Басылымның ең ұзақ Бас редакторы болған
Түсіп Бисекенов елдің де, өз ортасының да ардақтысы бола білді
Әр ұжымның өз арасында алабөтен сыйлы болуымен қатар қоршаған ортасына, ел-халқына жағымды мінез-құлықтарымен, ерекше қасиеттерімен, қабілет-қарымдарымен, өткір әзіл-қалжыңдарымен аса қадірлі, айрықша танымал тұлғалары болады. Сондай бүтін бітімді абзал азаматтардың бірі, бірі ғана емес бірегейі облыстық «Аtyraý » газетінің ұзақ жылдар бойғы басшысы (ол кезде бұл лауазымды редактор деп атайтын) болған журналист, қайраткер тұлға Түсіп Бисекенов еді.
Гурьев (қазіргі Атырау) қаласымен іргелес №17 ауылдағы Бисекен мен Ғазизаның отбасы 1928 жылғы шілде айының 11-інде үлкен қуанышқа кенеледі. Ол бір шалқымалы сәтке себеп шекесі торсықтай кішкене сәбидің дүние есігін ашуы еді. Балықшылықты ата кәсібі еткен әулет мәре-сәре күй кешіп, өмірге жаңа келген нәрестеге Түсіп деген есім лайықты деп ұйғарысады. Кейін Ұлы Отан соғысы кезеңінің қалың көпшілікке түскен зілбатпан ауыртпалығын бірге кешкен бозбала өсе келе елгезектігімен, жұртпен тіл табысқыштығымен, ақжарқындығымен таныла бастайды. 1943 жылы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің редакциясына корректордың көмекшісі болып қызметке орналасқан ол аз уақыттың ішінде өз ортасының сүйкімдісіне айналады. Іле-шала оған корректорлық міндет жүктеледі. Сол салада жүріп тырнақалды хабарларын, шағын-шағын мақалаларын жазуымен көзге түседі де С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсуге жолдама алу құқығын иеленеді. 1948 жылы оқуын тәмамдаған соң өзінің ілкі еңбек жолын бастаған редакциясына қайта келіп, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Бұрқытып мақала, корреспонденция, репортаж жазуларын үдетеді. Ортасында облыстық партия комитетінің «Үгітші блокноты» басылымының жауапты хатшысы қызметінде істеп, саяси-идеялық өрісін бұрынғыдан да кеңейте түседі. Содан кейін Түсіп Бисекенов СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданып, білім деңгейін одан әрі жетілдіру мүмкіндігін алады. Мәскеуден оралған соң облыстық «Социалистік құрылыс» газеті редакторының орынбасары қызметін атқаруға кіріседі. Араға үш жыл салғаннан кейін республика органдарының келісімімен, обком бюросының шешімімен сол газеттің редакторлығы лауазымына тағайындалады. Бұл сыралғы болғанмен сындарлы, сияпатты болғанмен жауапкершілігі аса жоғары қызмет еді. Жастайынан газет жұмысымен біте қайнасып, түрлі жанрлардың құпияларына қаныққан, оларды жазудың, оқырманға ұсынудың ұңғыл-шұңғылын бір кісідей меңгерген Түсіп Бисекенұлының редакцияның сан салалы жұмыстарын қамшы салдырмай, дөңгелентіп алып кетуге шама-шарқы әбден жетті.
«Коммунистік еңбек» газетін Түсіп Бисекенұлы басқарған жылдарда Маңғыстау, Ембі мұнай-газ кеніштерін игеруден, Гурьев-Мартыши мұнай құбырының, Гурьев-Ақтау темір жолының, Гурьев полиэтилен зауытының іске қосылуынан, облыстық драма театрдың жаңа ғимаратының салынып бітуінен, Жайық өзенінен темірбетонды көпірдің ашылуынан, ауыл шаруашылығының, балық өнеркәсібінің қарқынды даму жолдарынан және тағы басқа салалардағы жетістіктерден қыруар мақалалар, репортаждар, очерктер жазылып, өңір тынысы баспасөз беттерінде кеңінен көрсетілді. Редакциялық сәрсенбіліктер өткізу дәстүрге енгізілді. Жұмысшы-село тілшілерінің жұмыстарын жақсартуға, оларды облыс орталығына шақырып семинар-кеңестер өткізуге жете ден қойды. Бірнеше жыл қатарынан облыстық журналистер ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Осындай іргелі де жемісті жұмыстарына орай облыстық газет 1973 жылғы КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Екі жылдан соң Түсіп Бисекенов те «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (ол қазіргі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының мәртебесімен бірдей) құрметті атағына ие болды.
Өзі басқарып отырған газеттің абырой, беделін арттырып, асқақтату жолында ештеңеден тайқып, тайсалмайтын, қорқып, бұқпантайламайтын кәдімгі ер жүректің нақ өзі осы Түсекең болатын. Әділдіктің ақ семсері атанған азулы журналист Нұриден Мұфтахтың «Айғыр атқан Әзірбаев» атты аты шулы фельетонын газет бетіне шығарудағы сол кездегі басылымның басқару тізгінін қолда ұстаған Түсіп Бисекеновтің ерен батылдығына, қайтпас қайсарлығына не жетеді?! Фельетонды жазар алдында Нұриден бұл жолы оның жағымсыз кейіпкеріне айналуға тиісті облысқа белгілі, түу деген түкірігі жерге түспейтін айтулы кәсіпкер Әзірбаевтың өзімен бетпе-бет кездесіп тілдеседі. Оқиғаның жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін егжей-тегжейлі айқындайды.
Содан кейін Әзірбаев тілшіні өз машинасымен барар жеріне жеткізбек болады. Бірақ Нұриден үйімнің қай жерде екенін білмей-ақ қойсын деген оймен жолдан түсіп қалады. Көліктен түсерде айғыр атушы тілшіге: «Ал, інім, енді не істемек ойың бар?» деген сұрақ қояды. Күлбілтені білмейтін Нұрекең газетке жазатынын жасырмай, ашық айтады. Осы жайтты әріптес інісі, республикалық «Заң және заман» журналының, «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған Самат Ибраим «Еменнің иір бұтағы» деген мақаласында: «…Ертесіне редакцияға келсе, бас редактор Түсіп Бисекенов: «Сен Әзірбаевпен сөйлестің бе?» дейді. «Сөйлестім, жазамын». «Онда тез жаз, түнде бір топ ақсақал, ішінде Әзірбаевтың өзі де бар, маған келіп жазбауды өтінді. Кешіктірсек, тағы біреулер араласады…». Содан 1965 жылы 31 қаңтарда Әзірбаевпен сөйлескеннен кейін екі күннен соң әлгі фельетон газетте жарқ ете қалады» деп жазды. Шынында да Түсекеңнің айтқаны айна-қатесіз келіп, тағы да фельетонға тұзақ құрушылар көбейіп кетеді. Олардың қарапайым біреулер емес, қолында билігі бар, сөзі өтімді дөкейлердің өздері болғандығы неткен сөлекеттік десеңізші?! Бірақ фельетонды шығаруға рұқсат етіп, қолын қойып үлгерген редакция басшысын індете іздеушілер қанша әлектенсе де жұмыс орнынан таба алмай сандарын соғып қалады. Газеттің мүддесі, қарамағындағы журналистің беделін, намысын қорғау жолында осындай әрекет, қулық жасауға дейін барады. Міне, бұл «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық нақылын өзіне қағида етіп ұстаған Түсіп Бисекенұлының көзсіз ерліктерінің, батыл байламдарының мыңнан біреуі ғана.
Енді бірде газеттің өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі Айтқали Нұрғалиевтің «Шығасыға иесі басшы» деген фельетонға татырлық сын мақаласында жазылған сыни фактілермен келіспей, жоғары жақтағылар тарапынан шабуыл басталғанда бас редактор кеудесін оққа тосқан баһадүр батырлардай қасқайып қарсы тұрып, мақала авторын қорғауға көшті. Түсіп Бисекенов күн сайын ара құрғатпай обкомға шақырылды. Оған «Әсіресе, «Гурьевмұнайгазбарлау» аймақтық басқармасының бастығы Біләл Хахаевты мінеп-шенеуге қандай қақыларың бар» деген мазмұнда дөң айбат көрсетілді. Сондағы қоятын кінәлары: «Облыстық партия комитетінің мүшесін бізбен келіспей неге сын садағына ілесіңдер» болды. Алға қарай обком бюросында қарайтындарын алға тартады. Ақырында тығырыққа тірелген редакция мақаланы шапшаңдатып Қазақ КСР-ның Геология министрі Сәкен Шақабаевтың атына жібереді. Ол болса көп ұзатпай өзі қол қойған министрлік алқасының шешімін обкомға жолдайды. Онда «Газет мақаласы министрліктің алқа мәжілісінде арнайы қаралып, сын орынды деп табылды. Апаттың орын алуына жол берген аймақтық басқарма бастығы Хахаевқа қатаң сөгіс жарияланды…» деген бағыттағы көлемді жауап газет бетіне жарияланғаннан кейін барып әйтеуір тыныштық орнады. Бұл сөз жоқ бас редактордың өз басын бәйгеге тіккен табандылығының, қайтпас қайсарлығының арқасы еді.
Түсекең тіпті азуы алты кере облатком төрағасының идеология жөніндегі орынбасары Сұлтан Өжкеновтің өзін бет-жүзге қарамай сынмен түйреуге жол ашқан редактордың өзі. Бірақ сол бір жайтты Сұлтан Өжкенов те, Түсіп Бисекенов те дым болмағандай, қызмет бабындағы сын-ескертпе деп қабылдасты.
Ол жазира жазықтай кең маңдайы жарқырап, көз нұры шырадай жайнап, жүзінен күлкі табы арылмай, жайдары жүретін азаматтың атаулысы болатын. Оның өмірлік серігі болған Сара Мұсағалиеваның өзі де біздің бұл пайымымызды беркіте түскендей:
– Қашанда ақжарқын кейпінен танбаған Түсіп қаймана қазақтың қай-қайсысымен де жатсынбай етене араласатын. Әзілқой, тілге шешен, сөздің жөн-жосығын біліп, тауып сөйлейтін алғыр, зерек, ізденімпаз азамат болды. Сонысымен отырған ортасын билеп кететін. Ойындағысын бүкпесіз ашық айтып тастайтын. Біреуге ренжісе де қайтымы тез. Менің де басшылық қызметтерде алаңсыз қызмет істеуіме жағдай туғызды, — деп еске алды.
Сара Махмудқызы ойға оралтқанның шет-шепірін біз де көріп қалғанбыз. Түсіп Бисекеновтің өзі бастап облыстық театрдың директоры Кененбай Өтегенов, облатком төрағасының орынбасары Орынбасар Еркінов, автотранспорт басқармасының басшысы Серік Жаниязов, Атырау балық құты комбинатының директоры Қайыржан Әлиев қоштап, әзіл-қалжыңдары жарасқан бесеуінің бастары бір жерге тоғыса қалса ойын-күлкінің небір шұрайлысы, іліп-шалмалардың, тапқыр сөздердің көкелері көмейлерінен лек-легімен ағытылып, бір-біріне дес берісе қоймайтын. Көбінесе Түсекең сол бір сұрапыл сөз додасында тізгінді қолда берік ұстайтын. Тез ойлап, ұтымды сөйлеуден жаңылыспайтын айтқыштар еді-ау. Сол құрдастар мен қатарластардың комедияға бергісіз әзіл-қалжыңдарын, іліп-қақпаларын әлгіде айтқанымдай көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Ғажап демеске әддім қалмайтын.
Қазақтың мақал-мәтелінде айтылғандай, «Жақсы адамның мінезі шай орамал кепкенше» дегендей, Түсекең кейде қарауындағы қызметкерлерінің, журналистердің орынсыз қылықтарын, жіберген жөнсіз қателіктерін, жазудағы салдыр-салақтықты көріп, байқағанында ренжіп, бұрқ-сарқ етіп дауыс көтеретіні бар да, біршама уақыт өтпей-ақ алдына қайта барсаң жанары жаздың жайма-шуақ күніндей жадырап, әлгі ұрысқанының бәрін лезде ұмытып кететін ақкөңіл, ақжүрек басшы болды. Айтатын ақыл-кеңестерін мақал-мәтелдермен көмкеріп, нақты мысалдармен тұздықтап, кіммен қалай сөйлесу керектігін, барған жеріңнен қажетті фактілер мен деректерді алудың әдіс, тәсілдерін мұқияттап түсіндіріп, жұмыс бөлмесінен шығарыңда жаныңды жайсаң күйге түсіріп жіберетін. Бірде облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Аtyraý») газетінің меншікті тілшісі қызметінде жүргенімде Қызылқоға аудандық партия конференциясынан берілетін есеп-репортажды әдеттегі мақаладай асықпай жазамын деп газетке шығу мерзімінен кешіктіріп алғанымда редакция алқасында талқылап, менің шаңымды қағып, сілкіп-сілкіп алып, артынан Түсіп Бисекенұлының өзі оңаша алып қалып мән-жайды бажайлап түсіндіргені қандай пайдалы болғанын қаншама жылдар өтсе де ұмыта алар емеспін. Өмір сабағы еді бұл.
Газеттегі жеделділік – оған жететін не бар?! Бас редакторымыз жедел жазып, жазылғанды басылым бетінде жедел жариялауды жаны сүйіп, оны бәрінен бұрын алғы кезекке қоятын. 1974 жылғы мамырдың 29-ында Қызылқоға ауданы жас қой өсірушілерінің бірінші слетінен Түсіп Бисекенов екеуміздің «Жайнады жайлау жастармен, Таласты табыс асқармен» деген тақырыпта А2 форматтағы газеттің екі бетін және тағы жарты бетке жуық орнын алған репортажымыз жарық көрді. Басшымыз редакцияда менің жазғандарыма машинкаға тікелей жазу арқылы өз қолтаңбасын және жиынның баянсөздерін қосып, кезекті нөмірге жедел жария етті. Сол бір жеделділік редакция алқасында әдейі аталып өтіліп, мақтау, мадақтаудың биік мәртебесіне ие болғанымыз бар.
Түсіп Бисекенұлымен мен тасшағылдық аға шопан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалыбай Жұмағалиевтің, «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының қой өсіруші «Қарлығаш» комсомол-жастар бригадасының Ленин орденді тәлімгері Орынбасар Қазмағамбетовтің ауылдарында қайта-қайта болып, тыныс-тіршіліктерімен жете танысқанбыз. Кейін Қалыбай Социалистік Еңбек Ері атанып, қуанышты сәттен газетте репортаж берілді. Ал Орынбасар бастаған жастардың еңбек тынысы Түсіп Бисекенұлы екеуміздің авторлығымызбен «Туған жердің түлектері» деген тақырыппен газетіміздің екі нөмірінде және 1975 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Жас қайрат» атты жинақта жарияланды. Сөйтіп, ол мені өз қанатының астына алып тәрбиелеп, жазуымды, журналистік шеберлігімді жетілдіруге әкемдей қамқорлық жасаған тұлға. Оны ешқашан да ұмыта алмаймын.
1977 жылдан бастап 10 жыл Түсіп Бисекенұлы Баспа ісі, полиграфия және кітап саудасы облыстық басқармасының бастығы қызметінде болған жылдарында да облыстағы баспасөздің барлық саласымен тікелей байланыста болып, газеттердің уақытылы, сапалы шығуына басшылық жасады. Бірде оның:
– Мен үшін аудандығы бар, облыстығы бар газеттердің бәрін бөле жармаймын ғой, дегенмен өзім он алты жыл басшылығында болған «Коммунистік еңбек» газетіне бүйрегім бұрады да тұрады,- деп мәз болғаны бар.
Енді қайтсін-ау, сол он алты жылдың сыртында корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерінде болған (ҚазМУ-да, партия мектебінде оқыған, «Үгітші блокнотында» жауапты хатшы болған жылдарын былай қойғанда) он екі жылдай мерзімі тағы бар емес пе?! Өмірінің соңғы кезеңдерінде Қызылқоға ауданындағы «Гурьев» кеңшарына келгіштеп жүріп, оның директоры болған бірнеше ордендер мен атақтардың иегері Сайпол Мұқанов туралы қалам тербеді. Ақкөңіл ағамыз кітаптың атауын он ойланып, жүз толғанып жүріп «Саңлақ Сайпол Мұқанов» деп қойсам қайтеді, жараса ма?» деп ақылдасқан да еді. Кейін кітабын көріп, көзайым болғанбыз. Осынау орасан зор қаламгерлік, ұйымдастырушылық еңбектерінің шоғыры өз уақытында әділ бағаланды да. «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атануымен қоса бірнеше мемлекеттік наградаларды кеудесіне тақты. Облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып бірнеше дүркін сайланды. Журналистер съезіне талай рет делегат болып қатысты.
Түсіп Бисекенұлы өзіне тіршілігінде жан серігі болған, «Халықтар достығы» орденінің иегері Сара Махмудқызымен тату-тәтті өмір сүрді. Облыстық партия комитетінің оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі, облыстық оқу бөлімінің басшысы сынды аса жауапты қызметтерді атқарғанда Сара Мұсағалиеваға жолдасы Түсекең оған берік тірек, сенімді сүйеніш бола білді.
Иә, ол екеуінің өмір жолы өз арнасымен жүріп келе жатқанында аяқ астынан ұлдары, полиция майоры Асқар Бисекенов қылмыскерді ұстау барысында оның қолынан қапияда қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға әке мен анаға оңай тиген жоқ. Асқардың соңында жары Роза, қызы Айнұр қалды. Айнұр мың болғыр жігіт Ильясқа тұрмысқа шықты, балалы-шағалы. Түсіп пен Сараның екінші перзенттері Алма ғалым, Атырау мұнай-газ университетінде қызмет істеді. Жолдасы Талғат екеуінен де ұрпақ бар. Әріптес басшымыз, ақылман ағамыз, қадірменді Түсіп Бисекенұлы 1998 жылғы қазанның 19-ында 70 жастан асқан шағында бұ дүниеден өтті. Көзі тірі болса биыл жасы 95-ке толып, өзі басқару тетігін ұстап, еңбегі сіңген сүйікті басылымы «Аtyraý» газетінің 100 жылдық мерейтойын бірге тойлап, мәре-сәре болып отырар ма еді. Әттең… Баласы Асқардың қапыста бақилық болу қайғысы еркөңілді азаматты ерте түсіріп кетті. Ал оның зайыбы Сара Махмудқызы таяуда наурыздың 14-і күні 94 жастың есігін ашты. Қоғамдық ортадан қол үзген жоқ. Бір жақсысы, Бисекеновтер отбасында көңілге демеу болатын ізгілікті жайттар, шүкір, аз емес. Солардың бірі – әке мен балаға да, демек, Түсіп Бисекеновке де, Асқар Түсіпұлына да Атырау қаласындағы екі көшеге екеуінің де есімдерінің берілуі. Отан үшін, ел үшін беріле еңбек еткен, жанын пида етіп жанқиярлық көрсеткен ерлердің, жақсылардың аты өлмейді деген осы болса керек.
Облыстық «Аtyraý» газетінің жүріп өткен жолындағы ең ұзақ жылдар бойы бас редактор болған журналист ретінде тарих қойнауынан берік орын алған, елдің де, өз ортасының да ардақтысы бола білген Түсіп Бисекеновтың аты-жөні ешқашан ұмытылмайды. Ол әрқашан бізбен бірге болып, мәңгі жасай береді.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі, әріптес шәкірті