Есте жүрген естеліктер
«Айналайыныңызды» сағындық қой, асыл аға…
Ғайнолла Зинуллин десе, ағайды білетін жанның бəрі: «О-оо, ол кісінің «жаным», «күнім», «айналайыны» неге тұрады!» дейді. «Жүзі игіден түңілме» демекші, ағайдың жүзінен иманы төгіліп тұратын. Алдымен əкелерінен, артынша аналары – Гүлнəр апамыздан айырылған Зинуллиндер əулетінің барша ұрпағына, əсіресе, үнемі бізбен байланысып тұратын Анаргүл Ғайноллақызына тек жақсылық тілейміз.
«Бажа-бажа, бол, бол!»
Баспасөз клубында өткен басқосудан шығып, дəлізде сапырылысып келеміз. Кенет менің артымнан: – Бажа-бажа, бол, бол! — деген таныс дауыс естілді. Мен түкке түсінбей: – Маған айтып келесіз бе, ағай? — деп, танымал қаламгер, өлкетанушы ағамыз Өтепберген Əлімгереевке сұраулы жүзбен қараймын. Ештеңеден асып-саспаған ағайымның: – Иə, саған айтам! Сіздің үйдегі Адай, біздің үйдегі Адай — енді бажа болмағанда кім боламыз?! — демесі бар ма?!
«Ол – дежурныйдың дежурныйы!»
Тоқсаныншы жылдардың іші. Ол кезде газет облыстық баспаханадан басылады. Кезекші болғанда түнімен, тіпті таңға дейін жүреміз. Кейде үйге тасымалдайтын көлік болады, кейде бұзылып қалады. Сондай күннің бірінде мені жолдасым алып кетуге келді.
Мұны көрген қасымдағы кезекші редактор Қилыбай Қуанышбаев ағай: – Əй, қыздар, мына менің бауырыма шəй беріңдер! Ол босқа жүрген жоқ, ол – дежурныйдың дежурныйы! — деп бəрімізді күлкіге көміп тастайтын марқұм.
Қайран, Елена, сенің орның бөлек-ті…
Əріптесіміз Елена Таңбаеваның жұртқа жасаған жақсылығын айтып тауыса алмаспын. Бүгінде көзін көре қалғандар, оны сағынышпен еске алып жүреді.
– Шіркін, зейнетке шығып, іштегі шараларға жетектесіп келіп жүрсек қой! — деуші еді марқұм. Жолдасы Бекбол 37 жасында өмірден өткенде, орта сыныптарда оқитын қос ұлы – Нұрберген мен Дəуренін «ел қатарына қоссам, солардың қызығын көрсем» деп армандайтын. Не дейік, иманың жолдас болсын, жан құрбым Елена. Артыңда өмірлеріңді жалғар ұрпақ бар. Соған тəуба…
«Бермен келші, анауың не?..»
Көпір аузындағы редакция үйіндеміз. Түстеніп, асыға-аптыға ішке енгенім сол еді, соңымнан келе жатқан хатшы Бəтима Құспанғалиева апай:
– Əй, Лиз, тоқта! Бермен келші, анауың не?! — демесі бар ма. Өзім кешігіңкіреп, Жаңбырбай Сұлтанғалиев ағай байқап қоймасын деп шауып келе жатқандықтан, тоқтай алмай, №15 кабинетке зып еттім. Соңымнан жүгіре басып ішке енген Бəтима апам:
– И-и-и, шашбауының түрін қара! — деп ішек-сілесі қата күліп жатыр. Сөйтсем, түстеніп отырғанымда үйдің кішісі, үш жасар Дархан тілерсегіме түсетін ұзын бұрымымның соңына қос кір қыстырғышты тағып жіберіпті. Бəрінен бұрын сол күйімде орталық көпір үстімен, көп көзінше жүріп келгенімді айтсаңызшы!
Бала мінезді Жұмабай ағайым-ай…
Қолынан қаламы, ұртынан темекісі түспейтін Жұмабай Төлегенов ағаймен бір кабинетте он жылдай бірге отырдым. Көзді ашып-жұмғанша өлеңді төгіп, мақаланы өндіріп жазып тастайтын ағамыз бала мінезді еді-ау. Сəл нəрсеге қуанып, болмашыны көңіліне алып қалатын. Əсіресе, жалақы алғанда үйіне телефон шалып, мектептің орта жəне бастауыш сыныбында оқитын ұл-қызы Жаңылсын мен Дəуренін шақырып алады да:
– Мамаларыңа айтпаңдар, мынау – сендерге! — деп тиын-тебенін ұстатып, мəз ететін.
«Жалғыздың жайын бір кісідей-ақ білемін…»
Ол серіктестікті білікті де тəжірибелі журналист ағамыз Төлеген Берішбайдың басқарып тұрған кезітұғын. Отбасылық жағдайыма байланысты біраз қаражат қажет болып, директордың қабылдауына кірдім. Əңгімемді, алдына келу себебімді асықпай тыңдаған Төкеңнің:
– Мұндайда бірге туған бауыр, ағайын-туыс қарасады. Неге солардан көмек сұрамайсың, Лиза қарындасым?.. — дегені.
Мен біреудің жалғыз қызы екенімді, шын жанашыр адамның жоқтығын айттым. Басын шайқап, менің жағдайымды бар жан-жүрегімен түсінген ағайым меселімді қайтармай, өтінішімді қанағаттандыра отырып:
– Иə, қарағым, «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар. Сенің күйіңді бір кісідейақ түсініп отырмын… — деді. Аман жүріңізші, жақсы аға!
Дайындаған Лиза СЕЙТІМОВА