Жүз жылдағы жол
Ақпарат құралдарының әрқайсысының өзіндік орны, көтерер жолы бар. Қай кезеңде болмасын, баспасөз қоғамда болып жатқан оқиға, өзгерістерді халыққа жеткізе отырып, бұқараны құлағдар етуді көздеді және газет өз заманының идеологиялық құралы да бола білді.
Ғасыр жасап отырған «Аtyraý » тарихы – өлкенің тарихы. Өйткені, 100 жыл бойғы өңірдің тыныс-тіршілігі осы басылым бетінен көрініс тауып келді. Шежірелі газеттің қоғамдық-саяси өзгерістерге сай осы уақыт аралығында әртүрлі атаулармен аталғанын да бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді…
«Ерік»
«Атырау» өз бастауын осыдан бір ғасыр бұрын «Еріктен» алған. Ал, «Ерік» елдік пен ерлікті сомдаған батыс өлкедегі алғашқылардың бірі және соны басылым ретінде танылды. РК(б)П Гурьев уездік комитеті бюросының 1923 жылғы 23 наурыздағы мәжілісінің хаттамасына сәйкес «Ерік» газеті осы жылғы 1 сәуірде жарыққа шықты. Бірінші беттің бас жағында «Бүтін жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер!», «Пролетарий всех стран, соединяйтесь!» деген ұран тұрды, жазылу бәсі бір айға 6 сом, үш айға 18 сом, жекелеп 1 сом 50 тиын (1923 ж. есеппен) болған.
Алғаш жарық көрген уездік газеттің тілші авторлары Мақат, Доссор, Ракуша мұнай кәсіпшіліктерінің жұмысшылары еді. Онда газеттің редакторы ретінде қол қойған упарткомның бірінші хатшысы Төлепкерей Өтеулиевтің «Тірлік осымен басталады» деген бас мақаласы, М.Кариевтің «Ерікке», Ш.Аралованың «Құтты болсын» деген лебіздері, «Еңбекшілер ұраны» («Интернационалдың» қазақшасы), М.Шөкеевтің «Қазақтың шаруа жайынан», Арсылановтың «Мәңгілік белгі», Дүйсеновтің «Ескіні ұмытпаған мұғалім» деген мақалалары берілген. Ал, мақалалардың мазмұны мұнайлы ауылдағы сауатсыздықты жою, мәдениетке шақыру, жұртты мұнай кәсібін игеруге ұмытылдыру бағытында болды. Газеттің 50 номері шыққан.
«Жұмыскер тілі» мен «Жұмысшы тілі»
«Ерік» газетінің заңды жалғасы «Жұмыскер тілі» деп аталды. Жаңа атау басылымға 1924 жылдың 28 тамызында берілген. «Ерік» уездік маңызға ие болса, «Жұмыскер тілінің» уездік, кейінірек округтік маңызы болған. Бір айға жазылу бағасы – 40 тиын. Мұндағы қалам тербеген тұрақты тілшілер осы аймақтың жұмысшылары. Мұнайшылар арасында бұл жұмысқа ерекше маңыз берілгені соншалық, тілшілерді жиналыста дауысқа салып, сайлап қою тұрақты дәстүрге айналған. Бұл туралы газет тарихын ғылыми зерттеген тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының «Атырау баспасөзінің тарихы туралы» атты кітабында жан-жақты айтылады. Мәселен, 1924 жылы 20 тамызда Доссорда өткен қазақ жұмысшыларының жалпы жиналысында жұмысшы тілшілер туралы мәселе қаралып, тілшілер сайланған. Олардың қатарында Д.Тілегенов, А.Сағындықов, Б.Әлжанов, Ғ.Сарбаев, Х.Батырбаев, С.Зорбаев, Ж.Мұқтановтар болған. Көп ұзамай, жұмысшылар өмірінен тұрақты мақалалар жазатын тілшілер мектебі ашылады.
«Жұмыскер тілі» газетінің 1925 жылдың 9 шілдесіндегі №30 санында жарық көрген «Баспасөз һәм тілшілер» атты мақалада мынадай жолдар бар:
«…Тілшілердің санасының күштілігі, жігерінің өткірлігі, ұятының молдығы, туралыққа көксеген түзу ойы, өткір, жүйрік қаламдары, жаңа бағыт ағымына таныстығы, ескі әдет, ескі дүниеге нашар көзбен қарағандығы тілшілерді еріксіз тербетіп, елдің мұң-мұқтажын, түрлі кемшіліктерін һәм өздерінің көзқарастарын баспаға әйгілеп тезге салуға даярлап бермек…»
1927 жылы 20 ақпанда «Жұмыскер тілінің» іс-тәжірибесін басқа өндірістік өңірлерге тарату жөнінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті хатшылығының қарары қабылданып, соған сәйкес тиісті жұмыстар ұйымдастырылған.
Жастар тәрбиесі, оларды еңбекке тартуға мақсатында БЛКЖО уездік комитетінің 1924 жылғы 31 қазандағы бюро мәжілісінің қаулысы негізінде, упарткомның қолдауымен «Жұмыскер тілінің» жұмысшы жастар беті шығып, 1925 жылғы 3 наурызда екі аптада бір рет шығатын «Жұмыскер жас» атты дербес газетке айналады. Бірақ, қалыптасқан ахуалға байланысты оның небары 47 саны шығып, 1926 жылдың тамыз айында жабылып қалған.
Гурьев уезінің аудан болып құрылуына байланысты «Жұмыскер тілі» уақытша тоқтайды. Басылымның небәрі 360 саны жарыққа шыққан.
«Ленин жолы»
1928 жылы Қазақстандағы әкімшілік-аумақтық басқарудың өзгеруіне байланысты, Гурьев уезінде де Гурьев, Ембі, Теңіз, Жылой (Жилкоса), Еспол, Новобогат аудандары құрылды. Соған орай 1932 жылы 16 сәуірде аудандық партия және кеңес атқару комитеттерінің, кәсіпшілер одағы кеңесінің бес күнде екі рет шығатын органы – «Ленин жолы» газеті дүниеге келді. «Ленин жолы» газетінің алғашқы санында аудандық партия комитетінің хатшысы П.Орловтың газет тап жауының, оппортунизмнің бетін ашып, партияның ұлы жолы үшін күреседі деген сәлемін жеткізген.
Гурьев ауданының үні, «Атыраудың» алғашқы атауларының бірі – «Ленин жолының» барлығы 172 саны жарыққа шыққан. Газеттің тігінділері бүгінде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорлар бөлімінде сақтаулы тұр.
«Жем жұмысшылары»
Газетіміздің қаз басып нығаюына мұнайшылардың зор үлес қосқанын айтпай кетуге болмайды. Гурьев уезінің аудан болып құрылуына байланысты 1931 жылы 25 желтоқсанда басылым «Жем жұмысшылары» (Орал-Ембі ауданының органы) атауымен басылып шықты. Газеттің бұлайша аталуы тегін емес еді. Өйткені, онда қызмет ететін тілшілер мұнайшылар және мақалалардың басым бөлігі кәсіпшіліктерден беріліп отырды.
«Атырау» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Өмір мен өңір» атты кітапта газеттің бұрынғы бас редакторы Қилыбай Қуанышбайұлы өзінің «Алаштың алғашқы жұмысшы газеті» атты шығармасында бұл туралы нақты деректер келтірген. Мұнай кәсіпшіліктері мен ондағы фабрика-зауыт комитеттеріндегі жағдайды жазып тұру үшін көзі ашық қазақ жұмысшылары жұмысшы тілшілер қатарына тартылғанын да атап өткен.
Осы арқылы мұнай өндірісіндегі қарапайым еңбек адамдарының қажыр-қабілеті төл газеттің бетінде үнемі жан-жақты насихатталып отырғанын аңғаруға болады.
«Социалды құрылысқа» және
«Социалды құрылыс»
Бір жылдан астам уақыт қана жарық көрген «Ленин жолы» мен Орал-Ембі аудандық «Жем жұмысшыларының» заңды мұрагері іспетті «Социалды құрылыс» газеті дүниеге келген. Оған 1933 жылы 15 қыркүйекте Гурьев округінің құрылуы себепші болады. Көп ұзамай, сол жылғы қарашада Гурьев округтік комитетін ұйымдастыру бюросы мәжілісінің №14 қаулысымен округтік газетке «Социалды құрылысқа» атауы берілген. Бұл туралы БК(б)П Батыс Қазақстан обкомы баспасөз бөліміне осы екі газет редакторлары: «…Округтің құрылуымен Гурьев және Ембі аудандарының газеттері «Прикаспийская коммуна» және «Социалды құрылыс» болып қайта құрылды. Округтік газеттер күнде бір шығып, форматы 57,5х38, қазақша таралымы 8000 және орыс тіліндегісі 7000 дана болып отыр. Болашақта оның әрқайсысы 10 000 данаға жетпек. Округтік газеттер жанынан «Нефтепроводстрой» құрылысшыларына арналып екі тілде көптаралымды газеттер шығып отыр. Таяу күндерде балықшыларға арналған көшпелі газет редакциясымен Доссор және Қосшағылда көптаралымды газеттер ұйымдастырамыз. Округтік газеттің 15 қыркүйекке 18 тонна қағазы бар, бұл тек үш айға жетеді…» деп хат жолдайды.
Сол кездегі латын қарпінің орфографиясына сүйеніп, газет атауы 1940 жылға дейін «Сатсыйалды құрылыс», «Сотсыйалды құрылысқа», «Сотсыйалистік құрылыс» деп жазылды.
«Социалистік құрылыс»
Облыстың бас басылымы атауының өзгеруі 1937 жылғы 15 шілдеде шыққан №160 санынан басталады. Бұл номердің атауы – «Социалистік құрылыс». Бұл жөнінде «Өңір мен Өмір» шежірелік баян-кітабында (Алматы, «Абзал-Ай», 2013, 40-41 бб.) нақты дәлелмен айтылған. Осы атау 1938 жылдың 15 қаңтарында Гурьев облысы құрылғанда да өзгерген жоқ.
Газеттің осы санында облыстағы партия ұйымдарының өмірін көрсетуге кеңінен орын берілген. Еңбекшілер арасындағы ұйымдастырушылық ролі, жастарды идеялық жағынан тәрбиелеу мәселелері туралы мақалалар басылды. Жергілікті кеңестердің, партия органдарының, кәсіподақ ұйымдарының жұмысындағы, еңбекшілерді мәдени-тұрмыс жағынан қамту ісіндегі қол жеткен табыстары баяндалып, бұл жөнінде орын алып отырған кемшіліктер сыналды. Өлкеміздегі мұнай, химия және балық өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, оларды өркендету ісіндегі табыстар мен орын алған кемшіліктер үнемі жазылып, қалың оқырманның назарына берілді. Болашақ қоғамның материалдық-техникалық базасын жасау жолындағы бүкілхалықтық күреске лайықты үлес қосқан еңбек майталмандары, жеке ұжымдар мадақталып, олардың іс-тәжірибесі көпшілікке таратылды. Облыс экономикасына қатысты «Маңқыстауда бай қазына», «Қой шаруашылығы – біздің екінші тыңымыз», «Озат тәжірибе – көпке ортақ», «Заманымыздың ерлері», басқа да газет айдарлары тұрақты жарық көрген.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста облыс баспасөзі халыққа фашистік Германияның басқыншылығын жан-жақты көрсете келіп, барлық күшті майдан мен тылға салуға жұмылдырды. Газет кеңестік патриотизм мен интернационализм, халықтар достығы рухында тәрбие жөнінде насихаттық және үгіттік мәні бар материалдар жариялап отырған. «Еңбек тәртібін нығайтайық!», «Ұлы Отанымызды қорғауға сағат сайын әзір болайық!», «Ұлы Отанымыздың лайықты жауынгері болыңдар!» деген айдарлармен хаттар басылған. Соғыс жылдарының өзінде аптасына бес рет шығып, халық арасында «листовка» түрінде таратылған газетте рухы биік мақалалар көптеп жарияланды. Осынау сын сағатта Ақантай Сарқұлов, Ғайса Ізтілеуов, Сабыр Батырбаев, Сибат Ғабдуллин, Мұқан Қанатов, басқа да газет қызметкерлері қаламдарын қаруға алмастырып, майданға аттанды.
«Социалистік құрылыс» Азғырдан Түркімен шекарасына дейінгі аймақтың мәдени-ағарту өміріне де тиісті назар аударып отырды. Одан басқа денсаулық сақтау, сауда және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындарының жұмыстары да үнемі жазылып, назардан тыс қалған жоқ. Сол кездегі күнделікті ауыл мәдениетін, село тұрмысын әңгімелейтін «Дәулетті де ойла, сәулетті де сайла» деген айдар газет бетінен түспеді. Бүгінгі ұрпақ үшін сол кездегі қоғамның тыныс-тірлігін, аймақтың өткен тарихын, дамып өркендеу жолдарында ел экономикасы саласында атқарылған істер мен шаралар туралы деректер – құнды шежіре.
«Коммунистік еңбек»
1963 жылы 1 мамырдан бастап басылым атауы «Коммунистік еңбек» болып өзгерді. Ол елдің жоғын жоқтап, мұңын айтатын үнпарағы болды. Басылымда әсіресе, әлеуметтік-қоғамдық мәселелер, оқу-ағарту ісі көрініс тапқан. Мәселен, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, қалалық кеңестің депутаты З.Иванованың «Бала тәрбиесі – көпке ортақ» айдарымен жазған көлемді мақаласы да өзекті мәселені қозғаған. Мақаладан 1964 жылы қала мектептерінде оқып жатқан 20616 оқушының 2751-і үлгермеуші екені жөніндегі деректі кездестіруге болады. Бір қызығы, деректе көрсетілген оқушылардың көпшілігі – орыс тілі пәнінен үлгермеушілер. Оның себеп-салдарын анықтау мақсатында қала мектептеріндегі сабақтарға қатынасқан мақала авторы мектептердегі осы сала бойынша жұмыста біршама олқылықтың орын алып отырғанын жасырмай жазған. Қаладағы №3, №9, №10 сегіз жылдық мектептерде орыс тілі сабақтары іш пыстырарлық, педагогикалық тұрғыда бірсарындылықпен өтіп жүргенін байқаған. («Ұстаз жауапкершілігі» // «Коммунистік еңбек», 1964 ж., 22 шілде).
Облыстық газет «Коммунистік еңбек» деп аталған кезде редакцияда алашқа танымал әйгілі қаламгерлердің еңбек еткені мәлім. Солардың бірі – Нұриден Мұфтах (Нури Муфтах). Тұлғаның ақпарат айдынында құлаш сермеуінің өзі он бес жылдай еңбек еткен «Атыраудан» бастау алды. Оның шығармалары, әсіресе «Айғыр атқан Әзербаевтар» атты әйгілі фельетонын оқымаған кісі кемде-кем. Бұл жылдары газет жанрлары әсіресе, көркем-публицистикалық туындылар басылым бетінде кеңінен көрініс тапқан. Ақпаратты хабар, репортаж, сұхбат, есеп жанрлардан бөлек, фельетон, очерк, суреттеме, эссе секілді әдеби жанрлардан көптеп берілуі оқырмандардың газетке деген қызығушылығын арттырды. Ол кезеңде қарапайым халықтың баспасөзге деген ықылас-ниеті ерекше болып, қарапайым еңбек майталмандары туралы сан түрлі мақалалар мен очерктер жарық көрді. Газетіміз арқылы еңбек майданының көрігін қыздырған мұнайшылар, шопандар, құрылысшылар, егіншілер, балықшылар, яғни қарапайым еңбек адамдарының қызметімен мыңдаған оқырмандар танысып, тәнті болатын. Сол арқылы жас ұрпақ олардың өлшеусіз еңбегін құрметтеуді үйренді.
1973 жылы «Коммунистік еңбек» газетінің 50 жылдық мерекесіне және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуына орай сонау ақ басты Алатау аясынан құттықтау жолдаған жерлес ақын-жазушылар Ә.Сәрсенбаев, Т.Амандосов, Х.Ерғалиев, З.Қабдолов, З.Серікқалиевтің жүрекжарды жылы лебіздері газеттің абыройын одан әрі асқақтата түсті. «Сүйікті «Коммунистік еңбек», үкіметтік жоғары марапатыңмен, мерейтойыңмен шын жүректен құттықтаймын, өзіңді аса құрметтейтінімді, мақтанышымды айтқым келеді. Редакцияның бүкіл ұжымына және авторларына жаңа шығармашылық қуаныш тілеймін. Өзіңді қадірлеуші – Әбіш Кекілбаев», — делінген танымал жазушының құттықтауында. Мұның бәрі – сайып келгенде, газеттің қалың оқырман арасында өзіндік орны барының, облыстың басты үнпарағы болғандығының бұлтартпас айғағы.
«Атырау» және «Atyraý»
Ел тәуелсіздігінің жаршысындай болған «Атырау» атауы облыстық газетке 1990 жылы 30 маусымда берілді. Содан бергі тәй басқан тәуелсіздіктен бастап, әлемде өзіндік орны бар қазіргі еліміз бен Атырау өлкесі тыныс-тіршілігінің жаршысына айналды. Осы жылдар аралығында мемлекет саясатын насихаттап қоймай, оны қарапайым қалыққа түсінікті тілмен жеткізіп, қоғамдағы мәселелердің шешілуіне сүбелі үлес қосып келеді. Тек қала тірлігін жазумен шектелмей, шалғайдағы ауыл тірлігін де дәріптеді.
Әрине, газет – қоғамның жаршысы. Ал, ғасырлық тарихы бар «Атырау» газеті шын мәнінде аймақтың айнасына айналды. Соның нәтижесінде таралым саны 27 мың данаға дейін жетті.
Газет атауы 2018 жылғы 20 наурыздан бері «Atyraý» болып, яғни латын қарпімен жазылып келеді. 1930 жылы балық шаруашылығының үні ретінде шыққан «Путина» қосымшасын, 1990-1992 және 1996-2001 жылдары жарық көрген «Атамекен» әдеби-тарихи серігін де ұмыт қалдыруға болмайды. Сол арқылы өңір жылнамасына тән көптеген шежіре-естеліктер оқырманға жетіп, өлке тарихын молайтты.
«Atyraý» қай кезде, қандай атаумен жарыққа шықса да, жұртшылыққа жай ақпарат хабаршысы емес, зор ағартушылық роль атқарды. Осы бір ғасырдағы газет атқарған жұмыс пен жеткен жетістіктерді бір параққа сыйғызу мүмкін емес. Бұл жерде редакция мен баспаханадағы барлық жұмысты ұйымдастырып, үйлестіріп отырған ондаған редактор, жүздеген тілшілер мен техникалық қызметкерлердің маңдай тері, айқын қолтаңбасын ешқашан ұмытуға болмайды. Қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі, профессор Тауман Амандосов, қазақтың көрнекті ақындары Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Әміреш Жұмағалиев, Марат Ысқақов, Нұриден Мұфтах, Берік Қорқытов, Қабыл Бекмұратовтар осы газетте қызмет етіп, қанатын қатайтса, көрнекті қайраткерлер мен қаламгерлер Досы Тілегенов, Далабай Жазықбаев, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Ғабдол Сланов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбайұлы, Жұмекен Нәжімеденов, Рахымжан Отарбаевтар алғаш қаламын ұштаған.
Рухани ортадағы орны бөлек «Atyraý» газеті редакциясының бұқаралық насихат пен халықты идеологиялық тұрғыда тәрбиелеу ісіндегі ерекше жұмысы үшін Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің жүлдесімен (1940), «Құрмет белгісі» ордені (1973), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы (1983), КСРО Журналистер Одағының Мария Ульянова атындағы сыйлығы (1990) және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Аманат» сыйлығымен (2021) марапатталды. Ал, 2022 жылы «Үркер» Ұлттық сыйлығының байқауында «Atyraý» газетінің үздік төрттіктің қатарынан көрінуі басылымның бүгінгі ақпарат айдынындағы салмағын асқақтата түссе керек…
Шынында да, «Atyraý» – елмен бірге жасап, бұқарамен біте қайнасқан бірегей басылым!
Дайындаған Мәлике МӘЛІК