Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ЖАРАЛҒАН

Есімі атыраулықтарға етене таныс журналист, Ақпарат саласының үздігі Лиза Сейтімова бұл күндері алпыс атты асудың асқарына көтеріліп отыр. 

Кейіпкеріміз  жайында әңгіме қозғала қалса, оқырмандарымыз бен көпшілік: «Ол өзі кеңпейіл, жанындағы адамдарға жақсылық жасап, қолынан келген көмегі мен қайырымдылығын көрсетуге, ең болмағанда жылы сөзімен ауыртпалығын жеңілдетіп жіберуге әзір тұратын ерекше мейірімді жан» дейді. 

Бүгіндері мерейлі жасқа толып отырған Лиза Шайхашқызы 1963 жылдың 30-ыншы қыркүйегінде Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын (бүгінгі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  университеті) бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы Маңғыстау облысында мектеп мұғалімі болып бастады.

1990 жылдан бастап отыз жылдан астам уақыт бойына табан аудармастан облыстық «АTYRAY» қоғамдық-саяси газеті редакциясында маабыройлы қызмет атқарды. Осында тілші, аға тілші, бөлім редакторы болды. Ғұмырының саналы бөлшегін ақпарат саласына арнап келе жатқан әріптесіміз кейінгі кездері екі облыстық және жеті өңірлік басылымның басын біріктіріп отырған медиахолдинг — «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нде аудандық газеттер бойынша аға корректор болып еңбек жолын жалғастыруда.

Сәл шегініс жасасақ, ол осынау уақыт бедерінде өзіне тапсырылған қандай жұмысты да жоғары жауапкершілікпен орындап, тиянақтылық танытады. Мойнына алған міндетін аяғына дейін жеткізеді. Әсіресе, редакцияның «Хат және бұқаралық жұмыстар», «Әлеуметтік мәселелер» және «Мәдениет пен әдебиет» бөлімдерінде жұмыс жасаған кездерінде оқырманнан келген әрбір хаттың тағдырына алаңдап, толғантқан ойын түйсігімен түсініп, көтеріп отырған мәселесінің оң шешімін табуына тілеулес болып отырады.

Жағдайын айтып, аяқтай келгендерінің де көңілін қалдырмай, олармен емін-сөйлеседі. Сөйтіп, бірінің мүгедектігіне немесе басқа әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақысын алуына септессе, екіншісінің баспаналы болуына қолдау көрсеткеніүшін ол кісінің ризашылығын білдіргені әлі күнге есімізде. Мұның сыртында, өзі білетін жағдайы қиын, тұрмысы нашар жанұяларға жәрдемдесіп, мүмкіндігінше материалдық көмек ұйымдастырылуына ұйытқы, ұйымдастырушы болу да әріптестесіміздің адами қасиетін биіктетіп, басқаларынан дараландырып тұратын қыры. Сонысына қарай, біз де оны өзімізше дәріптеп, үлгі тұтамыз.
Қаламгерлік қырына, журналистік шеберлігі мен кәсіби біліктілігіне келсек, Лиза Шайхашқызы қандай күрделі тақырыпты да еркін жазуға қауқарлы, өзекті проблеманы жан-жақты ашып, зерделеп, талдап, сараптай алатын, жауапкершілігі жоғары, талғамы биік, өзіне де, өзгеге де талапқа қоя білетін нағыз ісінің майталман ұстасы. Оның үстіне, жұмыста жанында отырған ұжымдастарының бірінің  жабырқау күйде жүргенін байқаса, көңілін аулауға тырысады. Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін әріптесіміздің қалам иелерінің қарымы мен дарынын сарапқа салған додаларға қатысып, топ жарғаны да бар. Ол — журналистер арасындағы «Жүректен – жүрекке» Ұлттық байқауының жеңімпазы (2000), республикалық «Премьер-сақтандыру» конкурсының жүлдегері (2005), Атырау облысы әкімінің «Үздік журналист-2004» номинациясының иегері. Профессор Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының лауреаты. Ал, биылғы асқаралы алпыстың биігіне көтерілер белесінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. 
Лиза Шайхашқызы отбасылық өмірде де өзгелерге өнеге-үлгі, ортасы мен ағайын-туысына сыйлы бола білген жан. Жұбайы, өмірлік серігі Жұбандық Бижанов екеуінің ынтымағы жарасты, берекелі шаңырағында дүниеге келген Ботагөз, Дәурен, Дархан есімді перзенттері таңдаған мамандықтары мен қалаған кәсіптерін меңгеріп, бұл күнде бір-бір отаудың отанасы мен отағасы. Ал өздері ұл-қыздарынан өрбіген ұрпақтары — немере-жиендерінің асқар таудай атасы мен асыл әжесі. Сөзіміздің соңында өзінің екінші үйіндей болып кеткен төл ұжымы, бейнелеп айтқанда «төркін жұрты», ғасыр тойын өткізіп отырған облыстық «ATYRAY» газеті редакциясындағы әріптестері ,,Атыраудың» Лизасы» атанған  атынан Қоян жылы туған қымбатты да  қадірлі қаламдасымызды мерейлі де мәртебелі жасымен, өмірінің айшықты сәтімен құттықтаймыз. Еңбегі жемісті, отбасы-әулеті аман болып, шаңырағы шаттыққа толсын, деген ізгі ниеттен туындаған игі тілегімізді жолдаймыз. ,,Қатар келген қос тойың құтты болсын!»дейміз, оған.

Дәулетқали АРУЕВ, 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button