АҚША БҰЛТТАР ҚАНАТТАНДЫРҒАН ақын Аманқос Ершуовтың жыр кешінен

Бір кездері академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың өзі «Өлеңнің жаңа Қасымы келді» деп батасын берген танымал ақын, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, республика халық ағарту ісінің үздігі, Жазушылар Одағының мүшесі Аманқос Ершуов - жетпіс жаста! Ақынның мерейлі мерейтойына арналған «Көкжиегім – келешегім» атты шығармашылық кеші Махамбет атындағы облыстық драма театрында болып өтті.

 

 

ANU 2827Әдемі кештің шымылдығы ақын өмірінің әр белесінен сыр шертетін, барлығы алты картинадан құралып, өлең, махаббат, атақ, бақ эпизодтарын қамтыған моноспектакльмен ашылды. Аманқос Ершуовтың әлі оң-солын тани қоймаған сәби шағы. Ойын баласы өзінен бірер жас үлкендігі бар әпкесі Нұржамалмен әлденені ермек етіп, алаңсыз отыр. Кенеттен төніп қалған көліктен келер тура ажал… бауырын қорғамаққа шырылдап тұра ұмтылған апатайын алды да кетті. Келте ғұмыр қыршынынан қиылды… Есейе келе марқұм әпкесіне деген сағынышы Аманқостың жүрегінен жыр жолдары болып төгіліп, Нұржамалға бірнеше өлең арналды. Бақса, өмір бойына оны періштедей болып желеп-жебеп келе жатқан, өзі де періштедей пәк күйінде пәниден өткен әпкесінің әруағы екен-ау!
… Тағы бірде, Мақтааралда мақта терімінде жүрген бір топ студенттің ортасындағы Аманқос. Басқалар мақта терсе, мұның тергені – ой. Жер, нөп, аспан – барлығы да тұнып тұрған поэзия! «Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар…» Бұла көңілден шыққан шумақтар еріксіз өріліп, төгіле кетеді. «Сен ешқандай мақта жинамапсың» деген ұстаздың қатқыл қабағы тума таланттың кезекті туындысымен танысқаннан кейін-ақ жадырай ашылып, шын жүйрікті тани түседі.
Қойылым соңында ел азаматы атанған Аманқос ақын жан апасының рухымен қош айтысты. «Мені осы уақытқа дейін желеп-жебеп келген сен екенсің ғой, Нұржамал!». Дүйім жұрттың көзіне жас алдырып, ой тұңғиығына жетелеген шағын спектакль осылай аяқталды.
«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дегендей, мерейтой иесінің қуанышына ортақтасуға арнайы келген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов:
«Құрметті Аманқос Назар-ұлы! Сізді 70 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз әдебиет өлкесінде өзіндік өрнегін қалыптастырған, жырларыңызбен әдебиет айдынында айтарлықтай орын алған қайраткерсіз. Айналаңызға өз замандастарыңыздан оқ бойы оза шығып, мектеп қабырғасында жүрген кезіңізде танылып үлгердіңіз. Тіпті, сіз студент болып оқып жүрген шағыңызда-ақ туындыларыңыз әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдоловты таңқалдырып, ол мұны «Қазақ әдебиетіне жаңа Қасым келді» деп бағалаған еді.
Бүгін де қазақтың кең даласын поэзияның құдіретіне бөлеген дара дарын ретінде халқыңыз еңбектеріңізді сүйсіне оқып, жатқа біледі. Мен Сізбен көз көрген жақын таныс болмасам да, Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби-қызметкер болып еңбек етіп жүрген жылдарыңызда мен Сіздің аңызға айналған жырларыңызға еліктеп өлең жазатынмын. Сондай туындыларыңыздың бірі бізді жақындастырды деп ойлаймын. Өйткені, мен де әдебиет әлеміне құштар болып өстім. Ол:
Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар,
Қарасаң аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса даналық бар,
Біреуде қарт та болса, шалалық бар, – деп басталатын философиялық ойды бір шумаққа сыйғызған өлеңіңіз.
Сіздің қайталанбас туындыларыңыз «Жас керуен», «Алтынтау», «Көңілді тоқсан», «Революция жырлары», «Өмір өрнегі», «Бір нәзік сәуле» жинақтарына енсе, «Шопан баласы», «Пір Бекет пен жыр зекет», «Алтын босаға», «Оғыланды», басқа да көптеген драмалық шығармаларыңыз оқырмандарыңыздың ыстық ықыласына бөленді.
Ел асыл ерлерінің еңбегін ешқашан елеусіз қалдырған емес. Жылыой ауданының Құрметті азаматысыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкерісіз, Республика халық ағарту ісінің үздігісіз, «Еңбек ардагері» медалінің және «Құрмет Белгісі» орденінің иегерісіз.
«Поэзия – мәңгілік құндылық» деген осы шығар. Бүгінде қызыңыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Маржан ізіңізді жалғап, республикаға танымал ақын. Ақынын ардақтаған елміз ғой, жұртымыз Маржанның да өлеңдерін сүйіп оқып, жаттап айтып жүр.
Құрметті Аманқос аға! Мыңдаған жанның жүрегіне нұр құйып, әдемі сезімге бөлейтін сиқырлы өлеңдеріңізді жоғары бағалаймын. Сіз жазған өлеңдер біздің де, бүгінгі жастың да санасында бүгінгідей жаңғырып тұр.
Бүгінгі мерейлі күніңізде жанұяңызға амандық, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Шығармашылық шабытыңыз шалқи берсін!» деп жылы лебізін білдірді.
Жыр кешіне «Күй-ана» атты жаңа туындысымен келген дәулескер домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Шәміл Әбілтай шығармасын дүниеден озған абзал жан, күйші Әсима Ізмұхамбетоваға арнап шығарған екен.
Бұдан кейін сахна төріне шығармашылығына жол ашып, болашағына бағыт-бағдар сілтеген ұстазына деген ақжарқын тілегін шәкірттері атынан білдіруге ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, ақын Өтеген Оралбайұлы көтерілді. Бүгінгі кешті «Атырау өлкесінің мәдени, рухани өміріндегі әсерлі, өнегелі кештердің бірі, бәрімізге ортақ мереке» деп бағалаған ақынның «Аманқос Ершуов – қазақ поэзиясының алдыңғы сапында келе жатқан шайыр, ұстаз, тәлімгер. Бір жылдары бір ауданнан жиырмаға тарта Социалистік Еңбек Ері шыққан деректер кездесетін, ал Ақкиізтоғай ауылы жиырма бірдей ақын шыққанымен де танымал» деген сөзіне жиналғандар ду қол шапалақтап, киелі қонысқа қошемет білдіргендей болды. Сол сияқты, Өтеген Оралбайұлы өзін «әдебиет әлеміне жетелеген» тағы бір ұстазы, мерейтой иесінің жұбайы Алтын Қоқашқызын да ерекше ілтипатпен атап өтті.
Аманқос Назарұлының кешіне ол «үш кісінің сәлемдемесі мен шәкірттік жүрегін» ала келіпті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары – Бағлан Майлыбаев Аманқос ақынды желкенді жетпісімен құттықтап, барлық игі тілектерін арнаса, барлық түркі әлемі мәдениетінің дамуына ықпал етіп отырған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов биыл 20 жылдығын тойлап отырған ұйымның мерекелік медалін табыстапты.
Аманқос Ершуовке жерлесі, ақын Қаржау Оразбаев та
«… Ақкиізге түледің,
Жыр боп соғып жүрегің,
Ақмешіттің сорына,
Аунап өскен ұл едің.
Елге ақын боп елендің,
Марапатқа кенелдің.
Ортанқолдай әулеттің,
Ортасында көп елдің.
… Өткен өмір, ол – есте,
Бес перзенті белесте.
Жақсылардың кеудесі,
Алтын сандық емес пе?!
Сексенге жет, сергек боп,
Тоқсанға да өрлеп кет!
Тойлап жатсын дүйім ел,
Қаулап жатсын жыр көктеп.
Ардақ тұтқан бір кезден,
Арда ақын ең, жыр-безбен.
Баптап ұдай, беу, Муза,
Сақта, Құдай, тіл-көзден!» деп жыр жолдарын арнапты.
Той иесіне «Сіз отты да сезімді жырларыңызбен қашан да жүректерді жылытып келесіз. Жалындатқан жырларыңызбен қуантып, талай бұлақтың көзін аштыңыз. Қазақ әдебиетіндегі алар орныңыз қомақты» деген жүрекжарды сөздерін арнаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы, академик Өмірзақ Озғанбаевтың ол кісіге арналған құттықтау хатын оқып, ардагерлер кеңесінің атынан «Қазақстан-2050» стратегиясын насихаттауға және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шараларға белсене атсалысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапаттап, ақынның өзіне арналған өлеңін оқып берді.
Мерейгер шығармашылығын тұрақты насихаттап келе жатқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай Аманқос Назарұлын құттықтай отырып, бұдан аттай жиырма жыл бұрын ақын жайлы телевизиялық хабар түсіргенін еске алып, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, ақын тойына Алматыдан арнайылап жеткен «Әдемі-ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлегенқызы Аманқос Ершуов пен бірқатар кеш қонақтарына ұлттық ою-өрнектермен нақышталған кәдесыйларды ұсынды.
Мерейтой тойланып жатқанда алыстағы Аргентинадан қуанышты хабар келіп жетті. Ақынның немересі Нұрсұлтан Ершуов алыс құрлықта джу-джитсуден өтіп жатқан әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынып, әлем чемионы атанды. Бұдан басқа, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғап, қазақ елін әлемге танытып жүрген Нұрсұлтан телефон арқылы бұл жеңісін атасының 70 жылдығына арнайтынын айтыпты.
Ұл-қызың жақсы болып, ұрпағың ізіңді жалғастырса – ол да бір бақыт! Әке жолын қуып, үкілі үмітін ақтаған маңдайалды ақын қыздарымыздың бірі, Астанадағы Қазақ Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері, Мемлекеттік стипендия иегері Маржан Ершуова да мерейлі кештің көркін келтіре жырдан шашу шашты.
Сонымен қатар, кеште халықаралық фестивальдардың лауреаты «Дарын» ер балалар хоры мен жас әншілер Аида Өмірғали мен Бекжан Қапановтың орындауындағы сазгер Болат Қоқамановтың Аманқос Ершуовтің сөзіне жазылған «Алтыным», Маржан Ершудың сөзіне жазылған «Бөбек», «Атырау-арман» әндері де көрермендердің көңілінен шықты.

Құралай ОРАЗ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз