
Қос мереке иелеріне – лайықты құрмет
Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Ветеринария және Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов құттықтады.
Ол алдымен салтанатты шараға қатысушылардың назарына Үкімет басшысы Олжас Бекеновтің мерекелік құттықтауы мен жылы лебізін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығының әлеуетін арттырып, экспортқа шығарылатын өнімнің сапасын көтеріп, көлемін көбейту үшін ветеринария қызметін заман талабы мен мезгіл үрдісіне сай дамыту қажеттігін атап өтті. Соңғы жылдары осынау маңызды саланы жүйелі түрде реформалауға бағытталған нақты шаралар алынды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту, процестерді цифрландыру, мәліметтерді жинақтау және оларды ақпараттандыру жөнінде кешенді жұмыстар атқарылуда.
Ветеринария — елдің жануарлар әлемін сақтап, мал шаруашылығын өркендетуге ғана емес, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде,сондай-ақ атакәсіптің тінін үзбей, жалғастырып келе жатқан ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға өлшеусіз үлесін қосып отырған аса маңызды сала. Бұл саланың тірегі — ісіне адал, білімі мен білігі мол, тәжірибесі толысты, білімді де білікті мамандар. Сіздер мал арасында кездесетін аса қауіпті де қатерлі жұқпалы аурулардың кең таралуына берік тосқауыл қойып, эпизоотиялық ахуалды тұрақты әрі жіті бақылауда ұстап келесіздер. Ауыл шаруашылығын табысты дамытып, ұлт саулығын нығайтуға қосып жүрген үлестеріңізлің сүбелі екенін білеміз. Ендеше, ел мүддесіне қалтқысыз етудің озық үлгісі деген осы болса керек. Сөз жоқ, бұл сіздердің жоғары жауапкершіліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі.
Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін. Дәл осындай жылы лебізімді тіршілік нәрін сыйлап, ауыл шаруалығы саласын өркендетуге еселі еңбектерімен атсалысып жүрген су шаруашылығы саласының ардагерлері мен олардың ісін жалғастырушы ізбасарларына арнаймын. Тағы да төл мерекелеріңіз құтты, денсаулықтарыңыз мықты болсын!» делінген Премьер-министрдің құттықтау хатында.
– Бәріңізге мәлім, ел Президентінің Жарлығымен биылғы жыл республикамызда «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Соған сай бүгін кәсіби мерекесі атап өтіліп отырған қос саланың өкілдерінің де еңбектері әділ бағаланып, оларға лайықты құрмет көрсетілуде, — деді Д.Шамұратов.

Сөзін осылайша сабақтап , аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Дарын Дүйсембайұлы кәсіби мереке иелерінің бір тобына «Еңбек ардагері» медалін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Кәсіби мереке иелерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те құттықтап, марапаттарын табыстады.
Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген автор