Өткеннен алған сабақ мол

img 9984 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Бір ғасыр – адам ғұмыры үшін тұтас бір дәуір. Ал, бір ұжымға мұнша уақыт бірнеше дәуір белесі десек, қате болмас. Себебі, ұжымдық ынтымақпен 100 жыл бойы қажымай-талмай еңбек етудің жүгі ауыр. Осынша кезеңде талай басшының делбе қағуы да сан түрлі болары өзінен-өзі түсінікті. Ұжымның қалыптасып, ілгері басуы да сол қағысқа қарай болады.

Жаңа дәуір басталған ХХ ғасырдың 20-шы жылдары кім-кімге де оңай болған жоқ. Қай құрылымның қандай бағытта өрлеуін әр сала еңбекшілері өздері бағамдағаны анық. Ең бастысы, сол дәуірдегі идеологиялық ұстаным бір еді. Социализм кезеңі қалыптасып үлгермей-ақ «Коммунизмге – алға!» деп ұрандатқан шақта, оқу-тоқуы аз халқымыздың біраз алаөкпе болғанын мойындау керек.

Міне, сол шақта, турасын айтқанда 1923 жылдың 1 сәуірінде қазіргі Атырау қаласында «Ерік» («Свобода») деп аталатын газеттің алғашқы саны жарық көрді. Ол кезде Гурьев атауымен танылған қалада қазіргідей аспанмен таласа бой түзеген, самсаған ғимарат та жоқ. Бас-аяғы бірнеше көше, ондағы ауқаттылардың санаулы ғана қос қабатты үйлерінен өзге еңсесі биік ғимарат Успен соборы, қалалық мешіт және түрме болатын. Бастапқыда осының өзі-ақ Гурьевтің абырой-беделін әжептәуір көтеріп тұрды. Кейін кеңестік «шолақ» белсенділер әр жерде жиын өткізіп жүріп, Атырау жұртының сана-сезіміне ықпал ете алмасын түсінді ме, әйтеуір білім-сауаттың кең таралуына ықпал етер бірден-бір тәсіл – газет шығару жұмысын жандандыру деп түсінді. Ол рас та еді. Әліпті таяқ деп білмейтін адамға сауатты сөз айтып, өресін өркениет ісіне бұрудың қаншалықты қиын екенін талғамы биік, көшелі жан ғана түсіне алар, сірә.

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев – атақты Хамаң өзінің бала кезіндегі елдің газет оқуға деген талап-құлшынысын былай деп суреттейді:

«…Ел ішіндегі егде сауатсыздар мал жайлап алған соң кешке қарай жиналатын да, жәдитше жүргізе білетін біреуге осы газетті оқытатын, өздері ұйып отырып тыңдайтын. Бұл басқосуда болмағандарға болғандары ауызекі айтып жеткізетін. Сөйтіп, ол кездегі жұрттың көпшілігі бұл газетті көзбен емес, құлақпен оқитын. Сол құлақпен оқитындар санатында мен де болғам…

– Пай-пай, әлгі бір өлеңді қайта оқып жіберші. Бай мен кедей арасын келтіріп-ақ ашқан, шебер қиысқан шежіре сөз екен өзі. Жазған кісінің аты Сәкен дедің бе?

– Осы Сәкендер көбейе берсе және де әлгі бір байды мақтап баспақ алғыш, өңешін сатқан өлеңшілер құри берсе жөн.

– Атаңа нәлет ақ банды демекші, жауы түскір жанталасқанда елге жаман тиіп еді. Мал жайылымын, пішендікті, үйілген шөптерді де өртеп кетіп еді-ау иттер! Ауызсулық  құдыққа у салғаны да рас. Мына жазылғандардың бір өтірігі жоқ, бәрі рас, бәрін де көзбен көргенбіз.

– Ей, сен көргенбіз дейсің, мына кәзит жазып отырған Құлмұқанның оқиғасы тура менің басымда болды ғой. Мекалайды мен өлтіргендей-ақ, қараша үйімнің құрым туырлығын қылышпен турап, өзімді өлердей сабап, қатынымның бұрымын кесіп кеткен. Жалғыз құнажынды жаудан жасырып қала алмасам, кейін кімнің шандырын тартар ем?! Ал мына кәзиттегі Құлмұқан – құдды мен. Айырмамыз – мен жаудың біреуін өлтіре алмасам да, өлмей қалдым, ол біреуін өлтіріп өлген екен. Аз-за-ма-ат!..

…Құйттай құлақпен біз оқыған бұл газеттің хабарлары ол кезде осылай сөйлеуші еді…»

Шынында да, сол заманның адамдары осындай аңқау, аңғал, сенгіш еді.

Адамзат тарихы аршындап ілгері басқан сайын шынайы ақпараттың қажеттігі айқын аңғарылып келеді. Әрідегі тарихты тәптештеп қайтейік, 2020 жылғы әлемді пандемия жайлағанда да, 2022 жылдың алғашқы аптасындағы елде «төтенше жағдай» жариялауға душар еткен қиын күндерде де газеттің халыққа қаншалықты керек екендігі байқалды. Себебі, интернет болмай, ұялы байланыстың өзі бұқараның сұранысын өтей алмай қалғанда, оқырмандар редакцияға газет сұрап келіп, тіпті, оның қай жерде сатылатыны жөніндегі сұрақтар редакция телефонына тыным берген жоқ. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) екенінің дәлелі осы болды!..

Бүгінде әлеуметтік желінің зардабы ма, әлде шыны сол ма, бәлкім бұқараның білігі аз ба, кім білсін, әйтеуір қазіргі адамдар бұрынғы дәуірлерді жоққа шығарып, барлығын жаңартуға әуес. Айталық, сол ХХ ғасырда тек Кеңес Одағына қараған ұлт пен ұлыс емес, барша жер жүзі халқының басым бөлігі дерлік бірнеше құрылымдық формацияны бастан өткерді. Біріне енді ғана көндігіп келе жатқанда билік ауысып, жаңаша даму бағытына көшу еріккеннің ермегі болған жоқ. Ол айдай ақиқат. Сол кезде де халықтың көзін ашып, сауаттылыққа тәрбиелеген, мемлекеттің саясатын егжей-тегжейлі түсіндірген мерзімді басылымдар-тұғын.

Қазақ даласында «ақ» пен «қызыл» ауысып, дүбәра жұрт не болғанын түсінбей дүрлігісіп жатқанда, ормандай орысқа арқасын беріп жатқан Қазақстанның батысындағы өңірлерде бірінен соң бірі газеттердің шыға бастауы осы мақсатты көздеген еді. Атап айтқанда, қазіргі Ақтөбе облыстық «Актюбинский вестник» газеті 1918 жылғы 19 маусымда, ал «Ақтөбе» газеті 1924 жылы 7 маусымда, қазіргі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 1918 жылғы 17 қарашада, 1920 жылдың 8 қаңтарында Гурьев ревкомы мен уездік комитетінің бюросы – «Прикаспийская коммунаның» алғашқы номері жарық көрді. Соның ізінше, нақты айтсақ, 1923 жылғы 1 сәуірде қазіргі «Аtyraý» газетінің тұңғыш саны төте жазумен (араб әліпбиі) «ЭРК» («Ерік») деген атпен шықты. Ол кездегі ахуалды сөзбен айтып жеткізу қиын, көзбен көру керек.

Ғажабы сол, газеттің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында электронды (сандық) нұсқадағы архивін жинамақ оймен сол кездегі «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің басшылығы біраз тер төккен екен. Сонда қолға түскені – бергі дәуір, 1936-1945 ж.ж., 1965-1999 ж.ж., 2001 ж., 2004-2006 ж.ж., 2004-2010 ж.ж., 2013-2022 ж.ж. аралығындағы газет номерлері. Бір олқылығы, оның өзі де ұялы телефонға түсірілген және беті толық емес. Сосын біз тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметтің кеңесімен Ресей мемлекеттік кітапханасына арнайы хабарласып, газеттің тігіндісін сандық нұсқаға көшірудің мүмкіндіктерін сұрастырғанбыз. Сауалымызға құлақ асқан репрография бөлімінің қызметкері Елена Ананина жедел жауап қатып, кітапхананың Химки қаласындағы (Мәскеу маңы) филиалында газеттің атауы ауысса да, 1923-1992 жылдардағы тігіндісі түгел сақталғанын айтты. Тіпті, 1923 жылғы «Еріктің» 1-14, 16, 18-24, 16 және 28 номерлері (барлығы 25 номер), 1924 жылғы 29, 1925 жылғы 60, қысқасы, 1923-1930 жылдар аралығындағы 384 номер бар екен. Құнды нәрсенің қымбат болатын жөні ғой, біздің сұрағанымыздың бағасы да арзан емес көрінеді.

Ең бастысы, «Еріктен» «Аtyraý»-ға дейінгі жылнаманың толық тігіндісі табылды. Ендігі мәселе – уақыттың еншісінде.

Өкінішке қарай, газеттің арғы-бергі тарихын айтатын, сол дәуірдің көзі тірі куәгері жоқ. Амал не, тарихтың дөңгелегі осылай айнала береді. Оны тоқтатуға дәрмен жоқ әзірге.

Сол себепті біз осы жинақты редакция қорынан арнайы іздеп тауып, «Қалам ұшындағы ғасыр» деген тақырыппен оқырманның назарына ұсынғанды жөн санадық. Жазу машинкасымен басылып, әбден сарғайған парақтар жинағы 130 беттен тұрады екен. Оның сыртына «Газеттің 50 жылдығына дайындалған Естеліктер кітабы. Шықпай қалған…» деп жазып, «Аtyraý»-дың абызы атанған Шөпенғали Дәуенұлы қол қойыпты. Яғни, 1973 жылы дайындалған газет шежіресін енді қайтып әңгіме ететін жан жоқ екенін мойындаған жөн. Сондықтан, редакция алқасы мұны компьютерде теріп, газеттің 100 жылдық мерейтойына орай кітап түрінде шығарып отыр. Оған газеттің ғасырлық тойы қарсаңында басылым бетінде жарық көрген мақалалар да қосылды.

Ерекшелігі сол, бұдан жарты ғасыр бұрын қазіргі Маңғыстау облысының аумағын қоса алғанда, сонау Түркімен шекарасынан Астрахан түбіндегі Азғырға дейінгі ұлан-байтақ аумағы бар Гурьев облысының күнделікті тыныс-тіршілігі аптасына бес рет шығатын осы газеттен табылушы еді.

Біздің көңілімізді тоғайтар жайт – белгілі жазушы, драматург Берік Қорқытовтың бастаған газет жылнамасын тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы біршама уақытын сарп етіп, батыс өлкесіндегі баспасөздің, соның ішінде «Atyraý» газетіне қатысты тарихты көз майын тауысып түгендеп шықты. Дегенмен, әлі де оның кейбір нақтылайтын, жаңаша көзқараспен қарап мошқай түсер тұстары да жоқ емес. Мысалы, сонау 1920-1930-ншы жылдары шыққан «Жұмыскер жас», «Путина» атты қосымшалар, 1990-1992, 1996-2001 жылдары жарық көрген «Атамекен» әдеби-тарихи серігі, тіпті 1930 жылғы 4 қаңтар мен 1933 жылдың 15 қыркүйегі аралығында Гурьев округінің органы ретінде шыққан «Жұмысшы тілі» газеті жөнінде де мәлімет-дерек аз. Мұны басылымның жылнамасын ғылыми негізде жүргізген Қ.Сүндетұлының өзі де жоққа шығармайды.

Газет жылнамасындағы айтулы оқиға – 100 жылдық мерейтой қарсаңында редакция ұжымының күш салуымен бүгінде марқұм болған газет ардагерлері – жазушы-драматург Берік Қорқытовтың есімі қаладағы «Самал» шағынауданындағы, бас редакторлар Теңдік Жауыров пен Құмар Кенжеғалиев, бас редактордың орынбасарлары Әбуғали Ғабдуллин мен Шөпенғали Дәуеновтің есімдері Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Жұлдыз» шағынауданындағы, газеттің бұрынғы қызметкері, белгілі фельетоншы Нұриден Муфтаховтың есімі Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы, газеттің Жылыой ауданындағы меншікті тілшісі Бақытжан Боздановтың есімі Құлсары қаласындағы көшелерге берілді.

Әлбетте, қазір «Аtyraý» аптасына екі рет шықса да, замана туғызған ақпарат алмасу тәсілі – әлеуметтік желімен деңгейлес дәрежеде көрініп келеді. Түрлі ресурстарда сәт сайын жаңарып жататын мың сан ақпарат-хабарлардың орнын баспағанмен, газеттің atr.kz сайты арқылы маңызды жаңалықтар оқырманын тауып отыр. Оған қоса, газетке жарияланған толымды мақалалар мен оқырманның ой-пікіріне де сайттан орын берілген.

Жалпы облыс баспасөзінің өсу жолын білмекші болған адам бір ғасыр белесінде жарық көрген 20 735 номерден көп мағлұмат алады, қызықты деректер табады. Өйткені, бұл – тарихтан жеткен тәбәрік. Ал, өткеннен алар сабақ мол.

Ғасырлық той құтты болсын, қымбатты «Аtyraý»!

Назарбек ҚОСШИЕВ,

облыстық «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз