең оңтайлы жолды ойлап тапқан ізденістері 1986 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды, сол бір топ үміткер дарабоздар ішінде Таумұш Нұрышұлы да бар еді.
«Каспий бойы ойпатында мұнай мен газ терең ұңғымаларын бұрғылаудың шапшаңдығын арттыру мен өзіндік құнын кеміту жөнінде геологиялық-техникалық шаралар кешенін жасап, өндіріске енгізу» деп аталатын жұмысы үшін 1976 жылы ғалымдар мен өндірісшілердің бір тобына Қазақ ССР-ның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның геологиялық барлау жұмыстарын дамытып, минералды шикізат қорларын молайтқан еңбегі үшін Т.Жұмағалиевке 1967 жылы Қазақ ССР-на еңбегі сіңген геолог-мұнайшысы атағы берілді. Ал, 1980 жылы Бозащы түбегінің мұнай кен орындарын ашқаны үшін және жылдам игергені үшін «Халықтар достығы» орденімен, ал Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің 100 жылдық мерейтойында «Құрмет» орденімен марапатталды. Осы атаулы күнге орай Таумұш Нұрышұлы «Мұнай және газ геологиясы терминдерінің түсіндерме сөздігін» құрастырып, жарыққа шығарды. Бұл өз кезегінде сала мамандары үшін таптырмас көмекші құрал болғаны сөзсіз. Сондай-ақ, оның «Каспий бойы ойпаты батыс бөлігінің геологиясы және мұнайлы-газдылығы» деген зерттеу еңбегі «қара алтын» мен «көгілдір отын» көздерін барлаушылардың қолдан түспейтін кітабына айналды. Сол секілді ол еліміздегі мұнайлы өңірлер картасын жасаушылардың бірінен саналады.
Ол 150-ден астам ғылыми еңбектердің және баяндамалардың, соның ішінде сегіз монографияның авторы болды. Атырау мұнай және газ институтының геология кафедрасының Құрметті профессоры, Қызылқоға ауданы мен Атырау облысының Құрметті азаматы.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Таумұш Нұрышұлы – бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеген, тәлімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпақтың санасына сіңірген ұстаз. Өзі де Қаныш Сәтбаев сынды қазақтың маңдайалды ұлының алдын көрген, сол ғұламадан тәлім алған шәкірттерінің бірі екенін ұдайы айтумен жүретін. Осы ретте Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те өз сөзінде Таумұш ағаның қарамағында көп жылдар бойы қызмет атқарғанын еске алып, айтулы азаматқа тән көптеген жақсы қасиеттерінен үлгі алғанын айтады. «Жалпы, мен өзімді жолым болғыш адаммын деп есептеймін. Мектепте жақсы ұстаздарым болды. Өмір жолымда жақсы басшылармен кезіктім. Менің қалыптасуыма үлкен ықпал жасаған адамның бірі – осы ағам» дейді Бақтықожа Салахатдинұлы өз естеліктерінде. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР өнеркәсібіне еңбегі сіңген қызметкер Балтабек Қуандықов та өз сөзінде жеткен жетістігінің бастауында Таумұш сынды ұстазының тұратынын үнемі мақтанышпен айтып жүреді. Саналы ғұмырын аталмыш салаға толықтай арнаған оның өнегелі өмір жолы – кейінгілерге үлгі. Осындай айтулы маманның дәрісін тыңдап, батасын алған, оның қолынан қызметтік өмірге жолдама алған жандардың жадында Таумұш Жұмағалиевтың бейнесі білікті басшы, тәлімді тәрбиеші ретінде мәңгі жаңғырып тұра бермек. Дүниетанымы кең, зиялылығы тал- ғамды, тілі таза қазақы ізгі жанның ғылым саласына қосқан өлшеусіз еңбегін ескерген Атырау мұнай және газ институтының басшылығы 2001 жылы институттың Құрметті профессоры деген атақ беріп, екі жылдан соң оның атындағы геологиялық аудиторияның тұсауын кесті. Сол уақытта оқу орнын басқарған Халықаралық экономикалық «Еуразия» академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы Төлеуіш Серіков: «Таумұш Нұрышұлы ағамыз ғылым мен өндіріс саласында жүріп, бірнеше шәкірт тәрбиеледі. Олар: Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ұзақбай Қарабалин, Саламат Өтеғалиев, Эдгард Воцалевский, Дүйсен Мырзағалиевтер» деп еске алады.
Айналасындағы адамдарды сыйлап, өзін ортасына сыйлата білген жанның жақсылығы, адами болмысы мен кісілік келбетінің қалыптасуы қанға бітті қасиет емес пе?

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ,
БІР СЫРЛЫ

Сонымен қатар, ғылым мен ілімді серік қылып, мұнай саласының «майын ішкен» Таумұш Нұрышұлының көп адамдар біле бермейтін ерекше қасиеттері де көп болатын. Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев: «Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі соңғы жылдары да өмірімізді бірге өткізгенбіз. Оңекең (Оңайбай Көшеков), Сәкен Ержанұлы Шақаев, сосын Тәкең және мен төртеуміз қолымыз босағанда теңіз жағасында құс атуға барамыз. Сол жерде бірге отырып, кейбір мәселелерді ақылдасып, кейде әзілдесіп уақыт өткізгеніміз ұмытылмайтын мезгілдер деп есептеймін» деп сағынышпен еске алады.
Т.Жұмағалиевтың өз саласына қатысты бірнеше ғылыми еңбектерімен қоса, өлке тарихы, мәдениет ескерткіштері, қазақ тілі, атақты ардагерлер, Алаш арыстары туралы жөнінде ой толғаған дүниелерінің өзі – бір төбе. «Өлке» баспасы 1998 жылы оның «Тұңғиығың тұнған сыр» аталатын таңдамалы мақалалар кітабын қалың оқырман қауымға ұсынды. Бұл ретте экономика ғылымдарының кандидаты Жәрдем Кейкин де: «Өзі мойындамаса да біз білетін Тәкең – тарихшы, әдебиетші. Бұл салада жазған еңбектері өте мағыналы, тәлімді, ұлттық нұсқалы» деп жоғары баға береді. Ұлағатты жанның өмір жолындағы өзгелерге үлгі болған тағы бір қасиеті – ұлтжандылығы. «Ұлттық сананың қайнар көзі – тіліміз бен салт-дәстүрімізге үлкен мән беріп, ол туралы толғамды ой айтқан ағаның өнегесі – өмірлік» деген Кеңес Одағының Құрметті теміржолшысы Амангелді Селбаевтың сөзі бұған дәлел.
Ал, танымал композитор, жазушы Илья Жақанов Таумұш Нұрышұлының әдебиет, музыка жөніндегі білімінің де мол болғандығын айтып, «Тәкеңнің ой-өрісі, дүниетанымы сан салалы рухани әлем болып толысқан тірі энциклопедия еді» деп еске алады.

«МӘҢГІЛІК
САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ…»

Ғалым, ұстаз, мұнайшы, геолог. Бұл – Таумұш Нұрышұлына берілер нақты сипаттама. Алайда, арқалар жүгі ауыр жауапты лауазымдар мен өлкенің мұнай саласының даму жолында шешімін күткен сан сұрақтардың сыртында оның шынайы келбеті, бар болмысы жатыр. Ол – ұлағатты отбасының алтын діңгегі. Бәтіш Төреғалиқызы – айтулы азаматпен жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен аяулы жары. Тегінде, Бәтіш апайды білетіндердің барлығы да «Таумұш ағаның осындай дәрежеге көтерілуіне бар жағдайды жасаған да осы адам» деп шынайы пейілмен апайды құрметтейді.
«Тәкеңмен тоғыстырған тағдырыма ризамын». Бәтіш апаймен арадағы әңгімеміз осылайша басталды. Салиқалылық пен сабырлылық өн бойынан есіп тұрған апайдың көкірегі толған естеліктері ағылып қоя берді.
«Айлар алмасып, күндер көшіп жатқан қайран уақыт. Өзі айтқандай, мезгіл шапшаң өтіп жатыр. Соның айғағындай, Тәкеңнің өмірден өткеніне үш жыл уақыт болыпты. Осы ғұмырымның қызықты кезеңдерін, шаттықты шақтарын, бақытты белестерін Таумұш тәрізді азаматпен бірге өткізуге жазған тағдырыма бек ризамын. Сол бір бақытты жылдар қанат байлағандай ұшып отырыпты-ау. Біз Таумұш Нұрышұлы екеуміз жарты ғасырдан астам бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Ол – тек біздің жанұямыздың ғана емес, бүкіл иісі қазақ үшін аса қымбат, тұтастай қазақ мемлекеті үшін зор еңбек сіңірген қоғам қайраткері. Ол мұнай саласында 62 жыл төрт ай еңбек етті. «Менің адам болуыма, геолог болуыма зор әсер еткен адам – әкем Нұрыш. Мен институт бітірген жылы әкем қатты ауырды. Сол кезде (әкесін Аға дейтін) «Аға, мен сізге ештеңе көрсете алмадым-ау» деп қынжылғаны есімде. Сонда ол: «Таумұш, қарағым, сен институт бітірген 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Хамит Ерғалиевтың «Білім босағасында» деген мақаласы шықты. Соны оқығанда, менің құным жетті, мен саған ризамын, балам» деген еді, деп Тәкең әкесін сағынышпен еске алып отыратын. Әке алғысын арқалаған ұлдың қолы қандай биікке жететінін өз өмірі арқылы дәлелдеп шыққаны да ақиқат.
Көп жылдар бойы Тәкеңмен бірге жұмыстас болған, қатар жүрген, Қазақстан мұнайының атасы, құрмет тұтатын аға Сафи Өтебаев, әріптес-замандастары Халел Өзбекқалиев, Шахмардан Есенов, Бөлекбай Сағынғалиев, Салтанат Балғымбаев, Сәкен Шахабаев сондай-ақ, Қаз НИГРИ институтында Тәкеңмен 50 жылдан артық жұмыстас болған, сол кездегі одақтық дәрежедегі адамдар Э.Воцалевский, О.Ангелопуло, М.Диаров, В.Иванов, А.Шаховой, Ц.Дюсенғалиев, С.Өтеғалиев, т.б. Бұл адамдардың барлығы аттары аңызға айналған ерекше жандар. Ол үнемі осы адамдарды есіне алып отыратын…
Тәкеңнің әлемге әйгілі академик Қаныш Сәтбаев ағаның да қамқорлығын көргені баршаға аян. Институтты оқи жүріп, бес жыл Қаныш ағаның қарауында еңбек еткен. «Қаныш аға табиғи байлықтың ішінде мұнай-газға аса жоғары баға беретін. Соның айғағындай, 1946 жылы мамырда Қазақ Ғылым Академиясын ұйымдастырып, сол жылы маусымда Атырауда Жем-Жайық ғылыми-зерттеу базасын құрды, ол қазіргі ҚазНИГРИ» деп айтып отыратын.
Ол – жаны да, ары да таза, ақтығы мен пәктігі берік, адамгершілігі мол, биік парасат иесі, адалдық пен әділдіктен аттамаған азамат. Шүкір, әке рухын ардақтайтын, ұлағатты ұл мен қыз берді. Ұрпақтары әке жолын қуып, мұнай саласында еңбек етуде. Бүгінде солардан он немере, он шөбере сүйіп отырмын» деген Бәтіш апай қазір – еңбек ардагері, жергілікті дәрежедегі дербес зейнеткер. Сөз соңында Таумұш Нұрышұлының еңбегінің ескерусіз қалмауы жолында жан аямай еңбек етіп жүрген Бәтіш Төреғалиқызы: «Тәкеңнің атына бір мұнай кенішінің не көше атауын берсе, нұр үстіне нұр болар еді» деген игі тілегін де жеткізді.

ЖАРЫҢНЫҢ ЖАҚСЫ БОЛҒАНЫ…

Тегінде жақсы жігітке лайықты жардың жолығуы Тәңірдің сыйынан болса керек. Осы ұлағатты отбасыны танитын, етене араласатын жандардың барлығының да бұл ретте ойы бір жерден шыққандай.
Белгілі ғалым, геология деген ғажап та, тұңғиық, терең де күрделі әлемге сарбаз болып кіріп, сардар болып шыққан, бүгінгі күні Атырау аймағында 95 жылдығы кең көлемде тойланып жатқан, марқұм Таумұш Нұрышұлының аяулы да асыл жары, ұзақ жылдар партия, кәсіподақ саласында абыройлы еңбек еткен, жергілікті дәрежедегі дербес зейнеткер, кезінде Гурьев қалалық кеңесінің депутаты болған, В.Лениннің 100 жылдығына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ұлы Жеңіске – 65 жыл», Атырау облысы Кәсіподақтар Федерациясына 60 жыл» мерекелік медальдарымен, ВЦСПС-тың төсбелгісімен, Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған Бәтіш Карпекова да 85 жасқа толып отыр.
Бәтіш Төреғалиқызы туралы қоғам қайраткері, еңбек ардагері Мәдина Ғабдісалімова апайдың да айтары аз емес. Таумұш ағаның ұлағатты отбасы туралы әңгіме барысында Мәдина апай Б.Карпекованың өнегесін көріп, өз біліктілігін молайтқанын да атап өтті: «1966 жылы қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайландым. Сол кезде Бәтіш апамыз қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс жасады. Осы тұста қаланың партия активімен, тұтастай қаланың әкімшілігімен мені таныстырған осы кісі. Партия жұмысындағы алғашқы ұстазым деп айта аламын, ерен еңбегін жоғары бағалаймын. Менің лауазымым жоғары болғанымен, әруақытта кеңес алып отырдым, апай өз кезегінде маған бағыт сілтеп отырды. Ал, кейіннен облыстық кәсіподақ кеңесінде жолдарымыз қайта тоғысты. Бәтіш апай кәсіподақ курсын басқарды. Барлық сала мамандарын оқытқан осы ұйымды жиырма жылдай басқарды. Жұмысы өте күрделі, ауқымды, жауапкершілігі мол болатын. Аймаққа қажетті маманды дайындауға айтарлықтай үлес қосып, партия жұмысында жинаған мол тәжірибесі осы курсты жоғары деңгейде жүргізуе себепші болды. Апайдың адами қасиеті, адамгершілігі, жоғары сауаттылығы – өз алдына бөлек әңгіме. Бәтіш апа тағдырдың қосуымен Таумұш Нұрышұлы сынды азаматпен бас қосты. Олар бірін-бірі күте білді, баптай білді, сыйлады. Сонысымен өзгелерге үлгі болды. Тәкеңнің еңбектерінің жазылуына, ғылым жолындағы ізденістерінің нәтижелі болуына барлық қажетті жағдайды туғызды. Әрі ақылшысы, көмекшісі, хатшысы, ауырса дәрігері, шаршаса жастығы болды. Дастарханы мол, өнегесі зор, тәлімі мол отбасының ұйытқысы, асыл анасы» деді. Ал, Бәтіш апаймен бірге он бес жыл қатарынан қызметтес болған Гүлбағира Мүрсалиева да терең әңгіме өрбітіп, қай жағынан болмасын үлгі тұтарлық ізгі жан екендігін тілге тиек етті. Басшылық қызметте жүрсе де қарапайым кейпінен таймай, талап пен тәртіпті жоғары қоя білген Бәтіш апайдан көп нәрсені үйренгенін жеткізді.
Бұл отбасының қамқорлығы мен тәлімін молынан көрген жанның тағы бірі – Атырау қаласындағы И.Тайманов атындағы орта мектебінің директоры, жоғары санатты мұғалім Гүлшат Сахиқызы. «Орта мектепті бітіріп, қаймағы бұзылмаған қазақы өңір Қызылқоғадан арман қуып қалаға әкем Сахидың ағасы Тау-ағаның үйіне келгем. Мен педагогикалық оқу орнын осы үйде жатып оқитын болдым. Келген беттен-ақ айналасына шуақ шашқандай әдемі Бәтіш анадан «Айналайын, өзің қандай сүйкімді едің, енді сен менің қызымсың» деген бауырмалдық сөз естідім, шексіз қамқорлығына бөлендім. Маған ұнағаны Тау-аға да Бәтіш анамыз да мұнтаздай тазалықты, асқан мәдениеттілікті жақсы көреді екен. Ал, бір-біріне деген сыйластығы тіпті ерекше. Бірін-бірі «Тәке», «Бәке» деп қана сөйлейтін. Бәтіш анамыз азаматын үйдің пірі санап, аса қадірлейтін. Ал, азаматы оған тіпті лайық жан. Үйде айтылатын әрбір әңгіменің өзі тұнып тұрған өнеге мен шежіре дерсің. Кітап қоры да мол. Небір ғылыми еңбектер, тарихи шежірелер, т.б. осы үйден табылатын. Ол кісінің ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаев екені белгілі. Сол ұлылықтың биік жолын берік ұстанған Тау-аға ғасыр туғызған кереметтей эстет жан болатын. Оның жүріс-тұрысының өзінен ғұламалықтың иісі аңқып қоя берер еді. Кітаптан немесе теледидардан жақсы бір сөздер, афоризмдерді байқап қалса, соны сол бойда өзінің қойын кітапшасына түртіп ала қоятын. Сабақтан шаршап келсем маған «дауыстап оқышы» деп поэзиялар оқытып қоятын. Және кейбір сөздерге анықтама беруімді сұрайтын. Мен «шаршап келдім ғой өзі неге оқымайды екен»,-деп ойлайтынмын. Сөйтсем, мені түсініп, мәнерлеп оқуға да тәрбиелеп жүр екен.
Тоқсан жасқа келгенше қолынан қағазы мен қаламы түспеуі, газет-журналды көзілдіріксіз оқуының өзі ілуде бір кездесетін шығар. Қандай жиын-жиналыс болмасын қағазға қарап сөйлемеген екен. Тек тоқсан жасқа толған мерейтойында ғана қағазға қарап тұрып «Мені бірінші рет жазып сөйлеуге бейімдеген-биыл денсаулығым сыр беріп, оған тоқсан қосылып, жазып сөйлеуге мәжбүрледі» деп бастап еді сөзін.
Үй ішіндегі мәдениет пен дәстүрдің өзі – бір мектеп. Үйде Оңайбай аға, Есен аға секілді облыс басшылары, министрліктен келетін қонақтар ерекше күтілетін. Бір ғажабы, сондай дастарханның басына жас болсам да мені де отырғызатын. Жұмағалиевтер үйінде ашық-шашық ештеңе жоқ. Бәрі орын-орнында тұрады. Үй адамдарының киім киістерінің өзі ерекше. Тау-аға дастархан басында олпы-солпы киіммен келіп көрген жоқ. Тосын адам «Дастархан жазулы тұрғанда мына кісінікі не киініс» деп қалуы мүмкін. Тау-аға ақ көйлек, қара шалбар, жылтыраған қара туфлиімен келіп үстелге отырады. Біз де солай тап-тұйнақтай болып келіп жайғасамыз. Қандай әдемілік!
Қазақ қай кезде де алғаны жақсы болса екен деп тілейді ғой. Ер азамат қаншама мықтымын дегенмен, алған жары жақсы болмаса, азаматтың аты шықпайтындығы дәлелдеуді қажет етпейді. Соның айғағындай Тау-аға да жары Бәтіш Төреғалиқызына өмір бойы риза болып кетті.
Бәтіш анамыз кеудесі дариядай шалқыған кең, қамқор, асқан мәдениетті, кішіпейіл, айналасына шуақ шашып, алдына келген кісіні үйіріп отыратын, сұлу, небір адамдық асыл қасиеттерді бойына жиған, эстет, кең ауқымды эрудициялы азаматтың аяулы да ардақты асыл жары бола білген абзалдың да абзалы дер едім. Анамыз қосағының бабын табу мәселесіне келгенде тіптен өзгеше, парасаты бөлек адам. Ылғи да жарының жайын ойлайтын. Сөйткен анадан мен өмірлік таусылмас сабақ алдым, өнеге мен тәрбие алдым.
Шаңырағының иесі де киесі, анамызға адал жар бола білген, қазақ мұнайының өсуі мен өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, талай кен орындарының игерілуіне мұрындық болған, бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы атанған абзал азамат, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Атырау мұнай өндірісінің қара нары Тау-ағаның есімі ұмытылмайды. Таумыш Нұрышұлының 85 жылдығында бір іргелі мұнай-газ орнының басшысы айтқан құттықтау сөзіндегі мына шумақтар үнемі ойыма орала береді:
«Сіз Таумыш емес-Таусыз,
Геологияда заңғар Дәусіз.
Ешкімнің таласы жоқ,
Бұл әрине даусыз.
Сіз Таумыш емес-Таусыз,
Ұрпағыңызға бақша-баусыз.
Ұлтжанды, көкірегіңіз-ояу, тіліңіз-таза,
Зиялы да саусыз,
Бұл да ешбір даусыз,
Сіз Таумыш емес, Таусыз !»
Терең энциклопедиялық білім иесі, есімі бүкіл елге мәлім Таумұш Нұрышұлы мен оның өмірлік қосағы Бәтіш ана Төреғалиқызы жайында айтар сөзімнің бір парасы осы» деді Гүлшат Сахиқызы бізбен әңгімесінде.
Иә, тау алыстаған сайын биіктей түседі. Таумұш Нұрышұлының да тау тұлғасы жыл өткен сайын биіктеп, жадымызда мәңгі жаңғырып тұра бермек…

Гүлжан ӘМІРОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған