ЕЛМЕН БІРГЕ ЕСЕЙГЕН

қарымды қаламгер, шебер шежіреші

Қаншама лауазымды қызметті атқарып, жауапты жұмыстарда жүрсе де өз басым исатайлық Мәди Өтеғалиевты журналист ретінде бағалаймын. Айтпақшы, осы жігітпен көптен бері таныс болып жүріп, оның кіндік қаны сонау Қиғаш бойында кесілгенін, расын айтсам, жақында ғана білдім. Өйткені, Мәди қос өзен аралығында бастапқыда қарапайым тілші, кейінгі жылдары мемлекеттік қызметкер болып жүріп, осы өңірге әбден сіңісіп кеткен. Енді, міне, оның қос бестікті бағындырар тұсында жаны жайсаң жолдасым жөнінде бірер ауыз әңгіме айтқанды жөн көрдім.

Алдымен, оның ел өмірін, жер тарихын жақсы білетіндігі жөнінде. Бұдан біраз жыл бұрын Жанбай жағындағы заңсыз балық аулаушылар мен инспекторлар арасында ши шығып, оның арты дауға ұласты. Журналистік зерттеу жүргізуге тура келді. Ауданнан жанымызға Мәди ілесті. Сонда таң қалғаным – оның осы өңірдің еңбектеген сәбиінен еңкейген қартына дейін атын атап, есімін білгендігі. Әрбір ауылдың адамы болып, туысқанына айналып кетіпті. Тағы разы болғаным – Мәдидің әркімнің атын атап сөйлеп, ашуы арнасынан асқан адамдарға салмақты басу айта білгендігі. Ушығып кете жаздаған дау сабасына түскен-ді сонда.
Содан шығып, ауданды аралағанда, анау қысы-жазы көшіп жататын қалың Нарын құмының қойнауында жасырынған талай тылсым сырдың бетін ашты. Тайман жалы, Гран биігі, т.б. бәрінің тарихын тайға таңба басқандай етіп айтады. Қос мәрте ауданның жылнамасын жинақтау міндеті жүктеліп, соның бәрін абыроймен атқарып та шықты. Сол жинақтарға өңірдің арғы-бергі шежіресі түгел енгізіліп, осы маңда өмір сүрген белгілі адамдар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Аудандық деңгейдегі кез келген кісі мұндай мәліметімен мақтана алмас, сірә…
Тарих демекші, ауданға алыстан ат арытып жақсылар мен жайсаңдар келсе, алдынан Мәди шығады. Жергілікті басшылар қадірменді қонақтардың сан салалы сауалдарына жан-жақты жауап бере алатын адамды одан өзгелермен алмастыру мүмкін еместігін де біледі. Қажет болса, тылсым тарихтан суыртпақтап сыр шертетін көпті көрген кісіні де тауып бере алады.
Сонау жылдары дәулескер күйші, жайсаң жерлесіміз Рысбай Ғабдиевтің де құм тауының баурайында жатқан ата-бабаларының бейітін табуға септігін тигізген. Ауыл ақсақалы, көненің көзі Қапар есімді қартқа қолқа салып, сонымен бірге Мыңтөбені біраз шарлаған. Кезінде Бөкей ордасының бір пұшпағы болған, кейін Исатай сарбаздары шарлап өткен бұл мекен де – қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын өңір. Оның да арғы-бергі тарихын Мәди жақсы біледі. Айтпақшы, 1994 жылы «халық жауы» делініп атылып кеткен Насихат Сүгірұлының туғанына 105 жыл толуына арналған салтанат осы Мыңтөбеде өткен-ді. Оған ақынның ұлы Хикаят, қарындасы Қатира, жиені Салауат қатысып, торқалы тойдың сәні жазушы-драматург Берік Қорқытов бастаған республикаға танымал ақын-жазушылар болған-ды. Солардың ортасында да біздің Мәди табылған.
Тағы бір айтарымыз – осы Мыңтөбеде тілге шешен, елге көсем болған Жантұрған мен Бектұрғанның, Исатай батырдың немересі Өтепқалидың, т.б. тұлғалардың мәңгілік мекені бар.
Сонау 1983 жылдың 4 қыркүйегі де Мәдидің жадында. Бұл қазақ әдебиетінің облыстағы онкүндігі басталған кез еді. Бір топ қаламгер бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданына бет бұрды. Арасында Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Темірхан Медетбеков, Мұхтар Құрманалин, Берік Қорқытов тәрізді ақын-жазушылар бар. Солардың жанынан да Мәди табылып еді. Халқымыздың сүт бетіне шығар саңлақтарымен сырласып, білгенімен бөлісу бақыты бұйырған оған. Жалпы, расын айту керек, аудан аумағында өтетін үлкенді-кішілі шаралардың бел ортасында Мәди жүреді. Оның кез келген нәрсені үлкен жауапкершілікпен ұтымды етіп ұйымдастыру шеберлігі аудан асып, облысқа танылған.
Бұдан біраз жыл бұрын ҚР Журналистер Одағының Атырау облысы бойынша филиалының жетекшісі Қуандық Батыров ескі бір суретті көрсеткен-ді. Бұрынғы Новобогат ауданының бір құрылып, кейін қайта жабылып жүрген кезі. Сол суретте жаңадан ашылған бүгінгі «Нарын таңы» газетінің алғашқы санын шығару сәті бейнеленген екен. Басу станогына төнген үш-төрт жігіттің бірі осы Мәди еді. Бұрынғы Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінде әдеби қызметкер болып жүрген жерінен осында ауыстырыпты. Бұл сонау 1977 жылдың 1 қазаны еді.
Кейін, яғни 1988 жылғы 15 тамызда аудан тарауына байланысты газеттің де шығарылуы тоқтағанда оқырманға қоштасу сөзін жазу Мәдиге тапсырылған-ды. Содан ол Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне жауапты хатшы болып орналасады.
Мәди өміріндегі жарқын тұстардың бірі – оның жоғары партия мектебінде оқуы. Бұған дейін де Алматыда біліммен сусындаған оған Алатаудың баурайында тағы да тәлім алу сәті түсті. Осы сапарында ол халқымыздың маңдайына біткен біртуар тұлғаларымен табысты.
Алматыда ұйымдастырылған Украинаның Қазақстандағы күндері, оңтүстік астанадағы облыстық және аудандық газеттер редакцияларында болу, т.б. шаралар алыс ауданнан келген жас жігіттің шеберлігін одан әрі шыңдай түсті. Әлемге әйгілі тұлғалар Дінмұхамбет Қонаевпен, Мұстафа Өзтүрікпен, Оралхан Бөкеевпен дидарласып, олардан сұхбат алады. Әсіресе, халқымыздың біртуар азаматы Димаш ағамен оған біраз күйе жағылып, көңіл-күйі пәс болып жүрген кезінде әңгімелесуі Мәдидің жадында қалыпты. Бағытжан Момышұлы, Әсет Бейсеуов секілді саңлақтардың арнайы қонағы болды.
Жалпы, Мәди өте ұқыпты жігіт. Тіпті, сол жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезінен арнайы күнделік жазыпты. Сансыз сыр сонда шертіледі.
Мәдидің жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезінде Новобогат ауданы қайтадан өз алдына отау тігіп, енді Исатай аталды. Мұны радиодан естіген бойда Мәди дереу ауылға хабарласып, жерлестерін құттықтайды. Алатаудың баурайында түнде жазылған мақаласын сиясы кеппеген күйінде аудандық газетке жолдайды. Өскен өңірінің төл перзентіне тән қылық емес пе бұл?!
Айтпақшы, сонда оқып жүріп атыраулықтар Гурьевтің 350 жылдығын атап өтіпті. Қала тарихы туралы бүгінгі Жылыой ауданының әкімі Максим Ізбасов баяндама жасаған. Шараға сондағы жерлестеріміз жазушы Мереке Құлкенов, күйші Айгүл Үлкенбаева қатысқан. Сөйтіп, біз мұнда тойлап жатқанымызда атыраулық азаматтар сонау Алатаудың баурайында да туған жеріміздің мәртебесін асқақтатқан-ды. Бұл да перзенттік парыздың белгісі емес пе?
Бұл күндері «мен бәленшенің шекпенінен шықтым» атақты адамдарды алдынан тартатындар көбейді. Таудай болған тұлғаны мақтап отырып, өзін де қыстыра кетеді. Мәди олай емес. Рас, сонау 1981 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжатын ұсынып, мемлекеттік емтиханын тапсырып жатқанында Әбу Сәрсенбаевты көріп, таң қалғаны бар.
Әбекең мұрты жаңа тебіндеген бозбаланы шетке қақпай, бауырына тартыпты. Өзімен бірге ертіп, кабинетіне алып барған, үлкен өмірге бағыт берген. Бұл да Мәдидің өмірбаянында жақсы жазылған. Әдемі көмкерілген, көпшіліктің назарын аударатын дүние.
Қызмет бабымен күнде дерлік хабарласып тұратын жігітпен жақында жолыққанбыз. Ұлы Саламат пен келіні Гүлмаралдан үш немере сүйіп отырғанын қуана айтады. Келіншегі Сәуле екеуінің ермегі сол болса керек. Ал, отбасының гүлі Перизат биыл оныншы сыныпты аяқтайды.
…Ал, бүгінгі күні қос бестікті қолтықтап отырған әріптесіме қаламың қарымды, адымың алымды болсын дегім келеді. Мерей жасың құтты болсын, Мәди! Қарымды қаламгер, шебер шежіреші жігіттің алар асуы әлі алда.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Суретте: Мәди Өтеғалиев өнер қайраткерлері Нариман Үлкенбаев және Ғатау Ібішевпен бірге. Қазан, 2012 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз