Жетпіс екі жыл бұрын…
Облысқа белгілі жазушы, драматруг Б.Қорқытов «Жылнама «Еріктен» басталады» атты мақаласында «…«Социалистік құрылыстан» бұрын туған топырағымда мынадай газеттің болғанын біліп, көргеніңде, әрі өзге біреу емес, өзің тауып отырғаныңда қалай қуанбасың? Мен үшін бұл «Жаңа Америка» ашқандай болды. Ауылға келісімен «Социалистік құрылыс» газетіне 1951 жылы «Ерік» – облыс жұртшылығының ана тіліндегі тұңғыш газеті» деген мақала жаздым» деп өткен күнді еске алады (Өңір мен Өмір. Шежірелік баян / Құраст. Ө.Әлімгереев. – Алматы: «Абзал-Ай», 2013. 22 б.).
Бұл мақаланың толық мәтінін ағамыздың жарық көрген кітаптарынан да, газеттің 85, 90 жылдықтарына орай шыққан жинақтардан да көре алмадық. Газеттің 100 жылдық мерейлі де торқалы тойы қарсаңында Берік ағамыздың жетпіс екі жыл бұрын жазған бұл мақаласын қаз-қалпында өзі ұзақ жылдар еңбек еткен «Аtyraý» газетіне жариялағанды құп көрдім. Қалың оқырман қауым мақаланы оқып, танысын деген ізгі ниетпен газет редакциясына жолданып отыр.
Аққали Ахмет,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
«Ерік» – облыс жұртшылығының ана тіліндегі тұңғыш газеті
***
Октябрь революциясы тудырған қазақ халқының ана тіліндегі баспасөзі революциядан кейін ғана кең өріс алып дамыды. Партияның көсемдері В.И.Ленин мен И.В.Сталин ұлттар тіліндегі большевиктік баспасөздің дамуына ерекше назар аударды. 1920 жылғы 4 июньде В.И.Ленин қазақ тілінде газет-журнал шығару ісіне көмектесуді тапсырып, В.В.Воровский жолдасқа хат жазды. И.В.Сталин жолдас: «партияның міндеті – великорус емес, халықтардың еңбекші бұқараларының ілгері кеткен Орталық Россияны қуып жетуіне жәрдемдесу болады. Оларға ана тілінде баспасөз, мектеп, театр, клуб жұмысын және жалпы мәдени ағарту мекемелерін өздерінде дамытуға көмектесу болады» деп атап көрсетті. (И.В.Сталин, Шығармалары, V том, 25-26 беттер).
1920-1925 жылдар арасында республика орталығында, губерналық және уездік қалаларда жергілікті партиялық органдар шықты, мемлекеттік кітап баспаханасы құрылды. Республикалық «Еңбекші қазақ» (осы күнгі «Социалистік Қазақстан») газеті, «Қызыл Қазақстан» (осы күнгі «Коммунист») журналы қазақ еңбекшілерінің сүйіп оқыйтын органдары болды. Москва, Ташкент қалаларында қазақ тілінде «Темір қазық», «Шолпан», «Таң», «Сана», тағы сол сыяқты журналдар шығып тұрды. Уездік қалаларда шыққан жергілікті органдардың бірі – облыс жұртшылығының ана тіліндегі тұңғыш органы – «Ерік» газеті болды.
Қазақстанның саясат, шаруашылық, мәдениет жағынан өрлеуі «еңбекші халыққа түсінікті ана тілінде ауызша және баспасөз жүзінде совет үгітін күшейту» қажеттігін тудырды. (И.В.Сталин, Шығармалары, IV том, 267-бет). 1923 жылы 23 мартта РК(б)П Гурьев уездік комитетінің бюросы жетісіне бір рет қазақ тілінде «Ерік» газетін шығаруға қаулы етті.
1923 жылғы 1 апрельде облыс жұртшылығының мәдени өмірінде естен кетпес елеулі оқыйға болды. Бұл күні облыс жұртшылығының үгітші, насихатшы және ұйымдастырушы құралы – «Ерік» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Ол «Гурьез уездік ортақшыл табы (партия комитеті. Б.Қ.) мен уисполкомның қазақ тілінде жұмысына бір шығатын газетасы» деп аталды. Тиражы 500 дана болды.
«Ерік» газетін оқушы жұртшылық зор қуанышпен қарсы алды. Оның социализм жеңісі жолында жемісті еңбек етуіне тілектестіктерін білдірді. Газет жұмысына белсене қатынасатындықтарын айтып хаттар жазды. Редакцияға түскен құттықтау хаттардың бірінде былай деп жазылды:
«Бұл бұрын (газетті айтып отыр. Б.Қ.) көңілімізде болса да қолымызда болған нәрсе емес еді. «Ай! қолымыз жетсе» деген күндер болды. Енді бұл бейнетқор (пролетариат. Б.Қ.) халықтың еркіндігі арқасында қолымызға келді. Мұның қызметін біліп, мойнымыздағы міндетімізді атқарып, бұған қызмет қылуымыз керек. Сонда мұның қызметі жемісті болып, қараңғыда жатқан халықтың көзін ашуға себеп болмақшы».
«Ерік» газетінің алғашқы дәуірінде қалыптасқан белгілі бөлімдері болған жоқ. Бірақ, жарияланған мақалалардың тақырыбы мен мазмұнына қарағанда баспасөзге тап негізгі бөлімдер болды деп даусыз айтуға болады. Газетте ең алдымен партия тұрмысынан жазылған мақалалар кездеседі. Ол мақалалардың мазмұны мен тақырыбы жергілікті партия ұйымдарының өмірімен сабақтасып жатады. Партия қатарын нығайту, жат элементтерден тазарту, партия мүшелерінің арасында саяси-тәрбие жұмысын күшейту, олардың партиялық қырағылығын арттыру, партиялық қаулы-қарарлардың орындалуы, партияның ішкі құрылысының жұмыс әдістері, ауылдарда істелетін жұмыстардың жобасы, партияның түрлі шаруашылық салаларына басшылығы туралы мәселелер газеттің негізгі тақырыбы болды. «Көштің жөнін түзеп қою керек» (№10), «Көп түкірсе көл, теңіз тамшыдан» (№16) деген басмақалалар, «Шешу өз қолымызда» (№9) деген мақала партиялық тұрғыдан жазылды, газетке партиялық үн берді.
Газетте Совет құрылысын қамтыйтын мақалалар да кездеседі. Ол мақалалардың саяси мазмұны – Совет өкіметінің маңызды шараларының орындалу барысы, кәсіподағының жұмыстары, қазақ еңбекшілері арасында істеліп жатқан жұмыстар, жергілікті Советтердің сайлауы, оның қорытындысы, алдағы міндеттер, қазақ кедейлерін ұйымдастыру мәселелері, совет соты, Советтердің ұлт мәселесі тақырыбындағы істері туралы болды. «Қазақ хәлін баяндалық» (№18), «Мекемеде іс ана тілінде қалай жүреді?» (№9), «Жем әм Ақбас болыстарында мал есебін алу қызметі туралы» (№11), «Самар болысы жайынан» (№13), «Волисполкомдарды жаңарту керек» (№18), «Болыстарды зорайту» (№19), «Кеңес сайлауы» (№20), «Гурьев 5-уездік кеңестер съезінде қаралажақ мәселелер» (№21) деген мақалалар совет құрылысы тақырыбына арналып жазылды.
Газет шаруашылық мәселелеріне (мұнай, балық, мал, егін) ерекше назар аударды. Уездің халық шаруашылығын өркендету, шаруашылықтың социалистік даму жолына түсу, ол үшін көшпеліден отырықшы тұрмысқа айналу, өнеркәсіп орындарын жасақтау мәселелері газеттің күнделікті тақырыбы болды. «Жұмысшыларға не қылу керек?» (№14), «Кәзіргі тығыз жұмыс егінді көп салу» (№6), «Еңбек етсең емерсің» (№19), «Жарлының бұрынғы көрген күні» (№22), «Көкқасқа шегіртке – шаруаның дұшпаны» (№18), «Мұнай жұмысшыларының VII конференциясы қызметінің қорытындысы» (№7) деген мақалалар шаруашылық тақырыбына арналды.
Халық-ағарту, оқу мәселесінің тақырыбы газеттің негізгі бөлімдерінің бірінен саналды. Бұл тақырыптағы мақалалардың мазмұны – жаңадан мектептер ашу, қазақ еңбекшілерінің сауатсыздығын жою, олардың мәдениеттілігін көтеру, ұлт кадрларын тәрбиелеу, ескі салт-санаға қарсы жастардың күресін ұйымдастыру, уездегі оқу жұмысының жағдайы туралы болды. Бұл тақырыптарға арналып «Тірлік осымен табылады» (№1) деген басмақала, «Гурьев уезіндегі халық-ағарту қызметі әм халық жәрдемі» (№3), «Азаматтардың назарына» (№10), «Мұғалім жолдастарға» (№12), «Оқу жайынан» (№20) деген мақалалар жазылды. Газет алғашқы санында-ақ, қазақ еңбекшілерін оқуға шақырды, совет мектебінің атқаратын міндетін түсіндірді. №2 санындағы басмақаласында: «Қазаққа ғылым керек, өнер керек. Сол екеуінің анасы мектеп керек! Мектеп керек!» деп жазды.
Газетте әйелдер тұрмысынан алынған мақалалар да басылып отырды. Қазақ әйелдері арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, олардың сауатын ашу, өкімет ісіне, халық шаруашылығына белсене қатынастыру мәселелерін газет басты тақырыптардың бірі етіп көтерді.
Газетте жергілікті ақындардың өлеңдері басылып тұрды. Қазақ халқын бостандыққа жеткізген Октябрь революциясын жырлаған, революцияның көсемдері Ленин мен Сталинге, орыс халқына қазақ еңбекшілерінің алғысын айтқан шығармалар газеттен орын алды. Әсіресе, коммунист ақын Досы Тілегенов жолдастың өлеңдері жиі басылды. Досының «Ерік басқармасына», «Азаматтар», «Жастарға», «Ашылған бастан тұманды», «Доссор бейнетқорларына» деген өлеңдері жарияланды. Бұл «Ерік» газетінде әдебиет бөлімінің болғандығын көрсетеді.
Жоғарыда аталған бөлімдердің газетте болғандығын мақалалардың тақырыбы мен мазмұнынан айыруға болады. Әйтпесе, баспасөзде осы күнгідей «Партия тұрмысы», «Совет құрылысы», «Әдебиет бөлімі» деген, тағы басқа сол сыяқты атаулар газетте болмаған.
Газетте «Сыртқы хабарлар» бөлімі болды. Мұнда шетелдерде болып жатқан оқиғалар, олардағы шаруашылық дағдарыстар, жұмысшылардың ереуілдері туралы хабарлар басылды. Бұл хабарлар Орталық губерналық газеті «Қызыл ту» республикалық «Еңбекші қазақ» газетінен алынып отырылды. Осы газеттерден алып «Ерік» газеті «Ішкі хабарлар» деген бөлім ұйымдастырды. Бұл бөлімде социалистік мемлекетімізде және Қазақстанда жергілікті болып жатқан жаңалықтар туралы хабарлар басылды. «Ел хабарлары» деген бөлімде жергілікті жаңалықтар жарияланып отырылды.
Қорытып айтқанда, «Ерік» газеті алғашқы санынан бастап уездік партия комитетінің қолындағы коллективтік үгітші, насихатшы ұйымдастырушы құралы болуға, партия мен халықтың арасындағы байланысты күшейтудің құралы болуға тырысты. Облыс жұртшылығын коммунистік рухта тәрбиелеудің, бұқараны коммунистер жеңісі үшін күресте партия төңірегіне топтастырудың қуатты құралы болуға талпынды. Бұқараны социалистік құрылыстың барлық салаларында екпінді еңбекке жұмылдыру, олардың қабілеттері мен талантын арттыру, творчестволық бастамалар мен инициативаларын қуаттау, социалистік қоғамның жаңа адамдарын тәрбиелеу, олардың қоғамдық пікірін дамыту міндетін атқаруға ат салысты.
«Ерік» газеті 1924 жылғы 28 августтан бастап «Жұмыскер тілі» деген атпен шықты. 1932 жылдың сентябрь айынан бастап «Социалистік құрылыс» болып өзгеріп, ҚК(б)П облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының облыстық Советінің органы болып шығып келеді.
Берік Қорқытов,
Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің дипломанты
«Социалистік құрылыс», 1 апрель 1951 жыл