Журналистерге жігер беріп жүрген жан
Алаштың ардақты қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген ұлағатты өсиет сөзі қай кезде де маңызын жойған емес, жоймайды да.
Биыл шыға бастағанына 100 жыл болған «Atyraý» газеті арқылы облыс тұрғындары аймағымызда болып жатқан жаңа бастамалардан хабардар болып, іске асып жатқан барлық жұмыстар мен күрмеулі кедергілермен күрестер туралы біліп келеді. Ал газетті «халықтың тілі һәм көзі» ететін журналистер мен редакцияның барша қызметкерлері. Журналист мақаланы жазғанымен, оны машинкаға немесе компьютерге басып, өңдеп, емлелік, стилдік қатесін түзеп, газет бетіне орналастыру да үлкен жұмыс. Сондықтан редакция ұжымында қызмет етіп жүрген әрбір қызметкер: ол редактор, корректор, машинистка, тілші не дизайнер болсын – барлығы да газет жұмысын алға бастыруда өзіндік орны бар тұлғалар екені сөзсіз.
Осынау қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық иелері журналистермен бірге елеулі үлесін қосып келе жатқандардың бірі – Елеусінова Клара Сейітжанқызы. Міне, биыл отыз алты жыл табан аудармастан бір ұжымда мінсіз еңбек етіп келе жатқан Клара Сейітжанқызының өнегеге толы өмірі, еңбек жолы жұмыстас ағасы ретінде менің көз алдымда өтті.
1968 жылы 6 желтоқсанда Гурьев қаласында дүниеге келген ол Н.Крупская атындағы орта мектепті бітірген соң еңбек жолын 1987 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясында машинистка болып бастады. 1997 жылдан – облыстық «Аtyraý» қоғамдық-саяси газеті компьютер цехының терушісі, хатшы-референт қызметтерін абыройлы атқарып келеді. Ол жұмысқа алғаш келгенде мен тілші едім. Кейінгі жылдары редакцияның басшылық құрамында жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары, «Атырау-Ақпарат» ЖШС аппаратында бөлімдердің басшысы болғанда Кларамен тығыз байланыста жұмыс жасадым.
Тұлымшақтай нәзік қыз алғаш жұмысқа келгенде редакция үйі Ш.Уәлиханов көшесіндегі №7 үй – бір қабатты барак үйде еді. Редакцияның машинка бюросында төрт адам жұмыс істейді. Редакция аппаратында барлығы 50-ден астам адам болды. Редакциядағы 30-дан астам журналистен материалдар түсіп, үйіліп қалады, оларды кідіртпей машинкаға басып беру, әр материалдың құпиялығын сақтау өте маңызды болды. Клара алғаш іске кіріскеннен-ақ әріптес апалары Қымбат Әбдірахманова, Рысты Қарымсақова, Зылиха Нетәлиева, Ақлима Макулова және басқалармен тез тіл табысып, материалды шапшаң әрі сапалы, қатесіз басуды үйреніп алды. Журналистердің біразы материалдарын Клараға бастыруға кезекке тұратын да болды. Оның сапалы жұмысына тәнті болған бас редакторлар Клараны қабылдау бөлмесінде референт-теруші, нұсқаушы ретінде жұмысқа қойып, материалдарын бастырды, іс қағаздарын жүргіздірді. Бұл да жауапты қызмет еді.
Клара Елеусінова осынау 36 жыл еңбек өтілінде Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров, Қилыбай Қуанышбаев, Нұрлан Қабылов, Исатай Балмағамбетов сынды басшылармен тіл табысып еңбек етті. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспетті газетті сапалы да жоғары мазмұнда шығару үшін ол әлі де маңдай терін сыпыра еңбек етіп келеді. Осы жылдарда мен оның бір күн себепсіз жұмысқа келмей қалғанын немесе еңбекке жарамсыздық бетшесін алғанын көрген емеспін. Жұмысқа ерте келіп, кеш кету – оның күнделікті әдеті.
Уақыт пен заман талабына сай газет те жаңарып, жақсарып отырады. Ол – аксиома. Тоқсаныншы жылдары газеттер жаппай компьютерлендіруге, цифрландыруға көшірілді. Жазу машинкалары келмеске кетті. Барлық қызметкерді жаппай компьютерге отырғызып, үйреттік. «Аtyraý» газеті елімізде алғашқылар қатарында жаппай компьютерлендіру ісін қолға алды. 2000 жылдардан бастап газет шығару процестерін толық автоматтандыруға күш салынып, жақсы нәтижелерге қол жетті. Газет редакциясының баспаханамен, цехтармен байланыс қызметтері сол уақытта электронды форматқа көшірілді.
Бұл жерде компьютермен әріп терушілерге, дизайнерлерге көп күш салынды. Клара Сейітжанқызы бұл кезде де қамшы салдырмады. Қытайлар Америкаға барғанда: «Тек бір көрсетші жаңа технологияңды…», — дейді екен, сол сияқты Клара да бір көргеннен компьютермен «достасып» кетті. «Аtyraý» газетінің алғаш компьютермен теріліп, баспаханаға электронды әдіспен жіберіліп, басылып шығарылуына үлес қосқандардың бірі де бірегейі осы Клара қарындасымыз екенін атап айту керек!..
Осы үлкен ұжым – «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің облыстық «Atyraý» газетінде шыңдалып өскен кішкентай қыз – бүгінде салиқалы қызметкер, кейінгі жастарға тәлімгер ұстаз, үлкендерге ибалы келін, қарындас, әріптестеріне сыйлас құрбы, жаны жайсаң, әрдайым қабақ шытпай шуақ шашып жүретін жан. Отағасы Беймұрат екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының тұтқасы. Үлкен қызын ұзатып, жиенді болып, әже де атанды.
Адал да тынымсыз еңбегімен ұжымның құрметіне бөленіп келе жатқан Клара Елеусінова өзінің басты міндеті де, жұмысы да журналистер қызметіне жігер беру, техникалық сапалы қолдау көрсету екенін айтады. «Онсыз жақсы басылым, газет, яғни «халықтың көзі мен құлағы» шықпайды», — дейді ол.
Расында да солай. Иә, еңбегіңіз жемісті бола берсін, бүгінгі тамаша жасыңыз – қос бестігіңіз құтты болсын!
Ермек БИҒАЛИ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Аtyraý» газеті бас редакторының
бұрынғы бірінші орынбасары