«Тренерлерге арналған тренинг»басталды
Облыстық Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жаныңдамын» қоғамдық қоры «Атырау облысында волонтерлік қызметті жандандыру» жобасын сәтті жүзеге асыруда.
Әлемнің көптеген елдерінде еріктілер қозғалысын дамыту мемлекеттік маңызы бар айырықша міндетке айналды. Жобаның мақсаты – жастар арасында волонтерлік қызмет дағдыларын, әлеуметтік практика саласындағы жобалық жұмыс құзыреттерін және тұтастай алғанда белсенді азаматтық ұстанымды дамытуды көздейді.
Жалпы жоба аясында 17-19 шілде аралығында өңірдегі белсенді волонтерлердің қатысуымен «Тренерлерге арналған тренинг» атты үш күндік оқыту шарасын ұйымдастыру жоспарлануда. «Жаныңдамын» қоғамдық қорының басшысы Мейрамгүл Есениязованың айтуынша аталмыш оқыту жұмысына қабылдау негізінде отыздан астам өтініш түскен. Өтініш арасынан 16- 35 жас аралығындағы белсенді 25 ерікті іріктелген.
– Иә, оқыту шарасы басталады деп әлеуметтік желіге хабарлаған сәттен бастап, қызығушылық танытқан белсенді азаматтар көп болды. Себебі аталмыш оқу арқылы шараның тапырмасына сай қатысушыларға 2 жылға тренерлік қызметке рұқсат берілетін сертификатқа ие болады. Атырау қаласы бойынша пилоттық негізде өздері таңдаған білім беру ұйымдарында волонтерлік топ құрып, волонтерлік қызметтерді жандандыратын болмақ. Оған қоса тренингті республикалық деңгейдегі тренер Александра Крашинина жүргізеді. Іс-шарада қатысушыларға волонтерлік саладағы теориялық және практикалық білімдерімен таныстырып, тренерлік шеберліктің тәжірибелік құралдарын пайдалануға үйретіп, әлеуметтік көшбасшының өкілеттігіне жататын дағдыларға қалыптастыру, — дейді М.Есениязова.
Тренинг барысында қатысушылар волонтерлік негіздері, волонтерлік қызметтің құқықтық негіздері, этика мәселелері, тиімді қарым-қатынас дағдылары, волонтерлік топпен жұмыс, волонтерлік топты басқарудағы өзгешеліктер, эмоцияналдық күйзеліс, төтенше жағдай кезіндегі алғашқы дәрігерлік көмекке дейінгі көмек көрсетудің дағдылары туралы білімдерін жетілдіретін болады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА