
Мемлекет қаржысын басқарушы құрылым
*Атырау облысы бойынша Қазынашылық департаментіне – 30 жыл
Биылғы 14 шілдеде Атырау облысы бойынша қазынашылық департаментінің құрылғанына 30 жыл толды. Осынау атаулы датаны департамент ұжымы салтанатты жағдайда атап өтті. Бұл күн – өңірдің мемлекеттік қаржы жүйесі үшін маңызды оқиға, кәсібилік пен сенімділіктің жарқын көрінісі.
Қазақстан Республикасы қазынашылық жүйесінің тарихы еліміздің тәуелсіздік алған кезеңімен тығыз байланысты. 1990 жылдардың басында елдің алдында қазына қаражатын – мемлекеттік қаржыны тиімді және ашық басқару жүйесін құру міндеті тұрды.
1994 жылғы 27 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазынашылықтың Бас басқармасы құрылып, 1995 жылы оның аумақтық органдары қалыптаса бастады. Солардың қатарында – 1995 жылғы 10 шілдеде ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен құрылған Атырау облысы бойынша қазынашылық басқармасы да бар еді.
Жаңа құрылымның алғашқы басшысы болып Бақытжан Мәжғалиұлы Жылқыбаев тағайындалды. Сол кезде штаттық кестеде небәрі 7 қызметкер еңбек еткен болатын. Соның өзінде дәл осы мамандар болашақ құрылымның іргетасын қалады. Кейіннен қызметкерлердің саны мен функционалдық өкілеттіктері біртіндеп кеңейе түсті.
1995 жылғы қазанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық банктің есеп айырысу-кассалық орталықтары қазынашылықтың қарамағына біріктірілді. Бұл орталықтардың базасында Республикалық бюджеттік банк құрылып, ол өңірлік қазынашылық жүйесінің дамуына тың серпін берді.
Сол 1995 жылдың соңында Атырау облысының барлық ауданында өңірлік қазынашылық бөлімдер ашылды. 1998 жылы Бюджеттік банк таратылып, оның кейбір функциялары қазынашылыққа берілді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ведомоствоның штаттық кестелері айтарлықтай ұлғайтылды. 2004 жылы облыстық басқарма департамент мәртебесін иеленді. Ал 2008 жылдан бастап барлық аудандық бөлімдер басқарма болып қайта құрылды.
Бүгінде департамент пен оның аумақтық басқармаларында 93 қызметкер жұмыс істейді. Олар 700-ге жуық мекемеге – мемлекеттік органдардан бастап, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік сатып алуға қатысушы субъектілерге дейін қызмет көрсетеді.
Биылғы мерейтойлы белестің біз үшін жөні бөлек, мәні ерек. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені дәл осы жылы республикамызда жаңа Бюджет кодексі қабылданып, заңды күшіне енді. Бұл құжат қазынашылықтың рөлін бұрынғыдан да күшейтіп, оның мемлекеттік бюджет процесіндегі маңызын арттырып отыр.
Енді қазынашылық құрылымдарына бюджеттік бақылауды күшейту, мемлекеттік міндеттемелерді басқару, бюджеттік бағдарламалар мен жобалардың барлық кезеңіне қазынашылықтық сүйемелдеу функциялары жүктелді. Бұл жоғары кәсіби дайындықты, цифрлық шешімдерді енгізуді және ұжым ішінде тығыз үйлесімділікті талап етеді.
14 шілде күні өткен салтанатты іс-шарада департамент ұжымы, ардагерлер, әріптестер мен қонақтар бас қосып, отыз жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, оның бастауында болған аға буын өкілдеріі – ардагерлер мен олардың жолын лайықты жалғастыра білген ізбасарларына, қазірде қатарда жүрген қызметкерлердің баршасына басшылық атынан шексіз алғыс арналып, ризашылық білдірілді.
Ардақты ардагерлер, құрметті де қадірменді әріптестер! Сіздерді тағы бір мәрте департаменттің айтулы белесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! Егемен елдің қазынашылық жүйесінде қалыптасқан игі дәстүрлер жалғасын тауып, әрқашан абырой асқарынан көріне бергейсіздер!
Кенжетай ТАЙШЫҚОВ,
Атырау облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы